М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінде талапкерлерге арналған ашық есік күні өтті.
Онда болашақ студенттер үшін көптеген қызықты бағдарламалар ұйымдастырылды, сонымен қатар, талапкерлер таңдаған мамандықтар бойынша өздерін қызықтырған түрлі сауалдарға жауап алды.
“Іс-шара талапкерлерге университет пен мәдениеті туралы жағымды түсінік қалыптастыруға ықпал ете отырып, білім беру және ойын-сауық мүмкіндіктерінің алуан түрлілігін ұсынуды көздейді”,-дейді университет ректоры Арман Исмаилов.
Кездесуді университет вице-президенті ашты, ол университет, оның тарихы мен ерекшеліктері, сондай-ақ ЖОО-да оқу перспективалары туралы әңгімеледі. Сонымен қатар, болашақ талапкерлер қабылдау комиссиясының өкілдерінен университеттің дайындық бағыттары мен мамандықтары, қабылдау ережелері, қабылдау сынақтары, өту ұпайлары, мектеп оқушыларының олимпиадалары және т. б. ақпарат алды.
“Мен Арқалық қаласынан келдім. Жасым 17-де. Қостанай инженерлік-экономикалық университетінде грант ұтып алдым. Өте қатты қуаныштымын. Жақсы көретін пәндерім биология мен химия болғандықтан, алдағы ұбт-дан осы пәндерді таңдаймын. Мектепте био-химия пәндері бойынша олимпиадалық түрлі сайыстарға қатысып, көптеген жетістіктерге жеттім. Мен болашақта қайта өңдеу өндірісі мамандығының иесі болғым келеді”,-дейді Раушан Амангелді.
Университет қабырғасында жас талапкерлерге арналып арнайы бағдарламалар дайындалды. Олар түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі ұтыстарға ие болды. Келуші қонақтардың жайлылығы үшін массаж креслолары мен PlayStation ойындарын ойнауға арналған жеке зона қойылды. Оқу орнынң алаңында студенттерге арнайы спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Оның ішінде, шахмат, үстел теннисі, қол тіріс және т.б бар. Сондай-ақ, спорт кешені алаңында “Kudo.Ashihara-karate” бойынша спортшылар өз өнерлерін көрсетті.
“Бүгін біз инженерлік-экономикалық университетінде студенттерді спортқа тарту мақсатында өз өнерімізді көрсетуге шешім қабылдадық. Біздің жаттықтырушылар құрамы өте тәжірибелі спортшылардан құралған. Оның ішінде, Қазақстан, Азия және әлемнің бірнеше дүркін чемпиондары бар. Қостанай қаласында 800 ден астам балаларды дайындаймыз. Студенттерге спортпен күнделікті айналысып, жақсы жаққа ұмтылу керектігін айтқым келеді”,-дейді Кудо-Ашихара-каратэ федерациясының вице-президенті Спандияр Айтуар.
Ашық есік күні концерттік бағдарламамен жалғасты. Онда оқушыларға 20 білім беру гранты табысталды.
“Менің Ұзынкөл ауданынан келдім. Мектеп қабырғасында көптеген Халықаралық және республикалық жарыстарға, сайыстарға қатыстым. Алдағы уақытта инженерия саласы бойынша мамандықты қарастырып жатырмын. Бүгін университетте өтіп жатқан іс-шараға арнайы келдім. Өзім сияқты грант ұтып алған оқушыларды көріп, бір-бірімізбен танысып, сезімдерімізді бөлісіп жатырмыз”,-дейді 17 жасар Роман.
“Бүгінгі іс-шара арқылы оқушылар университеттің тәжірибелі мамандары мен түлектерінен мамандық таңдау және мансаптық перспективалар бойынша кеңес алды. Сондай-ақ, жатақханаларда студенттердің өмір сүру жағдайлары мен инфрақұрылымымен танысты. Университеттің мәдени өмірімен, оның ішінде шығармашылық ұжымдармен, студенттік клубтармен кездесіп, ақпарат алды”,-дейді Арман Оразалиұлы.
Диана БАТЫРБЕК