Өңір басшысы Қ. Ақсақалов Әулиекөл ауданына жасаған жұмыс сапарында аудан тұрғындарымен кездесті. Ең әуелі аудан әкімі Жансұлтан Таукеновтің ауданда жыл басынан бері атқарылған жұмыстар және алға қойылған жоспарлар жөніндегі есебі тыңдалды. Ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жоғары көрсеткішке ие екенін тілге тиек етті. Соның ішінде жергілікті билік пен агробизнес өкілдерінің тізе қосып, күш біріктіруі арқасында көп жұмыс атқарылған.
«Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен ауыл әкімдіктері арасында 329 млн теңгенің 122 меморандумына қол қойылған. Тоғыз айда оның 57-сі сәтті жүзеге асты. Тұрғын үй құрылысы, нысандарды қалпына келтіру бағытына 284 млн теңге бөлінген. Абаттандыру, санитария, жол, сумен қамту салаларына да қыруар қаржы бағытталды, – деді аудан әкімі. – Құрылыс саласында жаңалық аз емес. Аманқарағайда 120 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Новонежинде де спорт кешені салынуда. «Болашақ» стадионы қалыпқа келтірілмек. Тимофеев ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталуға жақын. Құсмұрында 300 орындық мектеп салынып жатыр».
Ж.Таукенов жол жөндеу, сумен қамту, жарықтандыру, жылумен қамту бағыттарында да ілгерілеу бар екенін айтты. Қазіргі таңда төрт ауылды сапалы ауыз сумен қамсыздандыру жобаларының сметалық құжаты әзірленген. Барлығы жүзеге асса, аудан халқын сумен қамтуүлесі 99 пайызға жетпек.Облыстық маңызға ие «Әулиекөл-Жалдама», аудандық маңыздағы Федосеев және Чернигов тас жолдары орташа жөндеуден өтеді. Нәтижесінде, жақсы және қанағаттандырарлық жолдар жағдайы 45,1 пайызға артады деп болжанып отыр. Әулиекөл, Диев, Новонежин ауылдары көшелерін жөндеуге 628 млн теңге қарастырылған. Биыл көшелерді жарықтандыру үлесі 25-тен 40,2 пайызға артқанын да баяндай өтті аудан басшысы.
Билік өкілдеріне тұрғындар тарапынан көптеген сұрақ қойылып, арыз-тілек айтылды.
Бірі қатынас жолының жай-күйін қаузаса, енді бірі ауыз су сапасына шағымданды. Сауал қоюшілардың көбі көкейдегі мәселелерінің аудан басшылығына жақсы таныс екенін, облыс әкімінің көзінше қайта қозғауға мәжбүр болғандарын сөз етті. Мәселен, Первомай ауылының тұрғыны елді мекеннің ауыр халі алаңдатып отырғанын айтады.
«Ауыл жұрты мені осында арнайы жіберді. Бізді қинайтыны – жол азабы. Көп жылдық шудан кейін 11 шақырымды жөндеуге қаржы бөлінді, қалған 14 км жайына қалды. Соны бірден істеуге болмас па еді? Бізде жарық та, жол да болмады. Газға иегіміз қышымай-ақ қойсын. Жарық бергенде адамдардың бөріктерін аспанға атып қуанғанын көрсеңіздер… Сұрайтынымыз – жолды жөндеп, су берсе екен. Бізге қандастар көп көшіп келеді. Жағдай нашар болғандықтан, көп тұрақтамайды. Өтінемін, көмектесіңіздер», – деп жанайқайын жеткізді ол.
Аудан әкімі жолдың қалған бөлігін жөндеу мәселесі жобалану барысында екенін жеткізді. Су тарату жүйесін орнату жобасы да даяр тұрғанын, бюджеттік өтінім берілгенін айтты. Ал ТКШ мамандары қаржы бөлінді, бірақ биыл мердігер ұйым жеке кестесінің тығыздығына байланысты, үлгермегендіктен, ешқандай жұмыс жүргізілмеді деп отыр. Бірақ мәселені 2025 жылға дейін шешіп бермек.
Ал ерекше қажеттілігі бар баланы бағып отырған ана шетелде ғана сатылатын дәрі-дәрмекке қол жеткізудің қияметімен күресіп келеді. Облыстық денсаулық басқармасы және басқа да медициналық ұйымдардың да құрығы қысқа екен. Сондай-ақ, ол ауданда инклюзия орталығы ашылса деген өтінішін жеткізді.
«Президент мүмкіндігі шектеулі балаларға қажетті дәрілер толығымен тегін берілуі керек екенін айтқан еді. Мен 2,5 жылда кемінде алты рет өтінім бердім. Бірақ «бұл дәріні сатып алу мүмкін емес» дегеннен басқа жауап болған жоқ. Балам эпилепсиямен ауырады. Өзім мұндай дәріні еріктілер көмегімен Италиядан тапсырыспен алғызамын. Бір айлық мөлшері 97 евро тұрады. Оған жеткізу құны қосылады. Өте қымбат. Осының бір шешімі болмас па екен? Сосын күндіз жұмыс істейтін инклюзия орталығы ашылса, қолбайлаусыз жұмыс істеуімізге мүмкіндік туар еді», – деді қамкөңіл ана.
Денсаулық сақтау басқармасы мамандары бұл мәселемен таныс екендерін айтып, бар мәселе сирек дәріні елге жеткізуде қиындық бар екенін мойындады. Алдағы уақытта бұл түйткіл тағы бір пысықталмақ. Ал инклюзия орталығын ашу мәселесін ойластыруға Құмар Ақсақалов дайын екенін атап өтті.
Бұдан кейін де сан салаға қатысты сұрақтар толассыз қойылып, оған облыс және аудан әкімдері, тиісті басқарма өкілдері кеңінен жауап берді. Әулиекөлдің әлеуетті кәсіпорындары – «Диев Агрофирмасы», «Ауле-Би 1» ЖШС-лерінің директорлары да мінберге шақырылып, олар жыл бойы атқарған жұмыстары, аудан игілігіне сіңірген еңбектерін жіпке тізді.
Жиын соңында өңір басшысы Қ.Ақсақалов облыс көлемінде соңғы тоғыз айда істелген жұмыстар мен алға қойылып отырған жоспар-жобалар жөнінде баяндады. Оның мәліметінше, барлық салаларда елеулі өсім бар, тек ауыл шаруашылығы көрсеткішінің кенжелегені байқалады. Облыс әкімі бүкіл макроэкономикалық бағыттың тізгінін тең ұстауға, әсіресе, өңдеу өнеркәсібін, мал шаруашылығын дамытуға мейлінше екпін салу керегін баса айтты.
Жандос ЖҮСІПБЕК
Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев
Әулиекөл ауданы