Өңір экономикасына ықпал етуші саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Нәтижесі – нақты, көрсеткіші – көлемді. Ауыл шаруашылығында кей түйткілді мәселе төңірегінде бес сұраққа облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедов жауап берді.
– Ибрагим Ерболатұлы, биыл еліміз бұрын-соңды болмаған рекордтық астыққа қол жеткізді. Оның ішінде біздің облыс та мол өнімге кенелді. Енді оны өткізу барысы қалай? Үлкен еңбекпен жиналған өнім қоймаларда қалып қоймай ма?
– Биыл облыс бойынша 5,9 млн тонна астық жиналды. Бүгінгі таңда негізгі міндет – жиналған өнімді сақтау және оны лайықты бағамен сату. Өсіп-өнген барлық өнім толық тазартылып, қоймаларға үйілді. Бізде сыйымдылығы үш млн тонна болатын 35 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорыны бар. Қазіргі уақытта элеваторларда 1 млн 497,4 мың тонна сақтау- лы тұр. Яғни, элеваторлардың тең жартысы ғана толды. Мұның сыртында ауыл шаруашылығы құрылымдарының 5,3 млн тонна астық сыятын өз қоймалары тағы бар. Көктемде «Азық-түлік корпорациясы «ҰК» АҚ 165,4 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу үшін фермерлерге 11,1 млрд теңге көлемінде кредиттік қаражат берді. Қазіргі уақытта ауыл шаруа- шылығы тауарын өндірушілер «Азық-түлік корпорациясы «ҰК» АҚ-да 126,8 мың тонна өнімді қайта рәсімдеді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында берген тапсырмасын орындау үшін «Азық-түлік корпорациясы «ҰК» АҚ фермерлерден нарықта қолайлы бағаларды ұстап тұру үшін жеткілікті көлемде (республика бойынша 150 мың тонна) астықты тікелей сатып алуды және астықтың басқа облыстарға өтуін жедел қамтамасыз етуді жариялады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей сатып алу, оларды тасымалдау шығындарын азайту астық нарығына оң әсер етеді. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өнімді қолайлы бағамен сатуға мүмкіндік береді. Үкімет таяу және алыс шет елдерге экспорттық жеткізілімдерді ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Қырғызстан және Ауғанстанға астық жеткізу басталды. Қытайға, Еуропалық Одақ елдеріне және Солтүстік Африкаға астық жеткізу бойынша сауда қатынастары жолға қойылған.
– Фермерлер астық бағасы төмен, еңбегімізді ақтамайды деген пікірлер айтып жүр. Шаруаларға төленетін субсидияны алып тастағаны белгілі. Оларға науқандық жұмыстарды атқару үшін мемлекет тарапынан қандай да бір көмек бар ма?
– Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумында АӨК саласындағы субсидия- лауды жеңілдетілген несиелендірумен, оның ішінде екінші деңгейдегі банктер арқылы кезең-кезеңімен ауыстыру жөнінде тапсырма берді. Әзірге агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік субсидиялау тоқтатылған жоқ. Оларды біртіндеп қысқартып, банктер ауыл шаруашылығына жеңілдетілген кредит бермек. Қазіргі уақытта көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге арналған бір жылдық кредиттік қаражат ұсынылады. Ал ауыл шаруашылығы құрылымдары өз міндеттемелерін 1 желтоқсанға дейін өтеуге тиіс. Осыған байланысты, ауыл шаруашылығы құрылымдарының қаржылық тұрақтылығы, егіс және егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін агроөнеркәсіп кешендеріне «ұзақ» және қолжетімді ақшалай қаражат алу мүмкіндігін беру қарастырылып жатыр. Биыл саланы дамытуға 175 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қаржылық қолдау жасалды. Оның ішінде субсидиялау бағдарламалары бойынша 41 млрд теңге бөлінді. Облыстың ауыл шаруа- шылығы құрылымдарының көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 75,5 млрд. теңгеге, оның ішінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Кең дала» және «Агробизнес» бағдарламалары бойынша 32,5 млрд теңгеге, «азық-түлік корпорациясы» АҚ-11,1 млрд теңгеге, «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша АКК және «Тобыл» ӘКК арқылы – 31,9 млрд теңге қаржыландырылды.1 қарашадан бастап «Кең дала 2» жеңілдікті кредиттеу бағдарламасы бойынша 2025 жылғы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға өтінімдер қабылданып жатыр. Біздің облысқа 9,5 млрд теңге бөлінді. Бүгінде 625 млн теңге сомаға өтінімдер берілді. 2025 жылға арналған кредиттік қаражатқа жалпы қажеттілік 39 млрд теңгеден асады. Қаржыландыру желтоқсан айында жоспарланған. Алдағы жылға қаржыландыру көлемі сақталады. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге жыл сайын нарықтық бағадан төмен жеңілдетілген дизель отыны бөлінеді. Биылғы дала жұмыстарына бір литрі 250 теңге болатын 83 мың тонна сұйық отын берілді. Сондай-ақ, минералды тыңайтқыштарды сатып алудың тиімді шарттары енгізілді. Яғни, ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші құнның 40%-ін төлейді, ал мемлекет отандық зауыттарға 60%-ін аванстық төлеммен өтейді.
– Мемлекет басшысының қайта өңдеу өнімдердің көлемін екі-үш есеге дейін арттыруға қатыс- ты жүктеген тапсырмасына орай облыста қандай шаралар қолға алынды?
– Таяудағы ең маңызды міндеттердің бірі – екі-үш жыл ішінде қайта өңдеу үлесін 60-тан 70%-ке дейін ұлғайту бойынша өндіріс орындарын іске қосу. Бүгінде өңірде екі жүзден астам қайта өңдеу кәсіпорындары жұмыс істейді. Биыл олар 348 млрд теңгенің өнімін өндірді. Облыстың аграрлық секторының барлық саласында 2027 жылға дейін 96 жаңа инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 32-сі мал шаруашылығына тиесілі, 47-сі өсімдік шаруашылығына, 17-сі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталмақ. Бұған 232 млрд теңге инвестиция тартылады. Екі мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Өңдеу саласында ең ірі жобалардың бірі – бұршақ дақылдарынан жарма өндіретін зауытқа «КАЙЗЕН» ЖШС 9 млрд теңге салды. Өндіріс ошағы жылына 170 мың тонна өнім өңдеуге қауқарлы. Кәсіпорында 70 жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін «МИЛХ» ЖШС ірімшік өнімдерін шығаратын зауыт іске қосылады. Онда жылына 7,2 млрд теңге болатын 10 мың тонна өнім өндірілмек. 35 жұмыс орны ашылады. «Аруана-2010» ЖШС жаңа диірмен кешенінің жұмысын бастады. Бұған 3 млрд теңге инвестиция құйылды. Диірмен жылына 90 мың тонна ұн шығарады. 100 адам еңбек етеді. 2026 жылы бұршақ дақылдарын қайта өңдейтін тағы бір зауыт – «AC Agro» ЖШС салынады. Оған 24 млрд жұмсалмақ. 50 адам жұмыс істейтін кәсіпорын жылына 100 мың тонна өнім шығарады. Сондай-ақ, «Баян сұлу» АҚ базасында «Астана» кондитерлік-өндірістік кешені бой көтеріп жатыр. 2027 жылға қарай «Qostanai Grain Industry» ЖШС астықты терең өңдеу жобасын іске асыру үшін 70 млрд теңге инвестиция құйып, жылына 415 мың тонна астық өңдеу, глютен, крахмал, аминқышқылдары, биоэтанол шығаратын ірі зауытты іске қосады. Онда 650 жаңа жұмыс орны ашылады.
– Облыстағы сүт-тауарлы фермалардың тағдыры не болды? Жалпы, облыс көлемінде салынып жатқан СТФ-дың саны қанша? Келесі жылы нешеуі қолға алынбақ?
– АӨК саласындағы инвестициялық жобаларды кредиттеу бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2023 жылы облысқа 15 млрд теңге бөлініп, олар бүгінде толық көлемде игерілді. Жалпы инвестиция сомасы 23 млрд теңгеге бағаланған сүт-тауарлы фермаларын салу бойынша алты инвестициялық жоба несиелендірілді. Бүгінгі таңда Федоров ауданының «Бүркіт» ЖШС-і 400 қара малға арналған сүт-тауарлы фермасын салып, пайдалануға берді. Бүгінгі таңда Алтынсарин ауданының «Тапаев» ШҚ, Меңдіқара ауданының «Восток-1» ЖШС, «Каменскуральск» ЖШС, Федоров ауданының «Олжа Алтын-Инвест» ЖШС және Қарабалық ауданының «Астам и К» ЖШС-інде сүт фермаларының құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың металл қаңқалары орнатылып, шатыры жабылды.
– Майлы дақылдарға сұраныс азайып кетті дейді кейбір тауар өндірушілер. Облыс көлемінде өсірілетін майлы-дақылдар – рапс, зығыр, қарақұмық, күнбағыс т.б. өнімдер шетелдерге сатыла ма әлде өз ішімізде өңделе ме?
– Астық нарығына сұраныс тұрақты емес. Жыл сайын кейбір дақылға сұраныс жоғарылайды. Керісінше, кейбіріне сұраныс төмендеуі мүмкін. Мәселен, 2020 жылы әлемдік нарықтағы сұраныс пен бағаның өсуіне байланысты күнбағыс майын елден шығаруды тежеу, өзіндік өңдеуді дамытуға жәрдемдесу, өнімді өндіру және экспорттау мақсатымен күнбағыс майын экспорттауға квота енгізілді. 2023 жылдың ақпанында 20% экспорттық баж салығы енгізілді. Бірақ, оның бір тоннасы кемінде 100 еуродан аспауы тиіс. Бұл өсімдік майы өндірісінің артуына ықпал етті. 2023 жылы 28,5 мың тонна күнбағыс майы өндірілді (2022 жылы – 16,8 мың тонна). Бүгінде майлы дақылдардың құны өте жақсы. Бұл әр гектарға шаққанда жоғары кірісті қамтамасыз етеді. Соңғы он жылда майлы дақылдар алқабы екі еседен асты. Яғни, 2015 жылы оның көлемі 335,8 мың гектар болса, биыл 691,4 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Нарықтағы сұранысқа байланысты соңғы жылдары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер майлы, бұршақ, жарма және басқа да дақылдардың тізбесін кеңейте бастады. Аталған кезеңде күнбағыс алқабы 1,7 есе, зығыр алқабы 1,9 есе, мақсары – 7,8 есе, соя – 11 есе ұлғайды. Дәнді-бұршақты дақылдар алқабы осы кезеңде 29,2 мың гектардан 158,8 мың гектарға дейін жеткізілді. Немесе 5,5 есе, жарма дақылдары – 14,6 мың гектардан 20,6 мың гектарға дейін немесе 1,4 есе ұлғайды. Егіс пен егін жинаудың әртүрлі мерзімі бар дақылдар жиынтығы дала жұмыстарын уақытында аяқтауға және егін жинау техникасын ұтымды пайдалануға, егін шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Дәнді дақылдармен салыстырғанда майлы және бұршақты дақылдардың рентабельділік деңгейі әлдеқайда жоғары екенін атап өткен жөн. Мемлекет тарапынан майлы, жарма дақылдарын өсіруге айтарлықтай қолдау көрсетіледі. Қайта өңдеу кәсіпорындарына тапсырылған күнбағыс, қарақұмық дақылдардың әр тоннасы үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидиялар төленеді. Болашақта біз ең тиімді және мажарлық дақылдардың, майлы және бұршақ дақылдарының аумағын ұлғайтуға ниеттіміз. 2028 жылға қарай Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін майлы дақылдар алқабы 800 мың гектарға жетуі тиіс. Бұл қазіргі көлемнен 108,6 мың гектарға артық.
Сұхбаттасқан – Әлібек ЫБЫРАЙ