Облыста қара шегіртке қаптады

Облыста қара шегіртке қаптады

Осының алдында ғана әлеуметтік желілерде Жанкелдин ауданына апаратын тас жолды қара шегіртке жайлағаны туралы бейне тарады. Видеоны түсірген адам жаңа қанаттана бастаған шегірткенің Тоқанайға қарай ауып бара жатқанын айтады. Ізінше, құзырлы мекеме өкілдері желдың екпіні басылса, тиісті жұмыстары қолға алатынын айтты.

“9-маусым күні Тоқанай ауылының маңында  үйірлі шегірткеге тап болдық.  Әзірге, күн райының қолайсыздығынан бүгін екінші күн алқапты өңдей алмай отырмыз.  Жел сәл басылса, жұмысты жедел қолға аламыз. Техника дайын, жанар-жағар майы жеткілікті”,– дейді Аманкелді аудандық аумақтық инспекциясының жетекшісі Жандос Саттаров.

Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, биыл облыста 4,9 млн гектар алқапты мониторингтеу жұмыстары жоспарланған. Зиянкестерге қарсы фитосанитариялық мониторинг жүргізуге 129 зерттеуші тартылмақ.

Республикалық бюджет есебінен 775,6 мың гектар жерді шегірткеден  тазарту қорғау жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде 744,9 мың гектарды  зиянкестердің “итальяндық прус” деп аталатын түрінен, 30,6 мың гектарды  азиялық шегірткеден арылтпақ.

Шегірткеге қарсы шара облыстың он жеті  ауданының 15-інде қолға алынады. Атап айтқанда, Науырзым ауданында – 182,4 мың га, Қамысты ауданында – 179,5 мың га, Жанкелдин ауданында– 164,4 мың га және Аманкелді ауданында 102,9 мың гектар алқап өңделеді.  Қалған он бір  ауданның аумағында 874 гектар  дейін  фиосанитариялық жұсыс күтіп тұр.

Үйірлі шегірткеге  қарсы химиялық өңдеулерге аэрозольді газ генераторлары орнатылған 72 техника, жеңіл авиация, алты ұшақ штангалық, желдеткіш бүріккіштер жұмылдырылған.

Аудандық аумақтық инспекциялардың өсімдіктерді қорғау жөніндегі инспекторлары және “Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжау әдістемелік орталығы” РММ аудандық филиалдарының мамандары тарапынан Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарының шекара маңындағы аумағына  бірлескен тексеру жүргізіледі. Россельхоз орталығының Орынбор, Қорған, Челябі облыстарындағы филиалдарымен шегіртке және басқа да аса қауіпті зиянкестермен күрес жөнінде  өзара ынтымақтастық туралы келісімдер жасалған. Сондай-ақ, Ресей Федерациясымен шекаралас аудандарда бірлескен зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр.

Облыс аумағында үйірлі шегірткемен күресу үшін қажетті пестицидтер қоры жеткізілді. Кешелі-бүгін астықты өңірдегі  64,290 мың гектар алқапта  химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде Аманкелді ауданында – 36,2 мың га, Арқалық қаласында – 8,27 мың га, Жанкелдин ауданында – 6,6 мың га, Қамысты ауданында – 11,97 мың га, Науырзым ауданында -1,25 мың гектар жер өңделген.

Әлібек ЫБЫРАЙ

 

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу