Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығы қарсаңында, Ұлттық домбыра күніне арналған “Күмбірле, қоңыр домбыра!” облыстық домбырашылар байқауы өтті.
Іс-шара барысында Тобыл-Торғай өңіріне танымал тұлғалар ұстаған домбыралар көрмесі ұйымдастырылды. Олардың ішінде Аманкелді Иманов, Серке Қожамқұлов, Әсия Беркенова сынды тұлғаларымыздың домбыралары да бар.
Байқауға барлығы 15 күйші қатысып, бақ сынады. Қатысушылардың деңгейі өсіп, қатары да көбейген. Байқауда танымал күйлермен қоса Тобыл-Торғай өңірі композиторларының шығармалары да орындалды.
Өнерпаздарды байқаудың төрағасы, облыстық көркем-өнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының ұлттық жанр әдіскері Мұрат Хамитов, “Ақжелең” фольклорлы-этнографиялық ансамблінің жетекшісі, республикалық, халықаралық күйшілер, домбырашылар байқауының жүлдегері Ыбырай Есжанов және Назымбек Молдахметов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестірінің мүшесі, солисті, халықаралық, республикалық, күйшілер, домбырашылар байқауының лауреаты Данияр Рысбек сынға алып, қазылық етті.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды сарыкөлдік Қайсар Ниязұлы иеленді. Екінші орын рудныйлық Марк Лиге бұйырды. Ал, үшінші орынды Қостанай ауданынан Дінмұхамед Санай еншіледі. Сондай-ақ, “Үздік шертпе күйді орындаушы” номинациясы бойынша Айбек Сыздықов үздік деп танылды.