Облыстық спартакиада биыл несімен ерекше болмақ?

Облыстық спартакиада биыл несімен ерекше болмақ?

Жылдың ең ауқымды облыстық спартакиадасы өтетін уақыт алыс емес. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппарат жиынында жазғы спартакиаданың дайындық барысы талқыланды.

ХХХVІІ жазғы спорт ойындарының басты өзгешелігі, салтанатты шеруге қатысатын командалардың киім үлгісі ұлттық этностильде болмақ. Сондай-ақ, тағы бір жаңашылдық Ұлттық спорт түрлерін насихаттау мен дамыту мақсатында екі кешенді іс-шараны біріктіру туралы шешім қабылданып, оның бағдарламасына қосымша үш ұлттық спорт түрі – асық ату, көкпар, аударыспақ енгізілді. Сонымен қатар, биылғы жылы спартакиада бағдарламасына облыста танымалдығы артып келе жатқан олимпиадалық спорт түрі – велоспорт енгізілді. Енді қатысушылар топтық (50 км) және жеке (20 км) жарыстарда бақ сынайды. Биыл спартакиада бағдарламасына спорттың 19 түрі енгізілді.

– Облыстық жазғы спартакиада 1986 жылдан бастап өткізіліп келеді. Екінші кешенді іс-шаралардың бірі – ұлттық спорт түрлері бойынша фестивалі, ол 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Алайда он жылдан астам уақыт ішінде фестиваль әкімдіктер тарапынан тиісті қолдауға ие болмады, сол себепті асық ату, аударыспақ, бәйге және көкпар сияқты ұлттық спорт түрлері барлық өңірлерде дамымай келеді. Қостанай облысының отыз жетінші жазғы спартакиадасының финалдық жарысы 22-25 тамыз аралығында Қарабалық ауданында жоспарланған. Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі 2024 жылдың 23-ші тамызында сағат 20.00-де Қарабалық кентінің стадионында өтеді. Қалалар мен аудандардың спорттық делегациялары ашылу салтанатында 16 адамнан құралған коллоналардан тұрады. Колонналарды өңірлердің әкімдері бастап барады. Спартакиаданың қорытындысы жалпыкомандалық есеп нәтижелері бойынша жүргізіледі, –  дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бекболат Байжанов.

Спартакиаданың финалдық кезеңін сапалы өткізу және жарыс регламентін қатаң сақтау мақсатында 40 білікті төрешілермен мандаттық комиссия корпусының құрамы бекітілді. Қазіргі уақытта жарыстың ақтық бағдарламасын жасау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта спартакиаданың кезеңдері – Аманкелді, Алтынсарин, Жанкелдин, Жітіқара, Қарабалық, Федоров, Ұзынкөл аудандарында және Арқалық пен Лисаков қалаларында өткізілді. Қалған өңірлер жарыстарды 11 тамызға дейін аяқтауы тиіс.

– Өңірлік командаларды іс-сапарға жіберу кезінде жол-патрульдік қызметпен сүйемелдеуді сұраймын. Сонымен қатар, командалар тұратын жерлерде қауіпсіздікті ұйымдастыру үшін делегациялар құрамына құқық қорғау органдарының өкілдері енгізілуі тиіс. Жылдағы дәстүр бойынша, спартакиада өтетін күндері Қарабалық ауданында ат спорты түрлерінен (құнан бәйге, топ бәйге және аламан бәйге) облыс чемпионаты өтеді. Аламан бәйге жарысына Қостанай облысының Қостанай тұқымды жылқылары ғана жіберіледі, – дейді Бекболат Байжанов.

Мұнан кейін сөз алған Қарабалық ауданының әкімі Руслан Халықов Қарабалық ауданында өтетін облыстық спартакиаданың жоғары деңгейде өткізу үшін ұйымдастыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқанын жеткізді.

– Былтыр аудан орталығында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы және «Орталық» стадионының реконструкциясы басталған болатын. Қазіргі таңда аталған спорт нысандарында қарқынды жұмыс жалғасуда. Жалпы құрылыс жұмыстары көлемі 89% орындалды. Барлық құрылыс, жөндеу жұмыстары 30 шілдеде аяқталатын болады, – деді Руслан Халықов.

Ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында спартакиада бағдарламасына алғаш рет көкпар мен асық атудан жарыстар енгізілгенін атап өткен жөн. Бүгінгі таңда облыстың аудандары мен қалаларынан қатысушылар мен делегациялардың нақтыланды. Шамамен 2200 спортшы, қатысушы. Алдын ала болжам бойынша келетін қатысушылар мен қонақтардың жалпы саны шамамен 6 мыңға жуықтай. Аудан қонақтары мен тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін аудан орталығында абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде, оның ішінде Баранников атындағы демалыс саябағы, волейбол және баскетбол алаңдары, спорттық-сауықтыру паркі жаңартылды.

–Мемлекет басшысы саламатты өмір салтын сақтауға және бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Біздің өңірімізде де осы саланы ілгерілетуге барлық шаралар жүргізіліп жатыр. Бірінші кезекте қажетті инфрақұрылым құру, сондай-ақ азаматтарды жаппай спорт түрлеріне тарту. Мәселен, өткен жылы ауылдық жерлерде үш дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен екі хоккей корты пайдалануға берілді. Ал, биыл тағы үш дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. Сондай-ақ, биыл елді мекендерде – 7, Рудный қаласында 2 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, Қарабалық және Жанкелдин аудандарында 2 хоккей кортының құрылысы басталды. Спорттық нысандар салу халықты дене шынықтыруға тартуға зор септігін тигізбек. Осыған орай, спорттық шаралардың қатарын молайту маңызды. Алда спартакиада, оның басталуына азғана уақыт қалды, сондықтан әзірлік жұмыстарын күшейту керек, – деді Құмар Ақсақалов.

Аймақ басшысы қалалар мен аудандар әкімдіктеріне полиция департаментімен бірлесіп, өңірдің басты спорттық шарасын жоғары деңгейде ұйымдастыру, қауіпсіздікті қатаң сақтау жөнінде тапсырма берді. Қарабалық ауданының басшылығы барлық қатысушыларды ас-сумен қамтуды мойнына алады. Ал дене шынықтыру және спорт басқармасы жарыстардың өту кестесін нақты жолға қою керек. Мәдениет басқармасы барлық мәдени іс-шаралардың тиісті деңгейде өтуіне, қоғамдық даму басқармасы ақпараттық таралу жағына жауапты.

Айта кету керек, биылғы спартакиаданың басты ерекшелігі – этностиль. Ол іс-шараның идеологиялық мазмұнында және спорттық костюмдерде, дизайнда, логотипте және алауда көрініс табады. Бұған дейін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп, XXXVII облыстық спартакиаданың логотипі мен алауының эскизі әзірленіп, бекітілді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу