Қостанайда тұңғыш рет ұйымдастырылған байқауға алты мыңнан артық кітапсүйер оқырман қатысқан. IQostanay оқушылар сарайында өткен салтанатты кеште қырықтан астам жүлдегер марапатталды.
Көпшіліктің көркем әдебиет оқуға деген ынтасын, кітапқа құштарлығын арттыратын онлайн байқау ақпан айында басталған. Облыс әкімдігі қолдау білдіріп, Л.Н. Толстой атындағы облыстық кітапхана ұйымдастырған жарыс төрт кезең бойынша өрбіді. Кітап оқитын кәрі-жасты түгел қамтыған ауқымды байқаудың жүлде қоры 8 млн теңгеден асты. Оның басым бөлігі бюджеттен бөлінсе, ұйымдастырушыларды ынтыландыру сыйлықтарын демеушілер берді.
Кітаптардың тізімі арнайы сайтта жарияланды. Оқырман оған тіркелген соң, ұсынылған кітапты берілген уақыт ішінде оқып шығып, кейін онлайн тест тапсырды. Үш кезеңнен өтіп, іріктеліп шыққандар финалдық кезеңде эссе жазып, шығармалардан түсінгенін хатқа түсірді. Қорытынды кезең офлайн режимде өтті. Кітап оқитын ортаны қалыптастырып, көпшіліктің көркем әдебиетке деген қызығушылығын оятқан байқау күзде тағы ұйымдастырылуы мүмкін. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали осылай деді. Ол үшін Инстаграм әлеуметтік желісіндегі kitap10.kz парақшасында сауалнама жүргізілмек.
«Облысымыздың имиджін көтеретін рухани іс-шара керек деп шешіп, былтыр кітапханаға барып жүрген адамдардың санын сараладық. Басқа облыстардағы байқауларды да көрдік. Олардың да керегін алып, өзімізге сай дүние жасауды облыс басшысы Құмар Іргебайұлына ұсынғанбыз. Қолдап, тиісті бюджетін бөлді. Осыған ұқсас сайыстардан біздің байқаудың ерекшелігі – эссе жазу. Өйткені, біздің ойымызша, адам оқығанын түйіндеп жаза білуі де керек. Одан кейін отбасымен қатысқандарға да бір кезеңде жеңілдік бердік. Түпкі мәні – үй ішімен кітап оқу дәстүрін қалыптастырсақ деген ой. Сол үшін де бүгінгі марапатқа балаларды ата-аналарымен бірге шақырдық», – деді Ринат Мұхаметқали.
Бұл байқауды ойдағыдай атқаруға мәдениет пен білім саласының мамандар көп еңбек сіңірді. Кітапханашылар мен сынып жетекшілерін ерекшелеп атауға болады.
Салтанатты жиында жеңімпаздарға 150 мың теңге ақшалай сыйлықтың сертификаттары беріледі. Жүлдегерлерге 100 мың, 50 мың теңгеден ұсынылды. Мұның сыртында, кәмелетке толмаған үш озық оқырман ең үздік балалар лагеріне жолдама алды. Ересектер арасынан Меңдіқарадағы М.Қарабаев атындағы шипажайға үш жолдама берілді.
«Бала кезімде шұқшиып кітап оқып жатқанда «осыған біреу ақы бере ме» деп ұрысатын. Осы байқауға қатысып, ақы беретінін көрсеткім келді. Оның сыртында, 2018 жылдан бері кітап саудасымен, кітапты насихаттаумен айналысып жүрмін. Сондықтан, «Оқы және жең» туралы естігенде шын қуандым. Қатысып, бәйге алуға тырыстым. Сол арқылы әр жетістіктің артында кітап оқу тұратынын насихаттағым келді. Шетелде табысты деген екі мың адамның өмір тарихын зерттегенде оларға биік дәрежеге жетуге кітап оқығаны көмектескен екен. Бұл дәлелденген дүние», – деген ой айтты жарыста 19 жастан жоғары жас санаты бойынша жеңімпаз атанған ақын Абылай Мауданов.
Айта кетейік, байқау 10-14, 15-18 және 19 жастан жоғары жас ерекшеліктері бойынша өткізілді.
Салтанатты кеште демеушілер мен ұйымдастырушыларға алғыс хаттар табыс етілді.
Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқыңыздар.