Қостанай облысында 113 мың оқушы оқу жылын аяқтайды. Бүгін, 23 мамырда, облыстың және еліміздің барлық мектептерінде «Білімім — Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтті.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқушыларға арнаған бейнеүндеуінде еліміздің болашағы үшін педагогтар жұмысының маңыздылығын атап өтіп, барлық ата-аналарға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді, ал 217 мың мектеп түлектері мен 173 мың колледж студенттеріне болашақта сәттіліктер тіледі.
Қостанай қаласының № 2 мектеп-лицейінде сынып сағаттары қызықты өтуде. Балалар мен мұғалімдер оқу жылын қорытындылап, бір-біріне алғыстарын білдіріп, өткен оқу жылының ең маңызды әрі қызықты сәттерін еске түсірді.
Сынып жетекшілері оқушыларының жоғары жетістіктерін және олардың оқуда, спортта, шығармашылықта, экологиялық және еңбек тәрбиесінде алғашқы қадамдарын мақтанышпен атап өтті.
Төртінші сынып оқушысы Абылайхан Элмжан жаңа оқу жылындағы өзгерістерге дайын:
«Мен 4-сыныпты жақсы бітіргеніме өте қуаныштымын және 5-сыныпта жаңа мұғалімдермен кездесуді асыға күтемін», — дейді.
Ал 11-сынып түлегі Аян Үсенбаев үшін бұл мектептегі соңғы оқу жылы.
«Мектеппен қоштасу — балалық шақпен қоштасу сияқты, әрине, толқып, мұңайып тұрмын, бірақ алда үлкен өмір күтуде», — дейді Аян.
Педагогтер балаларға тек жақсы тілектерін арнауда. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Оксана Васильевна Мухортова:
«Балалар, алдарыңызда жаңа мақсаттар мен жаңа жетістіктер күтіп тұр! Естеріңізде болсын, барлығы өз қолдарыңызда, мен сіздерге сенемін!» деген тілек білдірді.
Бірыңғай сынып сағаты оқушылардың бойында білімге ұмтылыс, патриотизм және еңбекқорлық сияқты қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған.