Юбилейный шағын ауданындағы «Рысь» хоккей академиясы былтыр жазда ашылған еді. Бұл Қостанай облысы шайбалы хоккей федерациясының ірі жобаларының біріне айналып, балалардың тегін жаттығуына зор мүмкіндік тудырды.
Өңір басшысы академия қызметімен, қазіргі ахуалымен танысып, басшылығымен, тәлімденушілермен және ата-аналармен кездесті.
«Біздің міндетіміз – ұлттық клубтарымызда жергілікті балаларды жаттықтыру. Қатарымызды легионерлер толтырмауы керек. Өкінішке қарай, бұл белең алып тұрған мәселе. Сондықтан қазір арнаулы заңдар әзірленіп, қаржыландыру қолға алынып жатыр. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін осы академия құрылған еді. Әлбетте, мұнда қатаң іріктеу жүргізілуі керек. Жыл сайын қабылданатын шәкірттердің ішінде 15 жасқа дейін үздіктердің үздігі ғана қалуы қажет», – дейді облыс әкімі.
Мұнда жаттығу күн сайын жүреді. Жаттықтырушылар – ұлттық құраманың бұрынғы ойыншылары, тәжірибелі хоккейшілер. Қазір олардың жалақысын көтеру мәселесі қолға алынған. Академия қанат жая түсуі үшін алға қойылып отырған мақсат-міндеттер де аз емес.
«Біздегі жаттықтырушылардың қай-қайсысы да өз ісінің шеберлері. Алдағы уақытта білікті мамандар қатарын тағы он жаттықтырушымен жоспарда бар. Бірақ бұл маман тапшылығы бар деген сөз емес. Керісінше, қызмет ауқымын кеңейте түсу көзделіп отыр», – дейді облыстық Шайбалы хоккей федерациясының басшысы Рустам Донанов.
Тәжірибелі тәлімгерлердің бірі – 26 жастағы Ерден Абзалұлы. Сәтбаев мектебінің түлегі «Ертіс», рудныйлық «Горняк» командаларының сапында өнер көрсеткен спорт шебері. Жаттықтырушы қызметіне кіріскеніне 4 жыл. Осы академияға Алматы қаласынан ауысып келген. Жеткіншектердің хоккей спортын жетік меңгеруіне күш салып жүрген кәнігі маман.
«Бұған дейін Алматы қаласындағы «Аюлар» хоккей клубында қызмет еттім. Қостанайлық академиядан ұсыныс түскен бойда келісімімді бердім. Мұнда өткен жылдың шілде айынан бері жұмыс істеп жатырмын. 5-11 жас аралығындағы кіші топты және 12-14 жастағы шәкірттерді жаттықтырамыз. Балалардың ерік-жігері, хоккейге деген құлшынысы тәнті етеді. Қазірден-ақ республикалық жарыстарға қатысып, жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүрген балдырғандар баршылық. Қостанайлық өрендердің болашағынан үлкен үміт күтуге болады», – дейді Ерден.
Балаларының жастайынан спортпен тегін шұғылдануына жол ашылғанына ата-аналар қауымы да разылығын жасырмайды.
«Шынын айтқанда, Қостанай қаласында хоккей спорты лайықты деңгейде дамыды дей алмаймыз. Ал алғашқы академия осы олқылықтың орнын толтырады деп сенеміз. Мен екі баламды бес жасынан хоккейге бердім. Осында алғашқы күннен жаттығып жатыр. Бастысы, өздеріне ерекше ұнайды. Ата-ана ретінде өте қуаныштымыз. Болашақта Қостанайдан еліміздің чемпиондары шығады деген үміттеміз!» – дейді Алма Серкебаева.
Шымырлыққа баулып қана қоймай, тәртіп-тәрбиеге үйрететін ерекше спортқа деген жас ұрпақтың қызығушылығы артып келе жатқанын жақсы бастамаға балауға болады. Өңір басшысы да өзінің немересі хоккейге барып жүргенін айтады.
«Немерем 5 жасынан бастап төрт жыл бойы шайбалы хоккеймен шұғылданып жүр. Күн сайын таңғы 7-де тұрып, жаттығуға қалмай барады. Бұл, әрине, баланың жастайынан денсаулығына, жан-жақты дамуына оң ықпалын тигізеді. Мұны мұз үстінде сырғанақ тебуді үйрету ғана деп ойламауымыз керек. Біз өскелең ұрпақтан жақсы нәтиже күтеміз. Алдағы уақытта спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын жалғастыра береміз», – деді Құмар Ақсақалов.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ