Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Аманкелді ауданында

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Аманкелді ауданында

Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңіріміздегі тасқын судан халықпен кездесуге Аманкелді ауданына келді.

Апат болған тұрғын үйлердің ауласын өз көзімен көріп, елді сабырға шақырды.

“Адам шығыны болмасын деп бір кісідей ат салысып жатсыздар. Күні-түні жан ұшырып, елге көмек қолдарын созып жатқан барлықтарыңызға алғысымыз шексіз. Қиындық көрген әр отбасының мүшелеріне материалдық көмек тағайындалу керек”, – деді Құмар Ақсақалов.

Бүгінгі өңір басшысының осы ауданға жасаған сапарынан тілшілеріміздің фоторепортажын назарларыңызға ұсынамыз.

Облыс басшысы ең әуелі Жалдама өзенінің бойындағы шеті жырылған көпірге келді. Судың деңгейі әуелдегі мөлшерден біршама төмендегенімен әлі де бой берер емес. Ауыл азаматтары іргесін қапшықпен бөгегенімен елді мекенді жайлап тұр.

Күндіз-түні кірпік қақпай қызмет атқарған 24/7 жедел желінің тындырған істерін оң бағалаған әкім ТЖД бөлімдерінің басшыларына жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Себебі, тасқын судың екінші толқынына қатаң әзірлену қажет.

Аудан әкімі Талғат Карбозовтың айтуынша, су басқан ауылды жердің тұрғындары қауіпсіз аумаққа көшіріліп болды деуге негіз бар. Ауданға іргелес жатқан Есір ауылына қауіп енді туып отыр. Күні кеше екі жүзден астам адам жан-жаққа эвакуацияланды.

Апат орын алғаннан бері осы аудан тұрғындары да жарықсыз қалған. Үшінші күн дегенде орталыққа жақын елді мекендерге электр энергиясы беріле бастады. Ол жұмыстарға арнайы он екі техника оңтүстік аудандардың жарығы мен байланысын қалпына келтіруге жіберілген еді.

Аудан орталығындағы Сейфуллин, Абай көшелерін су басты. Бірнеше үйдің қора жайлары көрінбей қалды. Тіпті ертесіне жер ауа райының құбылуынан қайта қатып, келесі күні селдетіп жауын жауды… Нәтижесі көз алдарыңызда…

Бұдан кейін облыс әкімі эвакуацияланған ауыл тұрғындарының уақытша мекенжайларының жұмыстарымен танысты.

Шығынға батқан село халқының қайтарымын шұғыл түрде өтеп беруді тапсырды.

Ауыл ақсақалы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есім Дауылбаев бұл апат елу жылда алғаш рет қайталанғанын айтып отыр. Оның айтуынша, Байғабыл, Ақкісі елді мекендерімен қатар, алыс түкпірдегі қыстақтар зардап шеккен.

Аудан орталығындағы Әнуар Боранбаев орта мектебінің алдындағы су әлі арнасынан түспеген.

Бұл туралы толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев 

Жаңалықтармен бөлісу