Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов арнайы жұмыс сапарымен келіп Арқалық жұртшылығының алдында кезекті есебін берді.
Облыс әкімімен бірге бірқатар басқарма басшылары еріп келді. Жиында ең алдымен қала әкімі Әмірхан Асановтың 2024 жылдың 10 айының қорытынды есебі тыңдалды.
Ағымдағы жылдың есептік кезеңінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 8 млдр теңгеден асқан. Тиісінше өнеркәсіп өнімінің нақты көлемі 96 пайызды құраған.
Қала әкімі қорытынды есебінде түрлі салалар бойынша жеке-жеке тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстарды толықтай тарқатып шықты. Қалада жаңа жұмыс орындары ашылып көптеген кәсіп көздері іске қосылуда. Жоспарланып отырған инвестициялық жобалар да жетерлік. Мәселен, «Concord Investments» ЖШС-нің құны 7 млр 400 млн теңге болатын «Отқа төзімді сазды өндіру және сирек кездесетін жер шикізатын қайта өңдеу» жобасы аясында 670 жұмыс орнын құра отырып, жобаны 2027 жылы іске асыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 3 мыңнан астам тонна саз жөнелтілген.
«ARQALYAREMSERVIC» ЖШС-нің құны 220 млн теңге болатын «Арқалық қаласының аумағында асфальт-бетон зауытын орнату үшін жабдықтар сатып алу» жобасы аясында 20 жұмыс орнын құру көзделген. Жобаны 2025 жылы іске асыру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта «Халық банкі»АҚ-на 150 млн теңге 1 пайыздық несие алуға өтініш беріліп, шешім қабылдануда. ,Сондай – ақ, аталған серіктестіктің «Қиыршық тас карьеріне арналған ұсақтау кешенін сатып алу және орнату» жобасы да жаңа жұмыс орнын көптеп ашпақ. Қазіргі уақытта жер учаскесі рәсімделуде.
«Қарағанды жолдары» ЖШС-нің құны 9 млрд теңге болатын «Магналық жыныстар карьерінің ашылу» жобасы аясында 18 жұмыс орнын құру қарастырылуда. Жер учаскесі рәсімделіп жатыр. Сонымен қатар, осы серіктестікті «Асфальт-бетон зауытын орнату» жобасының нәтижесінде 20 жұмыс орны ашылады. Жер учаскесі берілді.
Құны 25 млн теңге болатын «Aspan Energo» ЖШС-нің «Қуаты 50 МВт жел электр станциясын салу» жобасы арқылы 22 жұмыс орны ашылмақ. Қазіргі уақытта жоба сараптамасының оң қорытындысы алынды. Алдағы жылы іске қосылатын болады.
Қала әкімінің баяндамасын жіті тыңдаған облыс басшысы өз кезегінде Қостанай облысы бойынша атқарылған жұмыстардың, жүзеге асқан қаржылық жобалардың тізімін тарқатып, слайд арқылы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
2024 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша бірнеше салаларда макро-экономикалық көрсеткіштердің өсімі тіркелген. Тау – кен өндіру саласында 10 пайыз өсім қамтамасыз етілген. Сауда – 9,1%, құрылыс – 13,6%, көлік – 5,5%, ауыл шаруашылық – 24,5% өскен.
«Бүгінгі күні облыс бюджеті 694 млрд теңгеге дейін жетті. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 10,4%-ке өсімді көрсетеді. Ал, Арқалық қаласының бюджеті 1 жылдың ішінде 26%-ке өсті. Жыл ішінде орташа еңбекақы 13,3%-ке өскен. Бүгінгі таңда орташа еңбекақы 329 мың теңгені құрайды», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Халыққа есеп беру барысында аймақ басшысы облысте еңсерілген бірегей жобалармен қатар оңтүстік өңірлердің дамуына зор ықпал ететін жұмыс жоспарларымен де бөлісті.
Ақтөбе облысынан Қостанай қаласына дейін магистралды газ құбырын өткізу бойынша ірі жоба қолға алынбақ.
«Өкінішке орай, бізде газ көлемі жетпей жатыр. Газ құбыры 1965 жылы салынған. 2019 жылдан бері ешкімге, кәсіпорындарға немесе жеке секторларға газ қосуға рұқсат берілмейді. Себебі, газ жетпей жатыр. Былтыр Президентпен кездескенде осы мәселе көтерілген болатын. Газ Қостанай облысының дамуына, ірі инвестициялардың тартылуына, халықтың ауылға тұрақтауына аса қажет. Бізде 492 ауылдың тек қана 15%-і ғана газға қосылған. Президент тиісті тапсырма беріп, үкіметке, министрлікке жыл бойы осы жұмыспен айналыстық. Шешім қабылданды. Ақтөбе облысынан Қостанайға дейін жаңа газ құбыры тартылатын болады. Ұзындығы – 630 км. Көлем қуаты – 4 млрд текше метр. Торғайға да бұрылыс бар. Жоспарлап отырмыз. Келешекте газ Торғайға да беріледі», – деді Құмар Іргебайұлы.
Облыс әкімі Арқалық қаласында жаңа балабақша салынатынын айтты. Жолдар жөнделеді. Қаланың көлік – логистикалық потенциалы ашылады. Әртүрлі шағын кәсіп көздері дамиды.
«Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтына «университет» мәртебесін беру қарастырылуда. Министрлікпен келісіміміз бар. Қала орталығында бос тұрған 5 қабатты ғимаратты сатып алдық, жөнделгесін университетке беретін боламыз», – деді облыс басшысы.
Құмар Іргебайұлы айтқандай Арқалықты абаттандыру жалғасын табады. Аэропортты іске қосу мәселесі үкімет деңгейінде қаралып, қазіргі күні оң шешімін тауып келеді. Қалааралық әуе қатынасының жанданар шағы да алыс емес.
Қос әкімнің есеп беруінен кейін жиын әдеттегідей халықтың көкейтесті сұрақтарын қоюмен жалғасты. Ашық микрофон беріліп, кім-кімнің де өзін мазалаған ойларын ортаға салуларына мүмкіндік берілді.
Ағарту саласының ардагері Ботабай Шаимов қаланың көркейіп келе жатқанына қуанышты екенін айта келе, басты көшенің бірі Абай даңғылының бойында бос тұрған ғимараттар жөнделіп іске қосылса екен тілегін айтты.
Облыс әкімі бұл ғимараттардың таяуда қайта түлейтінін алға тартты. Бұрынғы ауылшаруашылық басқармасының ғимараты институтқа берілсе, «Қазақстан» кинотеатры спорт орталығына айналатын болады.
Қала тұрғыны Қасқырбай Біржан теміржол вокзалы жанында орналасқан үйлердің аулаларына балалардың спорт алаңы салынса деген өтінішін жеткізді.
Соңғы 3 жылда қалада 36 спорт алаңы пайдалануға берілген. Қала әкімі Әмірхан Асанов қойылған сұрақтың назарға алынатынын айтты.
Зейнеткер Қажымұқанбет Әбдікұлы биыл қалада ауларалық жолдар көптеп жөнделіп, көптен қағажу қалып келе жатқан автотұрақтар жасалғанын айтып:
«Алдағы уақытта осы жұмыстар жоспарға енгізілді ме?» – деп сұрады.
Қала әкімінің айтуынша биыл қала бойынша 15 мың ш.м көшеаралық жолдарға асфальт төселген. Келесі жылы да осынша көлемде жұмыс жүргізуге ұсыныс беріліп отыр. Сметалық құжаттамасы әзірленіп, қаражаттың бөлінуіне сай жұмыстар жүргізілетін болады. Оның ішінде ауларалық жолдар мен автотұрақтар түгелдей дерлік қамтылған.
Ел алдындағы есептің сұрақ – жауап бөлімінде қоғам белсенділері тарапынан да бірсыпыра мәселелер көтеріліп, әкімдер тарапынан тиісті жауаптар берілді.
Есеп беру жиыны аяқталғаннан кейін облыс әкімі Құмар Ақсақалов тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдау өткізді.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
Арқалық қаласы