Облыс әкімі Алтынсарин ауданына жасаған сапарында Щербаков ауылында тұратын көп балалы Котцюбтер отбасына мейман болды. Жұбайлар жеті бала тәрбиелеп отыр. Олардың екеуін асырап алған. Азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп отырған ерлі-зайыптымен емен-жарқын әңгіме өрбіді. Әкім әдеттегіше билік тарапына айтар қандай да бір қалау-тілек, арыз-шағымдары болса, жасырмауын сұрады. Қазіргі тұрмысына қанағаттанып отырған отбасы өңір басшысына рахметін ғана айтты.
«Қазір екі баламыз студент. Қалғандары мектепте және балдырған жасында. Осы жағдайымызға шүкір. Мемлекеттен жәрдемақы төленеді. Оның үстіне, биылдан бастап бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақ беріле бастағанының өзі бір ғанибет. Бұрын әр балаға күн сайын 580 теңгеден ұстатып отыру қалтамызға соғатын. Ақша да қолда әрдайым тұра бермейді. Қазір жақсы болды. Мемлекеттің қарайласып жатқанына разымыз!» – деді ерлі-зайыптылар.