Наурызым — нұрлы ырысым

Наурызым — нұрлы ырысым

Жер – дүниені жаңартып, жылы шуағын ала келген Наурыз мерекесі Арқалық қаласында кең көлемде аталып өтті.

Орталық «Наурыз» алаңындағы дала сахнасы сән-салтанатымен безендіріліп, қызылды-жасылды түске енді. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық мерекені тамашалауға келген қала тұрғындары мен қонақтарына Наурызкөже ұсынылды. Сондай-ақ, сауда-саттық жәрмеңкесі мен спорттық шаралар да көптеп өрбіді.Салтанатты шақта құттықтау сөз сөйлеген қала әкімі Әмірхан Асанов: «Наурыз мейрамы халықтың асыға күтетін асыл мерекесі екенін, бұл тамаша мейрам жыл мезгілі ауысатын кезеңнің ғана символы емес, барша тіршілік атаулының оянып, табиғат жаңғыруының нышаны екенін, бұл мереке қонақжайлылық пен бауырмалдылықты, бейбітшілік пен татулықты ту еткен мемлекет саясатымен үндесетінін, Ұлыстың ұлы күні еліміздегі әрбір ұлт пен дін өкілдеріне ортақ құндылық екенін, Әз Наурыздың басты мақсаты – халықтың ауызбіршілігін, бірлігін нығайту екенін» тілге тиек етті.
Мерекелік шараға жиналған қауымның қарасы мол болды. Қыс құрсауынан босаған ағайын арқа-жарқа кейіпте бір – бірін құттықтап, мерекелік концерт, ұлттық ойындарды тамашалады.
«Биылғы Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтуде. Дәстүрлі мерекелік шараны қаламыздағы облыстық қазақ жасөспірмдер театрының әртістері «Наурыз – көктем, жыр – думан» көрінісімен ашты. Қалалық мәдениет сарайы жанынан құрылған көркемөнерпаздар ұжымы ән мен күйден шашу шашты. Көпшілікті баураған мерекелік шарамыз кешкісін жастардың би кешімен жалғасын табады»,- дейді қалалық мәдениет сарайының «Әдебиет» бөлімінің меңгерушісі Зәмзәгүл Ақылбекқызы.

Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор

Жаңалықтармен бөлісу