Бұл туралы облыстық білім басқармасының telegram каналында хабарланды.
“Жаңа оқу жылы қарсаңында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен регламенттелетінін хабарлаймыз. 2024-2025 оқу жылында қолданыстағы бұйрық басшылыққа алынады. Орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасы оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді”,– делінген ресми хабарламада.
Мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіледі және күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді. Ұлдардың мектеп формасы: пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
Қыздардың мектеп формасы: пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығының 13-тармағы).
Мектеп формасы туралы мәселелерді талқылауға балалардың ата-аналары және өзге де заңды өкілдері, мектептің өзін-өзі басқару мүшелері, қамқоршылар кеңесі мен ата-аналар комитеті қатысады және осы Талаптарға сәйкес ұсыныстар енгізеді.
Мектеп формасының фасонын таңдауды және юбканың ұзындығын орта білім беру ұйымы мен кеңес (қамқоршылық кеңесі, ата-аналар комитеті, мектептегі өзін-өзі басқару) айқындайды, жалпымектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі.
Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер мектеп формасын тігетін кәсіпорынды немесе оқушы киімдерін сататын сауда желісін өздері таңдайды.
Ата-аналар және өзге заңды өкілдер білім алушылардың орта білім беру ұйымында белгіленген мектеп формасын киюіне жауап береді.