Арқалықта Республика күнінің құрметіне орай, «Менің елім – менің туым» атты патриоттық акция аясында орталық «Ту тұғыр» аллеясында мемлекеттік туды көтеру салтанатты жиыны өтті.
Патриоттық акцияның маңызды көрінісі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын көтеру мәртебесі қаланың үздік жастары, греплингтен 2023 жылы Астана қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бекболат Байназаров пен Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының «Жас орда» студенттердің өзін өзі басқару орталығының көшбасшысы Жазира Болатоваға берілді.
Еліміздің асқақ Әнұраны ойнатылып, іс-шараға жиналған аға буын өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, студент-жастар шырқау биікке көтерілген көк туымызға қарап бой түзеді.
«2022 жылдың 16 шілдесінде өткен Ұлттық құрылтайда ел Президенті Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Сондықтан, жыл сайын қазан айының 25 – і күні еліміздің басты мерекесі Республика күні ретінде аталып өтілетін болды. Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт – санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман – тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Ту қашанда халқымыз үшін ерлік пен елдіктің символы саналған. Республика күні құтты болсын. Жастарымыз бақытты болып, тәуелсіз мемлекетіміздің айбыны асқақтай берсін»,-дейді акцияны ұйымдастырушылар атынан қалалық ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығының» директоры Данияр Қожахметов.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор