Мемлекеттік мекеме қызметкерлері жағажайды тазалады

 Мемлекеттік мекеме қызметкерлері жағажайды тазалады

Біз барғанда жағажай аумағында жұмыс қызу жүріп жатқан. Біраз атқарылар шаруаның бар екені байқалады. Су тасқынынан кейін бұл жерлер қалпына дұрыс келе қоймаған екен.

Әудем жерде арнайы киім киген бригада өз ісіне бел шеше кірісіп кеткен. Білгеніміздей – Қостанай жылуэнергетика компаниясының қызметкерлері.

Жасы елудің ол жақ бер жағындағы жігіт ағасы өзін Самырат деп таныстырды.

“Осындайда сай-сала, орманды жерлерге арналған техника бар. Оның мынаған қарағанда қуаты едәуір төмен, – деп сол жерде тұрған алып тракторды нұсқады. Алпамсадай болғанымен бітіріп жатқаны шамалы. – Жанармайды да көп жемейді. Есесіне, қуыс-қуыстағы қоқысты өзі артып алады. Қауіпсіздік инженерлері келешекте осыны ескерсе екен”, – деді ол.

Әйтсе де жастарға ол жағы тіпті кедергі болып жатқан жоқ.

Сойылдай денесімен ағаштың түбін бір өзі қазақтың қара баласы жапырып жатыр екен.

“Өздеріңіз білесіздер, елімізде екі айдан бері “Таза Қазақстан” акциясы басталды. Соған Қостанай жастары да үлес қосып жатқан жайымыз бар. Біраз жылдардан бері Қостанай ең таза қала атанып келе жатыр. Қазір де сондай дәрежені сақтап қалғымыз келеді”, – деді Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалының бас сарапшысы Байболат Сегізбаев.

Иә, бұл сенбілік жұмыстары Қостанайда көктем шыға басталды. Орталық, шеткі аудандардағы алея, саябақтар тазартылды.

Оған студент жастар да қатыстырылғанын көрдік.

“Қазір біраз жерлерде көктемгі су тасқынынан кейін жөндеу жұмыстары мен сенбілік жалғасып жатыр. Көктемде апта сайын Жеңіс саябағы мен орталық сквердің аумағы, Ахмет Байтұрсынұлы алаңынан төменгі аумақтар тазартылды. Әсіресе, Қостанай-Федоров тасжолының қалаға кіреберіс маңы ылғи қоқысқа толы болатын. Сол жерлерге баса назар аударылды”,– дейді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Олжас Дүйсеков.

Бұл науқан енді әр бейсенбі сайын жалғаспақ.

“Қазір қаланың әр тұрғыны акция барысын түсінді. Пәтер иелерінің кооперативтері өз аулаларын тазартуды әлдеқашан бастап кеткендері қуантады. Әкімдік тарапынан тек алғыс айтамыз”, – дейді Олжас Дүйсеков.

Бұл жұмыстарға жастармен қатар зейнет жасына жақындаған қариялар да атсалысуда. Солардың бірі Абай Олжабайұлының жасы алпыстан асқан.

“Біздің жігіттер жұмысты таңертең қолға алды. Өз қаламыздың тазалығы үшін түстен кейін шығуды да ұйғардық. Бұл – біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы. Осы акция – барша халықты біріктіретін науқан”, – дейді Абай Олжабайұлы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акция тазалық жұмыстарымен ғана шектелмейді.

“Көпшілік бұл акцияны тазалық науқанымен ғана шектеледі деп ойлайды. Негізінен олай емес. Бұл науқанның аясында қаланы абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Алда ағаш егіп, гүл отырғызу жұмыстары күтіп тұр”, – дейді Олжас Дүйсеков.

Жаңалықтармен бөлісу