Қостанайдың қақ төрінде 400-ге жуық бүлдіршіннің «Мен қазақпын!» деп әуелете шырқаған әні жүректі дір еткізіп, еріксіз назар аудартты.
Көшеден өтіп бара жатқан автокөлік жүргізушілері белгі-дауыс беріп қолдау көрсетсе, жаяу жүргіншілер жүздеріне қуаныш, мақтаныш сезімі ұялап, рухы көтеріліп бара жатты. Бұл №24 мектеп-гимназияның бастауыш сынып оқушылары екен. Мектептің кішігірім ауласына 400-ге жуық оқушымен қоса, 200-ден астам ата-ана жиналған. Балғындардың қолдарында көк ту, жоғары көтеріп, желбіретіп, бар ықыласымен ән шырқайды.Оқу жылының аяқталуына орай ата-аналардың бастауымен жалпы мектепішілік “Бірлігіміз жарасқан ел!” атты атты рух асқақтататын тәрбиелік іс-шарасы өтті. Мұнда кәсіпкер, ұлтжанды ата-ананың қолдауымен «Мен қазақпын» әнінің композиторы Жарасхан Төлебайды сонау Алматыдан алдыртқан екен. Балдырғандар сазгермен бірге рухты әнді шарықтата шырқады.
Ал, түстен кейін қазақ мектептерінің маңдайалды қара шаңырақтарының бірі С.Мәуленов гимназиясы оқу жылын аяқтау шарасын өткізді. Мұнда да жастардың еліне, отанына деген шексіз махаббатына куә болдық.
Оқушылар қазақтың аса көрнекті ағартушысы, алаш арысы М.Дулатов туралы «Оян, қазақ!» театрландырған қойылымын сахналады. Қоғам қайраткерінің өмірін сомдай отырып, қазақтың ауыр тағдырын, кәсіби актерлардан кем ойнамады десе болады. Ауыздан шыққан әрбір сөз, әр қимылы арқылы сонау қилы заманда халықтың көрген азабын, отарлау саясатының езгісін шынайы көрсетті. Бүгінгі ұрпақ кешегі елім деп өткен ерлердің, арыстардың арманын жанымен түсініп, ойға түйіп өсіп келе жатқанын аңғартты.
Бұл қойылымды әуелі тарих пәнінің мұғалімі Гүлмаржан Исенова ашық сабаққа орай ұйымдастырған. Осы ашыққа сабаққа облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали қатысып, балалардың өнеріне тәнті болыпты. Үлкен сахнаға шығаруды өтінген. Оқушылар сарайында алғаш рет көпшіліктің назарына ұсынылды. Театрлық қойылымның өте әсерлі болғаны сонша, залдағы жұрт сілтідей тынып, кішкентай көрермендер қол соғып, қолпаштап отырды. Қазатың тарихын, егемендіктің оңай келмегенін осы азғантай қойылымнан-ақ ұғып жатқандай болды. Қазіргі буын қазақ болып туғанын мақтан тұтатын, елінің адал азаматы боларына сенім мол.
Гүлнұр Мұратқызы