Мейірлан республикалық байқауға жолдама алды

Мейірлан республикалық байқауға жолдама алды

Бүгінгі «Шәкәрім оқулары» ІІ республикалық байқауының іріктеуіне облысымыздың түпкір-түпкірінен 40-қа жуық қатысушы жиналды.

Қазылар алқасының мүшесі Абылай Мауданов қазіргі жастардың есте сақтау қабілеті нашарлап бара жатқанын тілге тиек етті. Себебі, қатысушылардың басым көпшілігі байқау шарттарын толық сақтамаған.

«Шәкәрім атамыздың шығармашылығы өте күрделі құбылыс, сондықтан ба жиырма өлеңді жаттау қиынға соққаны білінді. Бәлкім, балалардың көп уақытын гаджетке жұмсайтыны себеп шығар», – дейді Абылай Фазылханұлы.

Сайыс екі кезеңнен тұрды. Аталмыш іс-шара Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өтті.

Кеш шымылдығын «Жұлдыз» студиясының домбырашылары «Ерке сылқым» күйімен ашты. Бірінші «Талап» кезеңінің іріктеуінен Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдерін мүдірмей айтқан 10 қатысушы топ жарып, «Білім» кезеңіне жолдама алды. Тағылымды іс-шараға алыс-жақын жерлерден келген қатысушылар қатары қалың болды. Солардың бірі Аманкелді ауданына қарасты Тасты ауылынан келген Жаннұр Қабдырашова.

«Шәкәрім оқуларына жетекшім Зарина Мұсабаевамен біраз уақыт дайындалдық. Шәкәрім атамыздың 20-ға жуық өлеңін жаттап алдым. Бұл сайыстың мен үшін мәні зор», – дейді мектеп оқушысы Жаннұр Қабдырашова.

Байқаудың қорытынды екінші кезеңінен де жүзден жүйрік шыққан қатысушылар қазылар алқасының дауыс беруі арқылы анықталды. Сайыс қорытындысы бойынша М. Хакімжанова атындағы №20 мектебінің 5 – сынып оқушысы Айдос Марат үшінші орынға ие болды. Ал, екінші орын Қарабалық ауданынан келген 5 – сынып оқушысы Аяла Ожарға бұйырды. Жүлделі бірінші орынды Арқалық қаласынан келген қатысушы Мейірлан Қапез еншіледі. Сондай-ақ, ол Астана қаласында өтетін республикалық «Шәкәрім оқулары» сайысына жолдама алды.

«Бұл менің облыстық байқауға алғаш қатысуым емес. Бұған дейін басқада байқаулардан жүлделі орындарды иелендім. Сайысқа барымды салып, жақсы дайындалдым. Ең алдымен Шәкәрім атамыздың өмірбаянымен танысып, өлеңдеріне қызыға жаттадым», – дейді жеңімпаз Мейірлан Қапез.

Барлық қатысушылар мен жетекшілерге алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етілді.

 

Гүлназ ТАҢАТҚАН,

ҚӨУ-нің студенті

Суреттерді түсірген Айбол Өміртай

Жаңалықтармен бөлісу