Қостанайға белгілі саясаттанушы Мақсат Жақау жұмыс бабымен келген болатын. Сарапшымен Тобыл өңірінде арнайы жолығып, еліміздегі соңғы саяси өзгерістер жөнінде пікірін білген едік.
Мақсат Дөңесұлы Президент жақында Қытайда іс-сапарда болды. Келіссөздер арқылы визасыз режим енгізілуде. Халық арасында кеңінен талқылаып жатыр. Алаңдау бар. Ұтатын және ұтылатын тұсымыз қандай?
– Қытай Қазақстанның халықаралық аренадағы ең жақын серіктесі. Біз сияқты халық саны аз бірнеше мемлекетпен мәңгілік достық декларациясын қабылдаған. Яғни, ол Қазақстанды агрессиялық саясат жүргізетін аймақ ретінде қарамайды. Өйткені, қытайдың тарихи саясатында да, дипломатиялық тұрғыдан да өзін басқыншы ретінде көрсетпейді. Оның жасайтыны тек экономикалық экспанция. Орталық Азияны тек энергетикалық аймақ ретінде санайды. Қытайдың ішкі энергетикасын қамтамасыз ету мүмкіндігі 9 пайыз ғана. Сондықтан олар энергетикалық күштерді сырттан тартуды көздейді. Қытайдың жағдайы Қазақстанға қарағанда 50 жыл алға дамып кеткен. Мысалы, қаржылық дағдарыс болғанда, Қытай оны сезінген жоқ. Жолын сыртқа шығаратын импортты ішкі нарыққа кіргізу арқылы тапты. Осылайша өздерін қамтамасыз етті. Қытай туристерге де мұқтаж емес. Қауіп неден? Осыдан бірнеше жыл бұрын Еуразия экономикалық одағы, оған мүшелік ету тақырыбында саясаткерлермен пікірталас болды. Сарапшы ретінде пікір білдірдік. Олар ЕЭО кіру арқылы Қытайдың қаупінен құтыла аламыз дегенді айтты. Өкінішке қарай, олай емес. Әлемдегі екінші экономикалық держава ретінде бәсекеге қабілеті өте жоғары. Сондықтан бұл жаңсақ пікір. Президенттің жаңа трансфармациялық өзгерістері тек саяси бағытта емес, экономикалық бағытта сыртқы мароэкономикалық өзгеріске бет алды. Оны Мемлекет басшысының қаншама сыртқа жасаған сапарларынан көруге болады. Біз Президенттің дипломатиялық саясатының арқасында жаңа экономикалық деңгейге көтерілуге мүмкіндігіміз бар. Ал, визасыз режимге келетін болсақ, оның қауіпі жоқ. Бізде Түркиямен визасыз режим бар. Одан келіп-кететін қауіп жоқ. Емін-еркін екі жақтың кәсіпкерлері сауда-саттық жасап жүр. Дәл солай Қытаймен де қайталанады. Визасыз режим дамыған, дамушы мемлекеттердің арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды жеделдету мүмкіндігі. Себебі 10 күн ішінде фабрика, цехтарды аралап, келісімге келу физикалық тұрғыдан мүмкін емес. Ал, енді бір ай жеткілікті. Екіншіден, ішкі нарықтағы тауар бағасы төмендейді. Қытайдың тауары еуростандарт, сапалы және сапасыз болып үш түрмен шығады. Біздегі қымбатшылық салдарынан сапасыз тауарлар көп келеді. Сондықтан, кәсіпкерлерге жол ашылып, сапа жақсарады, ресейлік тауарды ығыстыра аламыз. Визасыз режимнің экономикалық мүмкіндігі мол.
– Ішкі туризмге де әсерін тигізеді ғой…
– Әрине, азаматтық мүмкіндіктер деп атаймыз. “Сырт көз сыншы” дейді. Туристер келіп, еліміздің инфрақұрылымына қатысты мәселелерді ашық айтар болса, сең қозғалатын шығар. Әйтпесе “өз қотырымызды өзіміз қасимыз” деп ештеңе бітіре алмай отырмыз. Осы туристік салаға инвестор тартуды қолға алу керек. Шанхайдан Бейжінге дейін мың шақырым. Екі қала арасына әлемдегі ең жылдам пойызбен 5 сағатта бардық. Оның мүмкіндігі, 500км/сағ. Жаңа технология келуі керек. Сондай-ақ, мәдени-білім ықпалдастығы орнауы шарт. Шынын айту керек, Қытайдағы университеттердің сапасы өте жоғары. Біздің дарынды қыз-жігіттер оқуға мүмкіндік алады. Қазақстанның бірде-бір оқу орнында қытайтану орталығы, не кафедрасы жоқ. Ал қытайда 5 қазақтану орталығы бар. Шанхай университетінде қазақтану кафедрасы бар. Олар біздің бүге-шүгемізге дейін зерттеп тастаған. Бұл жерде дұрыс көзқарас қалыптасуы керек. 42 келісім жасалды деді. Қарапайым жеңіл өнеркәсібімізді қалыптастыра алмадық. Қырғыздар сияқты тоқыма өнеркіәсібін жүйеге түсіре алмадық. Өзіміздің ішкі нарықты реттей алмай отырып, өзгелер жаулап алады дей алмаймыз. Шекараны жауып алып отырғаннан гөрі, керісінше Қытайдың технологиясын, кәсіби мүмкіндіктерін игерген әлдеқалай тиімді. Қытайда “Алибаба” компаниясының менеджерімен әңгімелестім. Оның кәсіби көзқарасы ерекше ұнады. Алматының әкімімен таныстыруымды сұрады. Не үшін десем? Алатау бөктерінде гидроэлектр станциясын салуды көздейді. Инвестор тауып беруге дайын. Станцияны салған соң қалаға, Алматы облысына, Жамбылға ары қарай Қырғызстанға электр тогын сатпақшы. Бір қытайлық кәсіпкермен сөйлескенімде бізге Қазақстанның бір облысының аумағындай жер берсе, әлемдегі бірінші аграрлық мемлекетке айналдырар едік дейді. Себебі оларда өнім беретін жер 11 пайыз ғана қалды. Соя еккендіктен, көп жері ұзақ жылға жарамсыз болып қалған. Олардың еңбекқорлығын, ізденімпаздығын және кәсіби түсінігін үйренсек екен. Заңға бағынған, мемлекетке сенеді. Дүние өртеніп кетсе де, халықты мемлекет аш қалдырмайды дейді. Қазақстанда ертеңгі күніне сенбейтіндер көп. Алдағы мың жылдықты жоспарлап отыр. Бізде алдағы 5 жылды әзер жоспарлаймыз. Десек те, олар қазақ елін дарынды ұлт ретінде жақсы қабылдайды. Бір ғана Димаш дүрсілкіндірдіғой…
– Бір пікіріңізде “біздегі Үкімет – халықтық Үкімет емес” дедіңіз. Жұмысты жетілдіру үшін қандай да бір тетіктерді өзгерту керек шығар?
– Көп жағдайда жүйесіздікпен байланыстырамын. Жақында Қазақстан темір жолында Астанаға таңғы сағат бес жарымда жететін пойыз 7-де келді. Бұл тек бір ғана Астанаға ғана қатысты емес, өзге аймақтарда да кездесетін кемшілік екенін жақсы білемін. Өздері қалыпты жағдай көріп алған. Кеңес үкіметінде жүйе болды, ондай жағдай жоқ. Әркім өзінің жұмысын дұрыс істеді. Логистикалық жүйе қалыптаспаған. Былтыр жылу–электр станцияларында апат болды. Қыс ортасында ЖЭС-ы істен шықты. Осының барлығын қазір жазда істеу керек дүние ғой. Сондықтан, біздегі жүйесіздік ауру сияқты дендеп алды. Бұл жерде Президенттің де ұстанып отырған әділдік, адалдық деген идеясы қазір өте қажет. Билік өкілін жақыным деп қарамау керек, заң үстем болуы керек. Сол кезде әділдік күшейеді. Қытайдың жүйесінде әділдік өте жоғары. Ол жерде тек лайықтылар бәсекелесе алады. Бізде көп жағдайда лайықтылар бәсекеден ығыстырылып, өзгелер алға шығады. Мұның бәрі сөзсіз әділетті қоғамның шеңберінде болады. Ұрпақ ауысу керек, ағартушылық, танымдық иедологиялық бағытты санаға сіңдіре беру керек. Біз баланы қазір телефонмен тәрбиелеп отырмыз. Көзі де, санасы да құриды. Саналы ұрпақ тәрбиелейміз десек ата-аналар өздерінен бастауы керек. Өләра кезеңде бірден әділетті қоғамды жасақтай алмаймыз. Бірақ идея бар, бағыт бар. Саясаттың бағыты дұрыс кезеңге бет бұрды деп айтуға болады. Қаңтар оқиғасы көп нәрсені түсіндіріп кетті. Шын мәнінде үлкен ресурстар халықтың игілігіне жұмыс істеуі керек. Президент әртүрлі деңгейде құзыреттерді бөліп берді. Сайлаулар күшейді. Сайлау арқылы ғана балама билік келеді. Сайлау арқылы үздік бағдарламалар, тұлғалар келеді.
– Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне өзгерістер енгізілуде. Ол әкімдердің жауапкершілігін арттыра алады ма?
– Алдымызда 45 қала мен аудан әкімдерінің сайлауы келе жатыр. Біріншіден, жергілікті өзін-өзі басқару заңнамасы қазір Парламент қабырғасында талқылануда. Оның іргетасы Конституциялық өзгерістер арқылы енгізілді. Жиырма аймақтың басшылары шын мәнінде қазір сайланбалы жолмен келеді. Себебі бұрыңғыдай қаласа да, қаламаса да деген нұсқа жоқ. Мәслихат депутаттары сайлайды. Төмен деңгейден барлығы сайланбалы болып тұр. Бізде саяси технологиялар күшеймей, саяси мәдениет қалыптаспайды. Өкінішке қарай, 2007 жылдан бастап бізде толық саяси монополиялық режим төмен түсіп кетті. Сондықтан қазір мықты Президенті бар, ықпалды Парламенті бар, жауапты Үкіметі бар идеяға көштік. Бұның өзі әсте-әсте қалыптасады, бірден болмайды. Жауапкершілік сөзсіз артады. Егер сайлау арқылы мәслихат депутаттарын сайлап алса, ертең өзінің уәдесін орындамаған жағдайда депутат құзіреттілігін қайтарып алады. Міне, осының бәрі қазір заңнама бойынша енгізілуде. Сондықтан біз көп нәрсеге үмітпен қараймыз. Өзгерістерге де дәл солай. Жауапкершілік алатын біреу болуы керек. Ол шенеуніктер, депутаттар, тіпті халықтың өзі жауапкершілік алуы керек. Саяси бәсекелестік арқылы сапаға қол жеткізе аламыз. Дұрыс бағытта келе жатырмыз.
– Ашық әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Сералы МЫРЗАБАЙ