Қолыма қалам алуыма Досымағанбет Айқын әженің тағдыры себеп болды. Таяуда ол кісі екеуіміз «Қостанай» телеарнасының журналисі Әлия Құлтанованың шақыртуымен «Ақсұлу» бағдарламасына қонақ болып келдік. «Қарттар үйі» тақырыбына әңгіме қозғалды.
«Әр адамның тағдыры маңдайына жазылған, одан қашып құтыла алмайсың» деп үлкен кісілер бекер айтпаған болар. Сол бағдарламада осы тұжырымға айқын көз жеткізгендей болдық.
Айқын әже Орынбор облысының тумасы. Бес ағайындыдан жалғыз қалып, тұрмыста болып, тұңғышы мен жолдасы да мәңгі сапарға аттанады. Қазақстанға жол түсіп, аналарынан айырылған жеті балаға әке болып отырған Жақия атамен отау құрып, жиырма бес жыл отасады. Қыздарды ұзатып, ұлдарды үйлендіріп, немере сүйіп отырғанда Жақия ата қайтып, Айқын әже тағы жалғыздыққа душар болады. Балалармен жақсы қатынаста болса да Айқын әже сексен жасқа толғанда қарттар үйіне баруды ұйғарады. Өзінен тумаса да, жеті баланың, олардың перзенттерінің тілегін тілеушісі болса да, маңдайына жазған тағдыры осы шығар, қарттар үйінен орын бұйырды. Журналист Әлия қызымыз «сізді балаларыңыз шақырмады ма?» деген сұраққа әже көп ойланбастан «өз өмірі, өз үйлері бар оларға неге кедергі болам» деп жауап берді. Бұл сөздің арғы жағында не жатқанын кім білсін. Іштен шықпаса да, өмірінің жартысын соларға арнаса да, жеті шаңырақтан, бір үйдің бүйірінен бір бұрыш орын табылмауы мені қатты толқытып жіберді. «Оларға ешқандай өкпем жоқ» деп отырса да, Айқын әженің жеті шаңырақтың біреуіне батылы жетіп, кіре алмауы неден?
Қарты бар үйдің қадірі бөлек еді ғой. Бұл біздің жастардың санасына жетпей отырғаны ма? «Әке-шешеңе не істесең, қартайғанда алдыңа сол келеді» деген бекер айтылмаған болар. Қарттар үйінде Айқын әже бір бөлмеде тұрып, жағдайын жасап, ғұмыр кешіп жатыр. Келгеннен бері денсаулығына көңіл бөлуде. Қарттар үйінің күн тәртібіне үйреніп алды. «Өмір маған осыны маңдайыма жазды, көтерейін, төзейін, алдағыны бір Алла біледі, қызым» деп әр күніне шүкір етіп отырады.
Бәлен жылдан кейін еліміз егемендік алып, тілімізге, салт-дәстүрімізге оралып, бет бұрып жатқанда қарттар үйінде қарақөздердің жылдап емес, ай сайын көбеюі байқалады. Қазақ халқы жетімін жылатпаған еді ғой. Заман өзгерді ме, әлде халықтың көзқарасы басқа болды ма?
Әулеттің тірегі әкеміз, шаңырақтың ұйытқысы әжеміз емес пе еді? Сіздерден пікір күтемін, құрметті оқырман қауым!
Нәзипа ӨТЕКЕЕВА,
№1 Рудный арнаулы әлеуметтік
қызмет көрсету орталығының маманы