Ахаң университетінде ашық есік күні өтті

Ахаң университетінде ашық есік күні өтті

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде Қостанай қаласының мектеп басшыларына ашық есік күні ұйымдастырылды. Оған А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ Басқарма төрағасы-ректоры Сейітбек Қуанышбаев, Қостанай қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева, Қостанай қаласы мектептерінің директорлары және институт директорлары мен кафедра меңгерушілері қатысты.

Дөңгелек үстелде кәсіптік бағдар беру мәселесі, университет пен мектептердің өзара ынтымақтастығы талқыланды. Басқосудың негізгі мақсаты – түлектерді еліміздің жоғарғы оқу орындарын таңдауға ынталандыру механизмін анықтау, сондай-ақ кәсіптік бағдар берудің жаңа тиімді формаларын қарастыру.

Мәжіліс залында өткен дөңгелек үстелде алдымен сөз алған университет ректоры Сейітбек Қуанышбаев университет туралы айтып өтті.

Біз ұжым болып кездесіп, университеттің тыныс-тіршілігін таныстыра отырып,  болашақта түлектерді біздерге жіберсеңіздер екен деген ниетпен өткізіп отырмыз. Қазір көктем уақыты. Мектеп бітіруші түлектердің болашақтарын ойлап, қайда оқуға барсақ, қай жерде қандай мүмкіншілік бар деген сұрақтар туындап жатады. Біздің оқу орның осы бағытта бекіткен арнайы жоспары бар. Қазір қала мектептерінде үгіт-насихат жұмыстарын бастап та кетті. Мектеп түлектерінің оқу таңдауда екі адам әсер етеді. Оның бірі – ата-анасы, екінші – мектеп мұғалімдері, – деді Сейітбек Бекенұлы.

Өңірдегі іргелі оқу орын қалалық білім бөлімімен тығыз байланыста. Қаланың алдыңғы қатарлы мектептерінде университет кафедраларының филиалдары ашылды. Жақында университет оқытушылары мектептердегі Қамқоршылық кеңестің құрамына кірді.

– Мамандық таңдау – маңызды іс. Біздің мақсат – сіздерге дұрыс бағыт, бағдар беру.  Бұрын колледж бітірген студенттер біздің оқу орнында үш жыл оқитын болса, қазір екі жылға қысқарттық. Әрі жұмыс істейді, әрі білімін жоғарлатады. Бірнеше мекемелермен байланыс жасап, университет түлектерін жұмысқа орналастыру да – жоспарланған жұмыстардың бірі. Мектеп түлектері осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланғаны жөн. Өңірдегі ірі кәсіпорындармен келісім-шарт жасалған. Техникалық мамандықта оқып жүрген студенттер «Сарыарқа» Автопром, «Агромаш» Холдинг, тағы екі зауытта соңғы курста жұмысқа тұра алады. Жалпы қала мектептерімен бірлескен зерттеулер жүргізілетін ғылыми зертханалар ашу да жоспарда бар. Бұл қадамдардың барлығы талапкерлердің университетімізбен тығыз байланыста болуы, түлектерді тарту мақсатында жасалып отыр, – деді университет ректоры.

Жиынға қатысушылар университет өкілдерінің ата-аналармен және оқушылармен жүйелі түрде кездесулер өткізу, білім беру бағдарламаларымен таныстыру, оқу орнына экскурсиялар ұйымдастыру туралы ұсыныстарын айтты.

Біз оқу орын қала мектептерімен тығыз байланыста. Әрмен қарай басқа да іс-шараларды қолға алмақпыз. Біздің институттың профессорлық-оқытушылық құрамы үнемі мектептің оқушыларымен олимпиада, ғылыми зерттеу жобаларына ұйымдастырып, осы бағытта жұмыс істейді. Біздің іргелі оқу орнының білім сапасының жоғары екенін талапкерлерге жеткізу. Педагогикалық инситутта он кафедра бар. Онда 14 білім беру бағдарламасы жұмыс істейді. Сол бойынша бітірген түлектер 100 пайыз жұмыспен қамтылады, – дейді Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институтының директоры Кенжегүл Есіркепова.

Басқосу соңында қала мектептерінің оқушылары төрт институтты аралап, шағын концерттік бағдарламаны тамашалады. Кафедра өкілдері өздерінің білім беру бағдарламаларымен таныстырды. Түлектің болашақ кәсібі туралы, университеттің артықшылықтары туралы бағдарламаларға қабылдау және оқыту үдерісі таныстырылды.

Биыл оқу жылында университет бұл бағытта біршама жұмыстар атқарды. Оқу орнының оқытушылары қаңтар-сәуір айлары аралығында облыстың аудан-қалаларындағы барлық дерлік мектептерде болып, оқушылармен және олардың ата-аналарымен кездесті. Осы күндері өңірлік университет өкілдері Түркістан облысының оқушыларымен жүздесіп, кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізуде. Жақында Батыс Қазақстан өңірінің түлектерімен кездесу жоспарланған.

Сонымен қатар, ашық есік күні аясында облыстағы 20 мектептің мұғаліміне қайта даярлау курстарынан өткендігі туралы сертификат берілді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу