Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Меңдіқара ауданының Михайлов ауылдық округіне қарасты Степанов ауылына барды.
Ауылдағы мектептің жай-күйімен танысты. Білім беру ошағында мектеп алды даярлық тобын қоса есептегенде 191 бала оқиды. Алайда даярлық тобының бүлдіршіндері мектеп ішінде орын болмағандықтан, бөлек нысанда тәлім алып жүр.
– Мектебіміз 1974 жылы бой көтерген. Ғимарат бастапқыда бастауыш сыныптары үшін арналған. Сынып бөлмесі жетіспегесін даярлық орталығының тәрбиеленушілері үшін “Восток-1” ЖШС-не тиесілі бұрынғы қонақ үйдің екі бөлмесін жалға алып отырмыз. Ол жерде бейнебақылау орнатылмаған, өрт дабылы және күзет жүйесі жоқ, – деп атап өтті Степанов жалпы білім беретін мектебінің директоры Әсел Есенова.
Мектепте іс-шараларды өткізетін мәжіліс залы мен асхана жоқ. Оқушылар “Восток-1” ЖШС асханасынан тамақтанады. – Болашағы бар ауыл. Мектеп қабырғасына жапсарластырып қосымша ғимарат салу ұсыныстарыңыз бойынша егжей-тегжейлі қарастырып шешім қабылдайтын боламыз, – деді Құмар Ақсақалов. Мұндағы фельдшерлік-акушерлік пунк жақын ауылды қоса алғанда мыңнан астап тұрғынға жәрдем көрсетеді. Штат кестесі бойынша 4 медқызметкер болуы керек, алайда маман жетіспейді. Осы жылы Арқалық медициналық колледжін фельдшер мамандығы бойынша аяқтайтын бір жас маманды ауылға алдыртпақ.
– Жас мамандардың ауылға келіп жұмыс істеуі үшін тиісті жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Баспанамен қамтамасыз етіп, көтермеақы төленеді. Оны үстіне жергілікті шаруашылық иелерінен де қолдау болады, – деді Меңдіқара аудандық ауруханасының бас дәрігері Рудава Жакина.
Өңір басшысы ауылдардағы дәрігерлік пунктердің қызметін жақсартып, маман мәселесін тезірек шешуді тапсырды. – Ауылдық жерге барғанда мектеп, медициналық пунктердің жағдайымен міндетті түрде танысамын. Өйткені, науқас жайлы, жылы жерде ем-домын қабылдап, оқушы еш кедергісіз білім алуы шарт. Қандай да бір мәселені жедел шешуге тырысамыз, – деді Құмар Ақсақалов.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ