Мал шаруашылығын дамытуға  республикалық бюджеттен 20 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді

Мал шаруашылығын дамытуға  республикалық бюджеттен 20 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді

Халықты сапалы мал өнімдерімен қамтамасыз етудің маңызы өте зор. Малдың қоңды болуы жем-шөпке байланысты. Бюджеттік инвестиция фермерлердің шөп шабуға қажетті техникаларды жеңілдетілген шарттармен сатып алуға негізделген. “ҚазАгроҚаржы” АҚ биылғы жылдың 26 маусымынан бастап “Өз жем-шөбіміз” бағдарламасы бойынша өтініштер қабылдай бастады.

Мамандардың айтуынша, сапалы мал азығы ресурстарына деген қолжетімділікті арттырып, азық-түлік базасын жақсарту мал шаруашылығындағы негізгі міндеттің бірі. Сондықтан, «ҚазАгроҚаржы» АҚ жасаған “Өз жем-шөбіміз” бағдарламасы мал азығын әзірлеуге қажетті техника паркін жаңартуға мүдделі. Екіншіден, өнімділікті арттыру, рациондарды оңтайландыру және жоғары сапалы азықпен қамтамасыз ету малдың тез қоңдануына үлкен сеп. Яғни, бұл ет, сүт және мал өнімдерінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Оның үстіне тұрақты жем-шөп базасын құру арқылы өнімділікті арттыру ауыл шаруашылығы өнімдерінің импорттық үлесінің төмендеуіне көп әсер етеді. Сосын, мал шаруашылығын дамыту ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға, қарапайым еңбек адамдарының өмір сүру деңгейін жақсартуға ынталандырады.

–«ҚазАгроҚаржы» АҚ шаруашылықтарға жем-шөп дайындауға аса қажетті трактор, тырма, орақ, сияқты техника беруге дайын. Тек, трактордың қуаттылығы 110 аттың күшінен аспауы тиіс. Біз жақында Арқалық, Аманкелді, Жанкелдин, Науырзым, Алтынсарин аудандарын аралап, шаруалармен кездестік. Оларға «өз жем-шөбіміз» бағдарламасының тиімділігі туралы айтып бердік. Енді жоспар бойынша облыстың өзге де аудандарын аралаймыз,–дейді «ҚазАгроҚаржы» АҚ өңірлік филиалының директоры Әлібек Қарайдаров.

Айтуынша, бүгінгі күнге дейін бірқатар шаруашылық өтініш беріпті. Дәлірек айтсақ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ шаруалармен келісім-шартқа отырған.

Шөп шабуға қажетті техника алу үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның телеграм-боттары арқылы өтініш беруге болады. Сосын бес күн ішінде тиісті құжаттарды әзірлеуі керек. Оны арнайы комиссия қабылдап алған соң, мұқият тексереді. Содан кейін шешім шығарылады.

Лизинг алушылар мына көрсетілген критерийлердің біріне сәйкес келуі шарт. Жайылымдық немесе шабындық жер телімінің болуы, лизинг алушының қызметі түлік өсірумен, мал бордақылаумен байланыстылығы, мал азығын дайындау бойынша лизинг алушының қызметін құжатпен растайтын басқа да факторлар болуы керек.

Жеңілдетілген несие шарт бойынша жылдық 6% үстемақымен 10 жыл мерзімге беріледі. Аванстық төлем лизингке алынатын техниканың 15% -нен басталады. Қаржыландыру лимиті үш техникадан аспайды. Лизинг алушыға қаржы екі жылдың ішінде бір-ақ рет беріледі. Айта кетейік, ауыл шаруашылығы техникасы, жылжымалы суару жүйесінің жабдықтар тізімі www.kaf.kz сайтында жарияланған.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу