Мәдениетке маман, ғимаратқа жөндеу қажет

Мәдениетке маман, ғимаратқа жөндеу қажет

Қаланың мәдениет саласын қаржыландыру өткен жылмен салыстырғанда 27% ұлғайған. Тиісінше бірқатар мәдени ошаққа жөндеу жүргізілген.

Айталық, облыс орталығындағы “Н.Островский” кітапханасы 7,4 млн теңгеге ағымдағы жөндеуден өтсе, 3 кітапхана филиалын мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлап қайта жаңғыртқан. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәуле Әзімжанова “Станционный” кітапхана филиалы ғимаратын күрделі жөндеуге және “Мирас” мәдениет үйінің сахналық жабдығын жаңартуға жабалық-құндық құжаттама әзірленіп жатқанын айтады.

            – Қалалық “Мирас” МҮ-нің механикалық және жарық жабдықтары тозған. Led-экран мен сахна киімін жаңарту қажет. Оның сыртында сахна жабыны мен залдың электр желілері жөндеуді қажет етеді, – дейді С.Әзімжанова.

Мәдениет үйінде 24 шығармашылық топ жұмыс істейді. Соңғы 10 айда ұжым 336 мәдени-бұқаралық іс-шара өткізген. Ұжымның Наурыз мейрамын мерекелеуге, Жеңіс күнін және Қостанай қаласының 144 жылдығына арналған іс-шаралар өткізуге еңбегі сіңді.

            – Шығармашылық ұжым облысты аралап 12 көшпелі концерт ұйымдастырды. Оның ішінде тиімділіктің негізгі көрсеткішін орындау аясында 6 ауылдық елдімекеге бағдарламамен барды. Эстрадалық-джаз оркестрі Астана қаласында “Қазақконцертте” өткен халықаралық шараға қатысты, – деді бөлім басшысы.

Қала әкімі Марат Жүндібаев та “Мирас” МҮ-не жөндеу қажет екенін растап отыр.

            – Заман ағымынан қалыспай, жаңа деңгейге көтерілу қажет. “Мирас” мәдениет үйі сарайға айналуы шарт. Қаланың ауқымды іс-шаралары өтетін жалғыз ғимарат. Білемін, қазірдің өзінде ескірген. Сахнадан бастап, киімдер мен жабдықтардың барлығын жаңалау керек. Жобалық-құндық құжаттама өткен жылы әзір болғанда, қаржы бөлуге әзір едік, – деді қала әкімі.

Бөлім басшысы жобаны 1 желтоқсанға дейін бекітуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Әртістердің шығармашылық дамуына көңіл бөлу керек. Марат Жүндібаев оны да айтып өтті.

            – Нарық бағасын ескеріп, егжей-тегжейлі есептеу керек. Әртістер шынын айтқанда бір орында отырып қалды, оларға “шығармашылық сілкініс” жетіспейді. Дамыту үшін Астана, Алматы сынды үлкен қалаларда өтетін концерттер мен байқауларға жиі жіберіп тұрған жөн. Олар шабыттануы тиіс, – деді қала әкімі.

Мұның сыртында М.Жүндібаев ауқымды байқауларды өткізуді тапсырды. Оған өзге аймақтың өнерпаздарын тартуға кеңес берді. Олар қаланың алдағы уақытта өтетін іс-шараларына атсалысуы керек екенін айтты. Келер жылы вокалдық және хореографиялық өнер байқауын өткізу жоспарланып отыр. Мемлекеттік кітапхана бағытын дамыту мәселесі де маңызды. Бүгінде бұл салада қызмет ететіндердің жұмыстан шығуы жиілеген. Басты себебі – жалақының төмендігі. Сондай-ақ, білікті мамандардың жетіспеушілігі де өзекті түйткілге айналып отыр. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәуле Әзімжанованың айтуынша, бейінді білімі бар жас мамандар кітапхана саласында жұмыс істегісі келмейді екен.

            – Үрлемелі аспаптар оркестрінің әртісі, көркемдік жетекші және кітапханашылар қажет. Біздегі жалақының орташа айлық деңгейден екі есе төмендігінен білікті мамандар жұмысқа келмейді. Биылдың өзінде жеті кітапханашы жұмыстан шықты, – деді ол.

Айта кетейік, жалпы мәдениет қызметкерлерінің орташа лауазымдық жалақысы шамамен 140 мың теңге. Міндетті шегерімдерді ұстағанда, қолға тиетіні 112 мың теңге. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл сала қызметкерлерінің жалақысы 26% артады. Ал кітапханаға қорын толықтыруға жыл сайын бюджеттен қаржы бөлініп отырады. Биыл 2,4 млн теңгеге кітап сатып алынған.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу