Сүйінші хабар. Жерлесіміз, көпке танымал суретші-мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Сапарбек Ұзақов республикалық байқауда топ жарды.
«Жаңа Қазақстан» республикалық қоғамдық бірлестігі мен «BILIM ORKENIETI» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен байқауда мәдениет саласының дамуына қосқан елеулі үлесі мен мінсіз қызметі үшін «Қазақстан Республикасының мәдениет және өнер саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Сапарбек Әбілбекұлы 1960 жылы Қостанай облысының Аманкелді ауданында дүниеге келген. Арқалық кәсіптік-техникалық училищесінен «фотограф-мастер» біліктілігін алып, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының көркемсурет факультетін бітірген. Мектепте, жоғары оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарды, әдістемелік еңбектер шығарды.
Халқымыздың ұлы тұлғалары Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Аманкелді Иманов, Жұмабай Шалабайұлы, Нұржан Наушабаев, Қайнекей Жармағанбетов, Өзбекәлі Жәнібеков т.б мүсіндерін сомдады.
Бүгінде тума талант иесі Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы» облыстық музейінде «суретші-реставратор» болып табысты еңбек етіп келеді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы