16 июня, 2025
Мәдениет майталмандарын марапаттады

Мәдениет майталмандарын марапаттады

Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай, осы саланың ілгерілеуіне үлес қосқан өңірдегі бірқатар азаматқа «AMANAT» партиясы облыстық филиалы төрағасы Алмат Досмұхамедовтің және партия жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесінің төрайымы Кенжеш Оразғалиқызының құттықтаулары табыс етілді.

«Мәдениет ұлттың мәйегі, өнер халықтың қазынасы. Мәдениет пен өнер егіз ұғым. Әрбір елдің рухани күші осы екеуімен өлшенеді. Мәдениет пен өнерді қолдау партияның басым бағыттарының бірі. Осы бағытта, руханиятқа үлес қосып жүрген сіздердің еңбектеріңіз орасан. Мәдениет қызметкерлерін елдің рухын көтеруші, байлығын сақтаушы және оны келешекке жеткізуші деп құрметтейміз. Қалтқысыз қызметтеріңіз абырой биігіне жетелеп, ел ықыласына бөлене беріңіздер! Сіздерге зор денсаулық, жаңа кәсіби жеңістер, жоспарлаған мақсаттарды іске асыруда сәттілік тілейміз!», – деп атап өтті кеңес төрайымы.

Қазақ руханиятының асыл қазынасына айналған айтыс өнерінің алтын арқауын жалғаған дара тұлғалардың бірі – Әсия Беркенова. Өлең-сөзді қару еткен еліміздің асыл қызы ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келе жатыр. Сахнада ғана емес, өмірде де ұстанымы берік, сөзі өткір, азаматтық ар-ожданнан айнымайтын болмысымен елдің сүйіспеншілігіне бөленген жан. Ұлттық мәселелер таразыға түскен сәттерде сөздің салмағын танытып, елдің ертеңіне алаңдады, шынайы жанашырлық таныта білді. Шығармашылығы, қоғамдағы белсенділігі бүгінгі мәдениет пен өнер өкілдеріне бағыт-бағдар десе де болады. Ұлттық өнерге қосқан өлшеусіз еңбегі жас ұрпаққа ұлағат, елге мақтаныш. Бүгінде «Miras» кеңесіне мүше болып, адалдық танытқан мәдениет саласына атсалысып келеді.

Кеңестің тағы бір мүшесі Римма Ғайсенова болса, еліміздің мәдениет саласына үлкен үлес қосқан, Қостанай облысының рухани өмірін байытуға қалтқысыз қызмет еткен көрнекті қайраткер. Ол басқарған жылдарды әріптестері облыс мәдениетінің ең жарқын кезеңдерінің бірі деп еске алады. Өнерге, мәдениетке деген жанашырлығы мен құрметі жастарға үлгі.

Бүгінде облыстық шығармашылық орталықтың мәдениет саласына сіңірген еңбегі зор. Дәмер Елтайұлы басған ұжым өнер мен шығармашылықты дамытуға мол үлес қосып келеді. Осындай  азаматтардың арқасында еліміздің рухани байлығы артып, мәдениетіміз өркендей түсуде.

Ақындық, сатирикалық, журналистік және аудармашылық еңбектерімен қазақ руханиятының дамуына елеулі үлес қосып жүрген Абылай Мауданов партия жанындағы ұйымның мүшесі. Кеңесте өзі еңбек етіп жүрген саладағы мәселелерді көтеріп, оны шешуге де атсалысып жүр.

Мәдени мұраны сақтау және ұлттық құндылықтарды дамыту партия қызметінің басым бағыттарының бірі. Осы бағытта, руханиятқа үлес қосып, Ыбырай дүниелерін жинап жүрген азаматтардың бірі Марғұлан Оспановтың еңбегі орасан. Оны елі мәдениет қызметкерлерінің рухын көтеруші, байлығын сақтаушы және оны келешекке жеткізуші деп құрметтейді.

Тоты Әбдібекқызы мәдени мұраны сақтау жолында ұлттық құндылықтарды дамытып, өңірдегі тілдің жаңғыруына қомақты үлесін қосып жүр. Мәдениет қызметкерлерін елдің рухын көтеруші, байлығын сақтаушы және оны келешекке жеткізуші десек, сол жолда қалтқысыз еңбек етіп келе жатқан жан Сания Серікқызы. Ол бірнеше жылдан бері облыстық кітапхананың тізгінін ұстап келеді. Бүгін кеңес мүшесі ретінде өзіндік үлесін қосып келеді.

Кеңес төрайымы осы аталған тұлғалардың әрқайсысын филиал төрағасының атынан құттықтап, мәдениетке, өнерге қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.