Лисаков қаласында бұқаралық спортты дамытуға жақсы көңіл бөлініп отыр. Дегенмен, мұнда ашылған спорт кешендерінің барлығы дерлік жекеменшік кәсіпорындардың қарамағында. Қала халқы дене шынықтыру ошақтарының тегін әрі қолжетімді болғанын қалайды. Алдағы уақытта тұрғындардың саламатты өмір салтын ұстануына жол ашатын заманауи спорт кешені салынбақ.
Облыста жоқ теннис орталығы
Осыдан екі жыл бұрын салынған үлкен жабық теннис орталығы бір мезетте елуге дейін көрерменді қабылдайды. Облыстық және республикалық ауқымдағы теннис жарыстарын өткізу үшін заманауи стандарттарға сай салынған. Күніне жүз адамға дейін жалпы дайындалу мүмкіндігі, күндізгі уақытта балаларға арналған жаттығу процесі және кешкі уақытта осы спорт түрін сүйетін қаланың ересек тұрғындары үшін есігі айқара ашық. Теннис орталығының қасында заманауи күштік тренажерлер орнатылған. Барған сапарымызда Лисаков қалалық балалар және жасөспірімдер мектебінің аға жаттықтырушысы Павел Саламаханы жолықтырдық.
«Лисаков қалалық балалар және жасөспірімдер мектебінен екі жаттықтырушы, біреуі республикалық спорт федерациясынан арнайы шақырылды. Бұл нысанның сыйымдылығы жүзге тарта бірнеше бағыттағы спортшылардың келіп дайындалуына қауқарлы. Қазір 5-6 жастағы балалар арасында теннисті дамытып жатырмыз. «Baby tennis» деп аталады. Оған қоса, алты жастан он сегіз жасқа дейінгі аралықты қамтиды. Жүзге тарта бала шұғылданады. Оның сыртында, жұмыстан кейінгі уақытта қала тұрғындары да аталған спорт түрімен айналысады. Ешқандай шектеу жоқ. Сөз жоқ, бұл теннис орталығы заманауи үлгіде салынғанымен екі жыл қатарынан көктем, жаз айларында шатырынан су ақты. Жақында ғана салған мердігер компанияның жұмыс бригадасы келіп, жөндеу жүргізді. Тағы бір айтар ұсынысым, алып кешен тұрғындарға арнап салынғандықтан, сенбі, жексенбі күндері келушілерге есігі ашық болса екен, – деп пікір білдірді Павел Саламаха.
Заманауи спорт кешені салынады
Лисаковтағы қалалық стадионның аумағы 4 мың шаршы метр, онда екі қабатты жұмыс ғимараты, үлкен жабық теннис орталығы және қосалқы бөліктерге бөлінген. Алаң әртүрлі спорт түрлеріне арнап салынған. Тартан жамылғысымен және жасанды көгал жабылған спорт учаскелеріне бөлінген. Қажетті спорттық ғимараттары толықтай құрал-жабдықтармен жабдықталған.
«Қаланың әр шағын ауданда шағын футбол, баскетбол, волейбол және күштік тренажерлар, ойнауға арналған жасанды жабыны бар тартанмен қапталған 14 әмбебап спорт алаңы бар. Лисаков қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі спорттың он бірі түрі бойынша дайындайды. Мыңға тарта бала шұғылданады. «Алтын-Өмір» ЖШС қарасты спорт кешені, онда жүгіру жолдары бар зал, ойын алаңы, бассейн, бокс секциясы жұмыс істеп тұр. Бұл спорт кешеніне тек спортшылар ғана емес, қаланың барлық тұрғындары, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар да келеді. Қалада жеті аула клубы бар. Сондай-ақ, қалалық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы, «Теңізшілер» клубы, «Ұлан» әскери-патриоттық, «Спарта» атлетикалық, жүгіру әуесқойлары клубтары жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту және «Спешиал Олимпиксті» дамыту бойынша қалада 264 адам қамтылды. Өткен жылы 266 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 16 мыңнан астам әуесқой қатысты», – дейді Лисаков қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Лина Досмұхамедова.
Жыл сайын кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелер арасында ерлер командалары арасында спорттың он түрі және әйелдер командалары арасында спорттың сегіз түрі бойынша спартакиада өтеді. Қала бойынша 150 спорт қызметкері еңбек етеді. Қазір мұнда спорттың бірнеше түрі бойынша 19 нұсқаушы келісімшартпен жұмыс істейді. Барлық секциялар тегін, оған баратындар саны сегіз мыңнан асады.
Жыл сайын спорттық құрал-жабдықтар мен нысандарды сатып алуға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінеді. Қала халқы мен жастары өте белсенді. Туған өлкелерін жақсы көреді. Қалалық және облыстық ғана емес, әлемдік жарыстарда жүлделі орындарға иеленіп жүргендер лисаковтықтар да бар.
«Жағымды жаңалықтармен қатар, кемшіліктер де жоқ емес. Шағын шаһарда тұрғындардың барлық топтарына тегін және қолжетімді фитнес клубтар жоқ. Жүгіру жолдары, ойын алаңдары бар тегін спорт залы қажет. Бірақ, жекеменшік спорт ошақтары бар, оған тұрғындардың баруға уақыт пен мүмкіндік шектеулі. Хоккей корты да жеке кәсіпкердің меншігінде. Алдағы уақытта қала басшылығы Мемлекет басшысының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру үшін үлкен заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені салуды жоспарлап отыр. Мақсат – қаланың барлық тұрғынын бұқаралық спортпен шұғылдануға тарту, саламатты өмір салтын насихаттау. Өйткені, спорт – денсаулық кепілі», – дейді Лина Досмұхамедова.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ
Лисаков қаласы