Күзетшілер қауқарсыз, лагерь жоқтың қасы. Сала басшылары мәселені шешуге неге асықпайды?

Күзетшілер қауқарсыз, лагерь жоқтың қасы. Сала басшылары мәселені шешуге неге асықпайды?

Қалалық білім бөлімінің меншігінде балалар демалатын бірде-бір лагерь жоқ. Мүдделі мекеме облыстық білім басқармасына бір лагерьді қалаға бекіту жөнінде өтініш жолдаған.

Жазғы сауықтыру науқаны дәстүрлі түрде 1 маусымда басталып, 31 тамызға дейін жалғасады. Оқушылар 36 мектеп жанынан ашылатын жазғы лагерь жұмыс істейді.

“Бастауыш сынып оқушылары ыстық тамақпен қамтылады. Мектеп жанынан ашылған лагерь үш бағытта жұмыс істейді. Шығармашылық үйірмелер, зияткерлік және спорттық секциялар ұйымдастырылады”, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева.

Жазғы кезеңде балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту үшін Астана қаласына 45 рет үш күндік экскурсия жоспарланған. Бас-аяғы 1215 бала қамтылады. Оның сыртында 3 мыңнан аса бала ата-аналарымен облыс, республика көлемінде сапарға шықпақ.

Білім бөлімінің басшысы оқушылардың қала сыртында демалатын лагерьдің жоқтығын айтып, облыстық білім басқармасына бір лагерьді қалаға бекіту туралы өтініш хат жолдағаның мәлімдеді.

Жаз мезгілінде есепте тұрған оқушыларды да ұдайы бақылауда ұтсап отыру қажет. Қазіргі кезде 58 оқушы мектепішілік есепте тұрса, 46 бала құқық қорғау органдарының тізіміне іліккен.

“Құқық бұзушылықтың алдын алу үшін білім бөлімі ғылыми-өндірістік бірлестікпен бірге құны 3 млн теңге болатын әлеуметтік жобаны іске асырады. Жоба шеңберінде қиын жағдайға тап болған балалар мен ата-аналарға психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіледі”, – деді Гүлсім Оразбаева.

Аппарат жиынында балалардың қауіпсіздігі де талқынланды. Қала мектептерінің барлығы турникеттермен, дабыл түймесімен қамтылып, жедел басқару орталығына қосылған. Сондай-ақ, бейнебақылау жүйелерімен және мамандандырылған күзетпен жабдықталған.

“Алайда, бұл шаралардың барлығы қауіпсіздікке толық кепілдік бермейді. Бұған дәлел Павлодар мен Петропавлда болған оқиға. Мектепке қарулы шабуыл болды. Өкінішке қарай, оқушылар зардап шекті. Оның үстіне күзетшілер де, мектеп әкімшілігі де ата-ананың келісімінсіз оқушылардың қалтасы мен сөмкесін тексере алмайды. Балалар кіреберісте металл детектормен тексерілмейді, өйткені бұл әрекет олардың заңды құқықтарына нұқсан келтіреді. Десек те, мектептерге кіргізуге тыйым салынған заттардың бекітілген тізімі бар”, – деді Гүлсім Оразбаева.

Екінші мәселе, 1200-ден асып жығылатын оқушыны мектептегі бір күзетшінің тексеруге физикалық тұрғыдан қауқары жоқ. Білім бөлімі бұл жағдайды Қостанай облысы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың мәселесімен айналысатын комиссия қарауына ұсынған. Сондай-ақ, полиция органдарынан да мәселені зерттеп, зерделеуге жәрдем беруін сұрайды. Бөлім басшысы қараусыз қалған ғимараттар да балалардың назарын аударатынын айтады.

“Жарақаттанудың алдын алу үшін мектептер мен бақтардың аумақтарында спорттық және ойын жабдықтарының қауіпсіздігіне мониторинг жүргізілді. Сонымен қатар, қалалық полиция департаменті мектеп жанындағы аумақтарға қауіпсіздік белгілердің болуын тексереді. Қараусыз қалған ғимараттар ерекше назар аударады. Білім бөлімінің мониторингіне сәйкес, мектеп аумақтарының жанында осындай 16 ғимарат бар. Осыған байланысты жыл ішінде полиция басқармасына және білім басқармасына осы объектілерге рейдтік іс-шараларды жүргізуге жәрдемдесу туралы өтініш хат жіберіледі”, – деді білім бөлімінің басшысы.

Қала әкімі Марат Жүндібаев білім саласындағы мәселе кезек күттірмей дереу шешілу қажеттігін айтты. Өйткені, басты орында балалардың қауіпсіздігі тұруы керек екенін ескертіп, жауапты бөлім басшыларына мәселенің ешілу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу