Дүкен сөрелері небір жеміс-жидекке толы. Соның ішінде қарбыздың пісетін уақыты болмаса да қысы-жазы сатылымда бар. “Мерзімінен ерте піскен бұл қандай жеміс, оның бойы тұнған нитрат емес пе” деп күмәнданып жатқан ешкімді көрмедік. Сатып алып жатыр. Бір қарбыз кем дегенде 350-400 теңгеге жетеді.
Сатушылар: «бұл ерте егіліп, ерте піскен өнім. Оңтүстіктен әкеліп жатырмыз. Қарбызды маусым айы түгел қыс бойы саттық. Ешкім келіп, шағымданған емес, сатып алушылар көп» дейді.
Осы орайда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Қаламқас Төлепбергенованы сөзге тартқан едік.
–Жаңа піскен жемістер, көкөністер жыл бойы сатылады. Маусым айында қарбызбен ешкімді таң қалдыра алмайсыз. Өкінішке қарай, ерте піскен қарбыз бен қауын денсаулыққа қауіпті. Ол әлсіздікке, тіпті улануға әкелуі мүмкін. Мұның бәрі олардың құрамында нитраттардың көп болуына байланысты. Кейбір бағбан өсуді тездету және жеміс массасын арттыру үшін топыраққа әртүрлі өсу стимуляторларын қосуы мүмкін. Бұған көп мән беру керек. Қарбыздағы нитраттардың рұқсат етілген мөлшері 60 мг/кг, қауын — 90 мг/кг, – дейді маман.
Мамандардың айтуынша, сатып алу кезінде қарбыздың тұтастығына назар аударған жөн. Сатушыдан санитарлық ережелер сақтала бермейтін жерде оның ішкі бөлігін көрсету үшін кестірген дұрыс емес. Кесілген қауындар мен қарбыздарды тек тоңазытқышта сақтауға болады, кесілген жеміс ұзақ тұрмай желінуі тиісті. Қарбыз мен қауынды қолданар алдында жуу керек, өйткені олардың бетінде жұқпалы және паразиттік аурулардың қоздырғыштары болуы мүмкін.
–Біз дүниежүзілік азық-түлік қауіпсіздік күніне арналған “Қауіпсіз өнім” атты 2 күндік акция өткіздік. Осы іс-шара барысында экспресс әдісімен санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары бақша дақылдарының 10 сынамасына зерттеу жүргізді. Осы он өнімнің алтауы нормаға сәйкес келмейді, бұл – 60% құрайды. Экспресс-талдау қарбыз мен қауында нитрат концентрациясының 1-ден 3 есеге дейін жоғарылағанын көрсетті. Сондықтан біз халыққа азық-түлік өнімдерін таңдау және сатып алу кезінде мұқият болуды, оларды тек белгіленген сауда орындарынан сатып алуға кеңес береміз. Ешбір жағдайда көшеде, жол бойында және басқа да рұқсат етілмеген сауда орындарынан алуға болмайды. Қажет болған жағдайда өнімге құжаттарды сұрау керек, – дейді Қаламқас Төлепбергенова.
Міне, маманның пікірі осындай. Не болса да таңдау өзіңізде. Бірақ күннен нәр алып, уақыты жетіп, дәрімен емес уақытнда піскен тәп-тәтті бақша өнімдерін жегенге не жетсін. Сондықтан абай болайық.