Күймен көмкерілген кеш

Күймен көмкерілген кеш

Ұлттық Домбыра күні мерекесі аясындағы «Күй-шеру» акциясы Қостанай ауданының Тобыл қаласында да дүркірей өтті. Жаппай күй тарту челленджіне қатысушылар «Алтын дән» мәдениет үйі алдындағы алаңда тізбек құрды. Думанды тамашалауға жиналған дүйім жұрт күй мен сазға, ерекше әсерге бөленді.

Біркелкі киім үлгісіндегі домбырашылар алаңға шаңырақ үлгісінде жайғасқан. Челлендж қатысушылары күй ойнауға кіріспес бұрын, мереке басы «Домбыра – асыл мұра» прологымен ашылды.

 

Сахна сыртында күмбірлі күй естіліп, ұлт аспабы туралы рухты өлең оқылып, бишілер ұжымы бейнелі, мәнерлі бимен ортаға шықты. Ізін ала термеші Мұрат Нағашыбайдың орындауында ұлттық мерекені мән-мазмұнын баян ететін арнау айтылды.

Осыдан соң, әдеттегіше, акцияның ашылуы жарияланып, құттықтау сөздер мен ақ батаға кезек ұсынылды.

«Бүгін Тобыл қаласындағы үлкен өнер мерекесіне куә болып отырмыз. Қасиетті қара домбырамызды құрметтеп, қастерлі өнерімізді төрге шығарғанымыздың нышаны осы.Алдарыңыздағы домбырашыларға жеті күйді үйретіп, тыңғылықты даярлықпен алып келген Ерхан бауырым бастаған тәлімгерлерге рахмет айтамыз. Тобылдық күйшілердің өнері көңілдеріңізден шығады деген сенімдеміз», – деді облыстық Көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының басшысы Дәмір Қалқаев.

Бұдан соң жиылған жұрт Қостанай ауданының құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет ардагері Әбдікәрім Баекеновтің ақ батасына қол жайып, ақсақалдың алғаусыз тілегінен соң домбырашылар челленджге кірісіп кетті.

 Алғашқы күй – Әбдімоммын Желдібаевтың «Ерке сылқымы». Бір ерекшелігі, күй ойналып жатқанда қазақстандық және өңірлік күйшілердің портреттері көрермен алдына шығарылды. Араларында өмірден озған жерлес күйшілеріміз Назымбек Молдахметов, Абай Әмірханов сынды тұлғалардың бейнесі де болды.

Тобылдық күйшілер өздеріне міндеттелген тапсырманы жоғары деңгейде атқарып, жеті күйдің қай-қайсын да бір кісідей мүлтіксіз орындап шықты. Айталық,олардың орындауында халық күйлері «Салкүрең», «Жастар биі» және «Тепең көк», Сейтектің «Тойбастары», Бораш Әбеновтің «Желдірмесі» және соңында Нұрғисаның «Әлқиссасы» әуеледі. Сондай-ақ аудан әншілері мен бишілері де қайталанбас өнерлерімен халық көңілін асқақтатты.

Кеш соңында ауданның мәдениетіне үзірлі еңбек сіңіріп жүрген мәдениет, білім беру салаларының көптеген азаматына марапат табыс етілді. Домбыра думаны жергілікті әншілердің орындауындағы «Мен қазақпын» әнімен түйінделді.

Жандос ЖҮСІПБЕК

Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу