Сонымен, Қостанай төсін дүбірге бөлеген Қостанай мен Түркістан облыстарының командалық айтысы мәреге жетті.
Қос тараптың өкілдерін таныстыруға шыққан жас айтыскерлер – Нұрислам Рағатов пен Шахмардан Бекарысұлына 250 мың теңгеден жүлде берілді. Жыр айту жекпе-жегінде Нұржанның “Қарғасынан” үзінді орындаған қостанайлық Абзал Алпыс оңтүстіктік бәсекелесінен басым түсті. Қос өнерпаз қоржынында – 250 мың теңге.Дәстүрлі әннен сайысқа түсіп, тең өнер көрсеткен қостанайлық Қыдырбек Қиысхан мен түркістандық Оразалы Жаңабай да 250 мың теңгеден қанжығалады.
Терме айту жарысында деңгейлес өнер көрсеткен жерлесіміз Манапбек Кәдіров пен қарсыласы Руслан Акимбеков, күй жарыстан бірдей ұпай алған Данияр Рысбеков пен Шыңғыс Исаев 250 мың теңгеден еншіледі.Түре айтыста жерлесіміз Айбар Рағат қарсыласы Қажымұқан Абзаловқа есе жіберді. Бірақ екеуі де 500 мың теңгеден жүлде алды. Қыз бен жігіт айтысында сынға түскен Жібек Шаһмерден мен Дәурен Ақсақалов та 500 мың жүлделеді. Дәл осындай сома қайым айтыс жасап, тең өнер көрсеткен Батырлан Сағынтаев пен Аян Ниязбекке де берілді.
Ел асыға күткен команда капитандары Айбек Қалиев пен Бекарыс Шойбековтің айтысы да өте тартысты өтті. Тең ұпай алған марғасқа ақындар да 500 мың теңгеден қоржынға басты.
Аламан қорытындысында екі ұпай айырмасымен Түркістан облысының командасы жеңіске жетіп, келесі кезеңге жолдама алды. Жерлес команда үшін жарыс осы жерден аяқталды.
Айта кетейік, дода тізгінін Аманжол Әлтаев ұстап, өнерпаздарға айтыс абызы Жүрсін Ерман, айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов, жыршы-термеші Берік Жүсіпов, дәулескер күйші Жанғали Жүзбаев бастаған тұлғалар төрешілік жасады.
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев