Көшедегі жарнамалар талапқа сай ма?

Көшедегі жарнамалар талапқа сай ма?

Бүгінгі күні облыс орталығында 235 жарнамалық құрылым бар. Осы құрылымдарды ұстау үшін арнайы шарттар белгіленген. Олар тұрғындарға қауіпсіз, тұрақты жұмыс істеп, эстетикалық, сондай-ақ түнде жарықтандырылып, нормативтік және басқа да міндетті талаптарға сәйкес болуы тиісті. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша қала ішіндегі сыртқы жарнамаларды тексеретін комиссия құрылған болатын.

Топ құрамына жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, ішкі саясат, жергілікті полиция қызметі және қала әкімі аппаратының заң қызметі бөлімдерінің өкілдері кіреді. Тексеріс қорытындысы бойынша жұмыс тобының мүшелері жарнама құрылымдары иелерінің заңнамада белгіленген өз міндеттемелерін орындамай отырғанын анықтады. Нәтижесінде жер пайдаланушыларға жер учаскелерін жалға алуды жаңа мерзімге ұзартылуына шектеу қойылды.

–Көбіне жарнамалар талапқа сай келмейді. Ешқандай да күтім жоқ. Түнде жарықтандырылмай, грамматикалық қателерге де жол береді. Сондықтан жалға беруді сот жолымен шешуіге тырысамыз. Жарнама бизнесін дамытып отырғандар мұндайда түсініп, қателіктерді ретке келтіреді. Ал кейбіреулері құлаққа да ілгілері келмейді. Былтырғы жылы 13 шағым жіберілсе, биыл жарнама агенттіктеріне 16 шағым жіберілді. Ағымдағы жылы шағымдарды қарау нәтижелері бойынша 2 құрылым бөлшектелді. Шағымдармен келіспегендер сотқа жүгінуде, – дейді қалалық жер қатынастар бөлімінің басшысы М.Темірбаев.

Мәселен, бүгінгі күні 7 сот талқылауы өтіп, қорытындысы бойынша 12 жер учаскесі мемлекеттің меншігіне қайтарылған. Тағы бір учаске бойынша түпкілікті шешімді Жоғарғы сот қабылдайтын болады. Заңды күшіне енген облыстық соттың қаулысы бойынша Алтынсарин-Пушкин көшелерінің қиылысында орналасқан жарнама құрылым мемлекетке қайтарылды.

–Бәрі де заң аясында болуы керек. Егер жарнама беруші өзіне тиесілі талапты орындамайтын болса жер мемлекетке қайтарылады, – деді қала әкімі М.Жүндібаев.

Тозығы жеткен жарнамалық тақтайшалардан басқа, облыс орталығының келбетін тез тамақтанатын және сусындар сататын сауда орындары мен дүңгіршектердің сыртқы келбеті де бұзып тұр. Қалалық әкімдік мұндайға жол бере алмайды. Мысалы,  “Қайнар” дүкені ауданындағы Жеңіс көшесі бойында екі сауда орны өз меншігнен тыс жерге жарнама ілген. Қазір тиісті шаралар қолданылуда.

– Сауда орындарын тазартудан соң Жеңіс көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер жолы ашылды. Бұл жол-көлік қозғалысына кедергі келтіріп, жаяу жүргіншілерге  қолайсыздық туғызған болатын. Сондай-ақ, 2023-2024 жылдар кезеңінде талапқа сай емес сауда нысандарына берілген 20 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Нәтижесінде 15 сауда орны бұзылды, – деді бөлім басшысы.

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу