Қазақстанның әйелдер күштері альянсы еліміз бойынша әйелдердің саяси көшбасшылығы мектептерінің жұмысын жандандыруда. Біздің өңірде саяси мектеп алғаш 1999 жылы ашылып, көптеген белсенді қыз-келіншекті тәрбиелеп шығарды. Бірқатары қазір басшылық қызметте. Бұл бастама жалғасын тапты. Қазір өңірдің барлық аудан-қалаларында осындай клубтар құрылған. Оның сыртында енді ғана танылып келе жатқан қыз-келіншектерге арнайы оқу курсы өтеді. Бұл туралы бізге аталған мектептің жетекшісі Гүлбарам Төлебаева айтып берді.
– Сөз басында саяси мектептің мақсатына тоқталып өтейін, еліміздегі жетекші әйел саясаткерлердің тәжірибесіне сүйене отырып, әйелдерді басқару және бәсекеге түсу қабілеттілігін арттыру және үйрету арқылы әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытуға елеулі үлес қосу. Сондай-ақ, міндеттері әйелдердің қоғамдық-саяси, заң шығару жұмыстарына, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар мен атқарушы билік органдарына ұсыну үшін кадрлық резервін қалыптастыру, оқытудың тиімді бағдарламасын құру, жетекші әйел саясаткерлермен тәлімгерлік бағдарламасына қатысу, – дейді Гүлбарам Төлебаева.
Бұған дейін өңір бойынша 32 қатысушы коммерциялық негізде офлайн және онлайн оқу курсынан өтті. Облысымызға танымал тәжірибелі тәлімгер Римма Бектұрған-
ованың қатысуымен тиімді оқыту бағдарламасы құрылды. Оларға шешендік өнерден Людмила Должанская, өзін танымал ету жағынан Шолпан Нұрқанова, іскерлік стилді қалыптастыру тақырыбы бойынша кәсіпкер Гүлмира Қапенова, саяси белсенділік туралы Бибігүл Аққожиналар дәріс оқиды. 12 сағаттық оқу бағдарламасында заман талабына сай «Тренинг-менеджменттегі басқарушылық», «Уақытты тиімді өткізу», «Тренинг-басқарудағы эмоционалды интеллект», «Тренинг-шешім қабылдау», «Зейінді жаттықтыру», «Медитация» тақырыптары жан-жақты қамтылды.
«Өткен жылы 22 нәзік жан курсты оқып тауысты. Оның 10-ы ауданнан, 12-і қаладан, 6 кәсіпкер, 14 ұйым қызметкері және 2 студент. Қазір олардың біліктілігін арттыру үшін әрі қарай жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұлардың тізімі саяси көшбасшы әйелдер мектебінің оқу курсынан өткеннен кадрлық резервке енгізу үшін жергілікті атқарушы органдар мен саяси партияларға жіберілді. Биыл 2 оқу курсы аяқталды. Оған 32 қыз-келіншек белсенділік танытты. Мамырдың аяғында үшінші оқу курсын бастағалы отырмыз. Сондай-ақ, бізде көшбасшы мектептің қатысушылары арасында жаңа бағдарлама іске қосылды. Айына бір рет түрлі форматта кездесулер өткізу. Жақында ғана ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Динара Шүкіжановамен кездесу болып, белсенді ханымдар бірге таңғы ас ішті. Кездесудің басты мақсаты – белсенді әрі ойын ашық айтуға, қалай табысты болуға үйрету. Бірінші кездесу сәтті өтті. Әркім өзінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Бұл жақын байланыс орнатуға, шешілмей жүрген мәселе болса, соны бірлесіп шешуге септігін тигізбек, – дейді белсенді ханым.
Қостанай әйелдер күштері альянсы әйелдердің саяси көшбасшылығы мектебін тәмәндағандардың бірі –А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-дің «Халықаралық құқық» мамандығының 4-курс студенті Аружан Сәрсенбаева. Сондай-ақ, ол Астана қаласындағы «AMANAT» партиясының саяси менеджмент Академиясының «Жас саясаткерлер мектебінен» тәлім алды. «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалы жанындағы жастар қанатының «Жастарға кеңес» партиялық жобасының менеджері болып жұмыс істеді. Қазір «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрайымы болып сайланды.
Іскер ханымдардың қатарынан көрініп жүрген Дина Нұғыманова да әйелдерің саяси көшбасшылығы мектебінің түлегі. Өткен жылы арнайы курстан өткен. Алғаш еңбек жолын «Наш Костанай» газетінде тілшіліктен бастаған ол 2020 жылы «Қамысты жаңалықтары-Камыстинские новости» қоғамдық-саяси газеті редакциясы» ЖШС бас редакторы болды. Ауданның қоғамдық өміріне және мемлекеттік жастар саясатын дамытуға белсенді үлес қосып келеді. 2020 жылы «Журналистика» номинациясы бойынша Қамысты ауданы жастарының алтын кітабына есімі енді. Қазір Қамысты аудандық мәслихатының 8 шақырылым депутаты, аталған ауданының саясаткер әйелдер клубының мүшесі.
Бір айта кетерлігі, наурыз айында өткен саяси додада Қостанай облысы бойынша облыстық және қалалық мәслихатына 91 әйел сайланды, оның 67-сі іскер әйел қауым-
дастығының мүшесі. Айта кету керек, Қостанай әйелдер күштері Альянсының саясаткер әйелдер клубының 20 филиалы жұмыс істейді. Көшбасшылық мектептің жұмысына қызығушылық танытушы ханымдар қатары жылдан-жылға көбейіп, жаңа есімдерімен толығуда.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ