10 Сәуір, 2025
Көлік министрі: Орталық-батыс жолының құрылысы белгіленген мерзімінен ерте басталуы мүмкін

Көлік министрі: Орталық-батыс жолының құрылысы белгіленген мерзімінен ерте басталуы мүмкін

Биылғы Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың «Орталық – Батыс» күре жолының құрылысы және Арқалық әуежайын қалпына келтіру жөніндегі тапсырмасы бойынша үкімет ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда.
Осы мақсатпен өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР көлік министрі Марат Қарабаев ауқымды жобалардың дайындық барыстарын қарап, Торғай шаҺарында халықпен кездесу өткізді.

«Орталық – Батыс» жаңа бағыты – Ақмола, Қостанай және Ақтөбе облыстарының шалғай аудандарындағы жол мәселесін шешеді. Қостанай облысының Арқалық қаласы, Аманкелді және Жанкелдин аудандары, Ақмола облысының Егіндікөл және Жарқайың аудандары, сондай-ақ Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы мен Астана арасындағы жол қатынасы жақсарады. Бұл жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасына айтарлықтай әсер етеді.

«Жалпы, автожол жобасын іске асыру әлеуметтік-экономикалық дамуға оң әсерін тигізеді. Қашықтық пен жол жүру уақыты қысқарады. Бүгінгі таңда жобалық құжаттама әзірлеу жұмыстары басталды.
Жаңа жолдың арқасында елдің транзиттік әлеуеті айтарлықтай артады. Автожол Қазақстанның орталық өңірлерінен Транскаспий халықаралық көлік бағытына шығуды қамтамасыз етеді, Қазақстанның позициясын нығайтады әрі халықаралық тасымалдаудағы бәсекеге қабілеттілікті күшейтеді», – деді министр халықпен кездесуде.

Министрдің мәлімдеуінше жол құрылысы 2027 жылы басталады деп жоспарланып отыр. Алайда, мүмкіншілігіне қарай оны жеделдетіп бір жыл ерте бастау мәселесі де қарастырылу үстінде. Қазіргі уақытта Астанадан батыс аймақтарға дейінгі аралық «Астана – Атбасар – Есіл – Қостанай – Қарабұтақ – Ырғыз» бағыты 1 438 шақырымды құрайды. Жантеке, Егіндікөл, Арқалық және Торғай арқылы өтетін жаңа бағыт жолды 865 шақырымға дейін, ал қолданыстағы бағытты 560-тан астам шақырымға қысқартады. Көлік желісі 70 мың тұрғыны бар 13 елді мекенді қамтиды. Жол ені 8 метр болатын 2 жолақтан тұрады. Қозғалыс қарқындылығы тәулігіне 3 мың автокөлікті құрайды.
Кездесу барысында аудан тұрғындары көкейдегі сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Ел азаматтары алғыстарын айтып, шынайы ризашылықтарын білдірді.
Арқалық әуежайын қалпына келтіру бойынша жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары аяқталу шегінде. Аталған жұмыс шеңберінде жалпы ауданы 3 200 м2 болатын, сағатына 70 жолаушыға қызмет көрсетуге қабілетті екі қабатты жаңа әуежай кешенін салу көзделген. Ұзындығы 2,5 мың метр ұшу-қону жолағы, такси жолы мен перрон жөнделеді. Сондай-ақ аэронавигациялық және метеорологиялық жабдықтарды сатып алуға қаражат қарастырылады. Қостанай, Астана және Алматыға қолжетімді бағамен субсидияланатын рейстерді іске қосу жоспарлануда.
Министр Арқалық теміржол вокзалы ғимаратын жөндеу жобасымен де танысты. Биыл елімізде 125 вокзал жөндеуден өтеді. Құрылыс жұмыстары талапқа сай атқарылуы тиістігін айтқан Марат Кәрімжанұлы оның жыл соңына дейін жақсы әрі сапалы аяқталуын тапсырды.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

Жаңалықтармен бөлісу