Қостанай автомобиль көлігі колледжінің базасында мамандандырылған металл құю зертханасы ашылды. Енді білім ордасымен «KamLitKZ» ЖШС бірлесіп білікті кадрларды даярлап шығармақ. Аталмыш зертхана студенттер мен металлургия саласындағы мүдделі мамандар мен кәсіпкерлерді оқыту және практикалық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қос жақты ынтымақтастық аясында колледж бітірген студенттер кәсіпорынға жұмысқа орналаса алады.
Колледж директоры Дмитрий Павленконың айтуынша, бірігей ынтымақтастықтың арқасында студенттердің одан әрі кәсіби өсуіне қосымша мүмкіндік туып отыр дейді. Олар қазіргі заманғы құю материалдарымен, жабдықтармен жұмыс істеу арқылы тәжірбелік дағыдыларға ие болып, технологиялық процестер мен инженерия саласында өз білімдерін тереңдете алады.
– Қостанай қаласының индустриялық аймағында екі бірдей зауыт салынады деген күннен бастап колледжде маман даярлауды көздедік. Біріншісі – шойын-құю зауыты, екіншісі жүк автокөлігіне арналған артқы осьтердің редукторларының екінші – өндірісі зауыты. Яғни, ол үшін бес мамандық бойынша лицензия алдық. Олар, қара металдар металургиясы, машина жасау, технологиялық процестерді басқаруды автоматтандыру, технологиялық машиналар мен жабдықтарға техникалық қызмет көрсетуді пайдалану, токарлық өндірістер бойынша. Былтыр зауыт ашылғанда студенттер алғашқылардың бірі болып металл құю ісіне қатысты, – дейді колледж директоры.
Студенттер зертханада металды кесіп сан қырынан зерттейді. Құмға, түрлі химиялық қоспаларға салып қалпын сынап көреді.
– Жұмыс барысының өзі бірнеше кезеңнен тұрады. Мысалы, шағын темірді балқытып, сынауға арналған құрылғыларда сынап көреді. Балқыту үшін қарапайым плитка пайдаланады, температурасы 93 градус болады. Кейін зауытқа жұмыс тізбегін түсініп барады. Ал, төртінші курс студенттері басқарушылық бағытта көп машықтанады. Айталық, өндірістің не екенін, техникалық сақтық шаралары, құжаттар қалай толтырылады, яғни зауытта қызметкер тәрізді өздерін танытады, – дейді Дмитрий Павленко.
Ғалым Қалиасов арнайы пәндер оқытушысы. Студенттермен бірге зертханалық жұмыстарды орындайды. Ашылған зертхананың зауыттан еш айырмашылығы жоқ екенін айтады. Зертхана жұмысына арналған жабдықтарды зауытта да қолданады.
– Құю өндірісі пәнінен сабақ беремін. Бірінші курста жалпы пәндер бойынша сабақ жүреді. Екінші курстан бастап зертханалық жұмыстар орындалады. Жаңа зертхананың студенттерге берері мол. Осы жерде барлығын үйренеді. Ол үшін құм, балшық, өзге де құрылғылармен зертхана жабдықталған. Темірді қалай балқыту керек, сынақ қалай жүргізіледі, өндірістік практикаға барғанда негізін біліп барады, – дейді оқытушы Ғалым Қалиасов.
Мирас Есенов пен Равиль Гилязов колледждің қара металдар металургиясы мамандығының 4 курс студенттері. Олар өндірістік практикаларын қаламыздағы “АгромашХолдинг KZ” пен Татарстандағы шойын құю зауытынан өткен.
– Колледжде теория жағынан жақсы меңгеріп алдым. Ол маған практикадан өткенде көп көмегін тигізді. Тәжірибеде құрылғылармен жұмыс істедім. Онда барлығы автоматты түрді жүзеге асады. Жаңа технологиялармен танысып, біліктілігімді жетілдірдім. Сондай-ақ, жаңадан келген қызметкерлерге білгенімді үйреттім, – дейді Мирас Есенов.
Равиль Гилязов колледжге ата-анасымен ақылдасып оқуға түскен. Айтуынша, өңірде металлургия саласы жақсы жолға қойылып келеді. Болашағы бар мамандық екенін түсінген.
– Менің мамандығым бойынша сұраныстың мол екенін байқадық. Үшінші курсымның аяғында Татарстандағы шойын құю зауытында тәжірибеден өттім. Ол жақтың жұмыс барысы ескі әдіспен жүргізіледі. Десе де, мен үшін мол тәжірибе болды. Төртінші курсымды аяқтаған соң «KamLitKZ» зауытына жұмысқа орналасуды жоспарлап отырмын, – дейді болашақ маман Равиль Гилязов.
Студенттер колледжді аяқтаған соң мамандық бойынша жұмысқа орналасады. Колледж директоры ол жағынан мәселе жоқ екенін айтады. Қостанайда зауыттар саны артып келеді. Білім ордасында оқытылатын мамандықтардың барлығы сұранысқа ие. Мемлекет басшысы да техникалық мамандықтар бойынша мамандарды көптеп даярлау қажет екенін айтып келеді. Сондай-ақ, “қазақ жастары техник болуға тиіс” деп есептейді.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ