Көкейдегіні дөп басқан

Көкейдегіні дөп басқан

Сұхбаттың басты құндылығы – Президентіміз ел көкейіндегіні дөп басқан. Әсіресе халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей қатысты қабылданған заңдарға түсініктеме берді.

Әйел, жас бала, нақақ кісі өлтіру, зорлау, кәмелетке толмағандарды басынып, мазақ қылғандарды жауапқа тарту т.с.с заңнамалардың адам тағдырына немқұрайды қарамауды қатаң есекерту деп түсінемін. Сол сияқты еліміздегі Атом энергетикасы , бұрынғы Елбасы хақында, Уақыт белдеуі, жастардың келешегі туралы толғақты пікір-көзқарастарының маңызы зор.

Ел басшысы экономикалық ахуалға да өңірлердегі инвестициялық жетістіктер талдай келе, біздің облыстағы игі істерімізді сөзге тиек еткені қуантты: «Әлемге әйгілі брендтерге тиесілі автокөліктер құрастыратын жаңа өндіріс орындары іске қосылады. Қостанайда іштен жану қозғалтқышына қажетті шойын құймалар және жетекші белдемнің бөлшектері шығарыла бастайды» деді.

Әрине, менің күткенім – ана тіліміздің тағдыр-талайы. Президентіміз бұл жолы да мемлекеттік тілдіің қоғамдағы маңызы мен қызметін хақында : «Сөз арасында айта кетейін, дүние жүзінде 7 мыңнан астам тіл бар. Соның ішінде үш мыңнан астам тілге жойылып кету қаупі төніп тұр. Қазақ тілі бұл топқа кірмейді. Ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-шы орынға тұрақтады. Осы ретте күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы кеңес заманында ана тілімізді әлемдік лингвистика картасынан жойылып кетуден сақтап қалған зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушылардың, журналистер мен ғалымдардың, мұғалімдер мен мәдениет қайраткерлерінің, ауыл еңбеккерлерінің, яғни барша отаншыл азаматтардың еңбегін бағалауымыз керек»деп атап көрсеткен екен.

Қ.Тоқаевтың маған ерекше қызығушылық тудырғаны БАҚ материалдарына деген ашық пікірі. «Менің болмыс-бітімім талдау жасауға бейім. Сөйлейтін сөздерімнің, мәлімдемелерімнің, тіпті жолдайтын хаттарым мен жеделхаттарымның мәтінін де өзім мұқият қараймын. Мен редакциялағаннан кейін мәтіндер мүлде басқаша болып шығатынына аппарат қызметкерлері әбден үйренген.» деуінен кейін ақпарат құралдарындағы дүниелердің ел басшысының тарапынан назардан тыс қалмайтына жанымыз жылып қалды.
Сайып келгенде Президенттің бұл сұқбаты басталған Жаңа жылдың ақжолтайы болды.

Жанұзақ АЯЗБЕКҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу