«Кітапхана – зияткерлік шаңырақ» интеллектуалды ойыны қорытындыланды

«Кітапхана – зияткерлік шаңырақ» интеллектуалды ойыны қорытындыланды

Лев Толстой атындағы ғылыми әмбебап кітапханасында «Кітапхана – зияткерлік шаңырақ» тақырыбындағы интеллектуалды ойындар жобасының жеңімпаздары марапатталды.

Ойынға Қостанай қаласындағы колледждердің бірінші курс студенттері қатысты. Аталмыш кітапхана қызметкері, “Ақ қауырсын” әдеби клубының жетекшісі Ботагөз Дүйсембаеваның айтуынша, оқырмандарды көбейту мақсатында ұйымдастырылған жобаның берер пайдасы көп.

— Биыл ұлт батыры, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің сардары Аманкелді Имановтың туғанына 150 жыл. Бұл үлкен мереке әрі айтулы күн. Себебі ұлт батырын ұлықтау әрбір ұрпаққа парызбен тең. Біз де соған орай интеллектуалды ойынымызды Аманкелді Үдербайұлының өмір-тарихына негіздедік. Соған сай оқырмандар тарапынан сұрақтар қойылып, студенттердің білімі тексерілді, — дейді Б. Дүйсембаева.

Маңыздылығы жоғары жобаның жеңімпаздарына алғыс хатпен бірге естелік сыйлықтар табысталды. Оған арнайы демеушілік жасаған белгілі диқан әрі меценат, экономика ғылымдарының кандидаты Ибраш Естаев.

— Бүгін жақсы іс-шараның куәсі болып отырмыз десек артық айтпағанымыз. Себебі қазіргі ұрпақтың арасында кітап оқитындары аз. Көбі қолындағы смартфонды таңнан кешке дейін шұқылап әлек. Осындай жобаларды, іс-шараларды кеңінен дамыту қажет. Соның арқасында біз кітап оқитын оқырманды қайта қалыптастыра аламыз, — дейді Ибраш Естаев.

Мадина МЕЙРІМ,
ҚӨУ студенті
Суреттерді түсірген Б. МЕЙРАМҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу