1 июня, 2025
Киік саны 6 миллионға жетсе не болады?

Киік саны 6 миллионға жетсе не болады?

Елімізде биыл киік саны 6 миллионға жетеді. Экология министрлігі осындай болжам жасап отыр. Соңғы кезде киік санының көбейгені, соған сай оларды ату мәселесі жиі айтыла бастады. Бұл туралы қоғамдық пікір де екіге жарылды. Ырымға сенсек, киік киелі жануар саналады. Дала жануарына мылтық кезенуге заң да тыйым салады.

Ерекше қорғауға алынған киіктердің саны бүгін, шынында, да айтарлықтай өскенменен зардабы шаш-етектен болып тұр. Киіктің шамадан тыс көбеюіне табиғи тепе-теңдіктің сақталмауы себепші екен. Қайтпек керек?

 Мамандардың айтуынша ақбөкеннің 10-15 пайызы бір жыл ішінде әлсіздіктен өліп қалады. Бұл табиғи жағдай. Ал экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Нұркен Шәрбиев биыл киік басы тіптен 6 миллионға жетуі мүмкін деген болжам айтты. Егер осылай жалғасса, алдағы жылдары өлексе сайын далада шашылып жатуы мүмкін.

Биылдың өзінде қыста өлген киіктердің өлекселерін жинау қарқынды жүріп жатыр. Бұл жұмыстарға табиғат инспекторларымен қатар Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері жұмылдырылған. Өлекселерді күн ысымай жою мақсатында Жезқазған мен Қаражал қаласында арнайы штаб құрылған. Қостанай, Ақмола, Қызылорда облыстары мен Алматыдан «Охотзоопром» қызметкерлері көмекке барыпты. Ғалымдардың пікірінше, ақбөкендер саны жыл сайын шамамен 20%-ке, ал қыс қатал болған жылдары 50%-ке дейін азаятын көрінеді.

 «Біздің резерватта қандай аң-құс бар – бәрін де қорғауға аламыз. Әзірге киіктер төлдеуге келмеді. Бірақ бұл мекен – олардың жыл сайынғы лақтау үшін келетін табиғи аймағы. Әдетте, мамыр айының ортасында киіктер осында келіп, төлдейді де, одан кейін басқа жайылымдық аумақтарға көшіп кетеді. Бұл жақта қыстап қалмайды, өйткені біздің өңірдің қатаң қысына олар төтеп бере алмайды», – дейді «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының басшысы Дүйсенғали Айтбаев.

Оның да айтуынша, биыл киіктің басы көбейетін түрі бар. Табиғаттың өзі сұрыптап, реттеп отыратыны рас. Бірақ бұл үдерісті тереңірек зерттейтін арнайы ғылыми мекемелер бар. Қызметкерлер төлдеу кезеңіне арнайы дайындалады.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА