9 июня, 2025
Кезекті үш ұпай қоржында

Кезекті үш ұпай қоржында

«Тобыл» футбол командасы ел біріншілігі аясында «Атырауды» қабылдап, мұнайшылар қақпасына жауапсыз бес гол соқты. Төрт доп қазақстандық ойыншылардың еншісіне жазылды, оның үшеуі «Тобылдың» төл тума түлектері.

Бұл туралы команда бас бапкері де кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында атап өткен болатын:

«Бүгін команда көңілден шығатындай тамаша өнер көрсетті. Біздегі отандық ойыншылардың қарқынына қарқын қосып келе жатқаны қуантады. Бұл алда болатын құрамамыздың ойындарына дайындықтың бастауы», – деген болатын Нұрбол Жұмасқалиев.

Солардың бірі Александр Зуев ойынның он төртінші минутында көзге түсті. Орталық қорғаушы Папе Ндиайенің ассырған добын қақпашыдан асыра салды.

Араға екі минут салып, жартылай қорғаушы Ахмед Әл-Мессаудидің сол қанатпен ойқастай кіріп, дәл берген пасын Ислам Чесноков ұтымды пайдаланды. Осы Ислам Чесноков оң жақтан өзі қорғанысты бұзып-жарып, командаластарының ашылған тұсын дәл тапты. Алдына келген допты Роман Асранкулов жанындағы Ахмед Әл-Мессаудиге ысыра салды. Ол жиырма метрден қарсылас қақпасын тура көздеді.

Ойынның келесі бөлігінде сол Роман Асранкулов Давид Эненнің берген добын сегіздікке тоғытты. Ойынның сексен бірінші минутында Жаслан Жұмашев мергендік танытты.

Сөйтіп қостанайлықтар турнирлік кестедегі жағдайын едәуір жақсартты десе де болады. 23 ұпаймен төртінші орынға еркін жайғасқанымен, көшбасшылардан екі ойыны әлі де кем.

Он бірінші турадан кейін Елімайды тізе бүктірген «Астана» 27 ұпаймен көш бастап тұрса, «Ақтөбені» ұтқан «Қайрат» 26 ұпаймен екінші келе жатыр. Ақтөбеліктер 25 ұпаймен үздік үштікті тәмамдап тұр. Енді «Тобыл» Қызылордаға қонаққа барады.