Кеншілер шаһарындағы жайлы мектеп қашан бой көтереді?

Кеншілер шаһарындағы жайлы мектеп қашан бой көтереді?

Бүгінде Рудный қаласында қазақ тілінде білім алуға сұраныс артты. Қаладағы үш қазақ мектебіне оқушы сыймай, одан қалды аралас мектептер тола бастады. Қалалық білім бөлімінің басшысы Темірхан Жайлыбаев қалада қазақша білім беретін мекемелердің әлі де аз екенін айтып отыр.  Мәселен, қалада жиырманың үстінде балабақша бар. Оның он алтысы мемлекеттің қарауында болса, жалғыз балабақшада таза мемлекеттік тілде тәрбие беріледі. Сол себепті, жан-жақтан қоныс аударған қаракөз бауырларымыз үшін орыс тілді балабақшаларда қазақ топтары ашыла бастады. Сұраныс болса неліктен толығымен қазақ тілді болмайды деген сауалымызға:

            “Жыл сайын ол жерлерден қазақша топ ашуды бастап кеттік, түптің түбінде бәрі елу пайыз болады”, – деген жауап алдық.

Қош делік, бір қуанарлығы, сөзіміздің басында айтып өткендей сең қозғалды. Шағын шаһарда қазақша білім беруге сұраныс бұрынғыдан артты. Жалпы Рудныйдағы бас-аяғы жиырма мектептің төртеуі ғана таза қазақ тілінде білім береді. Енді қараңыз, мәселен, №7 мектеп тоғыз жүз балаға арналған болса, онда 1136 бала біліп алып жатыр. Ал алты жүз орындық №15 мектепте бала саны тоғыз жүз елуден артық. Он тоғызыншы мектепте 1223 бала оқиды. Қазақ сыныптары лық толы. Бұл дегеніміз балаға ғана емес, мұғалімге де айтарлықтай қиын екені белгілі. Бір сыныпта отыз баладан артық білім алудың өзі дұрыс емес дүние. Осының салдарынан қаладағы он үш орыс мектебінің жетеуі аралас мектеп болып қайта жабдықталды. Сол аралас мектептердегі бір сыныпқа былтыр жиырма бес баладан орналасса, биыл отыз баладан келеді екен. Бөлім басшысы сол мектептерге қажетті кадр тапшылығы да орын алып отырғанын айтады.

            “Аралас мектептерге бүгінде жеті мұғалім жетіспейді. Қазір бітірген студенттер бағдарлама бойынша ауылдарға барғанды тиімді санайды. Себебі ауылға барған жас мамандарға үкімет тарапынан бөлінетін көтерме ақы бар. Қалалық жерде ондай жағдай қарастырылмаған”, – дейді бөлім басшысы.

Жоғарыда айтылған мәселені саралай келе, қалада тағы мемлекеттік тілде білім беретіндей екі мектеп ашуға болатынын бағамдадық. Сұраныс артқан соң қалада жаңа қазақ мектебінің құрылысы да қолға алынған.

            «Әр оқу жылы басталарда Рудный қаласындағы қазақ мектептерінің барлығы дерлік аузы-мұрнынан шығып, оқушыларға орын жетпей жататынын мұнан бұрын да айтып жүрміз. Бұл көрініс биыл да сол күйінше қайталанды. №15,19,7 мектептердегі әр сыныпта 30-31 бала отыр. Мектеп директорларының басы қатады, алмайын демейді-ау, орын жоқ. Баласын өздері пәтер жалдаған үйге жақын мектепке бергісі келген ата-аналардың «Отандастар» қорының фронт-кеңсесіне соққан қоңырауы аз болмады. Мұның барлығы да уақытша қиындық екенін түсінеміз. Құдай қаласа, биыл Рудный қаласында 900 орындық қазақ мектебінің құрылысы басталады», деп жазба қалдырған еді белгілі журналист, қандастар мәселесімен айналысып жүрген Нәзира Жәрімбетова.

Иә, Рудныйда қазақ мектебі бой көтереді. Қазір ол жер қоршауға алынып, жері сырылып, дайындық үстінде. Құрылыс орнына кіруге рұқсат жоқ. Оқу орны «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасы аясында салынып жатыр. Мердігер «Самұрық қазына» әл-ауқат қоры. Болашақта тоғыз жүз балаға шақталып отырған білім ордасын 2025 жылғы жаңа оқу жылында пайдалануға беру жоспарланғанын айта кетейік. Қалалық білім бөлімінің басшысы «ол қандай мектеп болады, құрылысы жайлы ештеңе айта алмаймын, оған біздің еш қатысымыз жоқ» – деп жауап берді. Бұл туралы толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Рудный қаласы

Жаңалықтармен бөлісу