Картоп бағасы өсіп, жұмыртқа арзандаған pixabay.com

Картоп бағасы өсіп, жұмыртқа арзандаған

Қаладағы 41 супермаркетте 350 әлеуметтік сөре белгіленген. Десекте бірнеше өнім бағасы артып отыр. Мысалы, картоп бағасы 172 теңгеден 177 теңгеге дейін қымбаттаған. Сәбіз бағасы болса, 218 теңгеден 222 теңгеге дейін артқан. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мира Қазкеева жеткізушілердің бағаны арттырғанын айтады.     

Былтыр 160 мың тонна картоп, 10,2 мың тонна сәбіз өндірілген. Тұрақтандыру қорында жалпы құны 2,4 млрд теңге болатын 6,5 мың тонна көлемінде тоғыз түрлі өнім  әзірленген.

“Бағаның өсуі оңтүстік өңірлерден жеткізушілердің сату бағасының өсуімен байланысты. Жұмыртқа бағасы 1 пайызға төмендеді, 488 теңгеден 483 теңгеге дейін. Тұрақтандыру қорында 2,5 тонна сиыр еті, 44,7 тонна күнбағыс майы, 9,9 тонна сары май, 357,4 тонна күріш, 768,7 тонна қант, 193,1 тонна құс еті, 106,9 тонна макарон өнімі, 4141,4 тонна ұн және 14,6 млн дана жұмыртқа бар. Тұрақтандыру қорынан іріктеу күнделікті жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сататын дүкендер желісін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде”, – дейді Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мира Қазкеева.

Картопқа 650 тонна көлемінде “Бекиров” ШҚ форвардтық келісім жасалған. Тұрақтандыру қорына “Агромельпром” ЖШС-нен келісі 130 теңгеден 4500 тонна ұн сатып алынған. Ал әлеуметтік нанның бір бөлкесі 100 теңге. Негізінде 90 теңгеден аспауға тиіс.

“Кәсіпкерлік бөлімі апта сайын қаланың наубайхана кәсіпорындарына барып, нан бағасына мониторинг жүргізеді. Наубайханалармен “әлеуметтік нан” өндіру үшін ұнды іріктеу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан бері 1075 тонна өнім таңдалды”, – дейді бөлім басшысы.

Қаладағы 12 наубайхана тұрақтандыру қорындағы 1 сортты ұнды пайдаланады. Онда күніне 9 мыңнан астам әлеуметтік нан пісіріледі және қаланың 45 сауда нүктесіне жіберіледі. Орташа алғанда бір дүкенге 240 дана нан келеді.

“Сондай-ақ, ӘМАТ бағасын ұстап тұру үшін қала әкімдігі тұрақты негізде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізеді. Жәрмеңкелерде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер азық-түлік тауарларын нарықтық бағадан 10-15% төмен бағамен сатады.  Жәрмеңкелер фермерлер мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына делдалдарды айналып өтіп, өз өнімдерін тұтынушыларға тікелей сатуға мүмкіндік береді. Бұл өндірушілердің кірісін арттырады және оларға бағаны жақсы бақылауға мүмкіндік береді”, – деп атап өтті ол.

Жыл басынан бері облыс орталығында алты ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілген. Онда 540,7 млн теңгеден астам сомаға 796,1 тонна өнім сатылған. Қала әкімі Марат Жүндібаев жәрмеңкені айына екі рет емес, әр апта сайын өткізуді тапсырды.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу