Бүгін Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов БАҚ өкілдерімен бірге жүк техникасына арналған жетекші көпірлердің басты берілістерін өндіретін зауыттың құрылыс барысымен танысты.
Бұл – елдегі ең ерекше кәсіпорындардың бірі. Мамандардың айтуынша, толық қуатында көшкенде мұнда жылына жүк көліктерінің 73 мың дана басты берілістері, 93 мың дана механикалық құйма картер және арқау-біліктер шығарылады. Ал мұндай ауқымда аталған өнімдерді шығаратын өндіріс орны әлемде саусақпен саналады. Бүгінде құрылыстың көбі бітіп, азы қалған. Зауыт 550 адамды жұмыспен қамтиды делініп отыр.
«Кәсіпорында өнідіріс жұмыстарының басым бөлігін адам күші емес, автоматтандырылған және роботтандырылған құрылғылар орындайды. Зауытта толық циклмен жұмыс істейтін, осында локализацияланатын және сатып алынып, құрастырылатын, модульдеу бөлімдері, бар. Қазірдің өзінде негізгі бөлімдер жұмыс істей бастады. Айырықша айта кетерлігі, мұнда ең соңғы үлгіде жасалған теңдесі жоқ технологиялар орналастырылған. Ал маусым айында жабдықтау, монтаждау жұмыстары толығымен аяқталады деп жоспарлап отырмыз», – дейді “KamLitKZ” ЖШС директоры Сергей Окунев.
Ол өңір басшысына және БАҚ өкілдеріне бастан-аяқ экскурсия жасатып, әр бөлімнің қызметімен, өндіріс жұмыстарының барысымен, өнімдермен, заманауи құрылғы-жабдықтармен, арнаулы зертханалармен жақын таныстырды. Қазірдің өзінде жаңадан орнатылған станоктар, компьютермен басқарылатын роботтар іске қосылып, сынақтан өткізіліп жатыр. Олардың ешбірін бұған дейінгі автоматтармен еш салыстыруға келмейді.
«Мінекей, біз сіздерге қаншалықты күрделі технологиялық құрылғылар орнатылып жатқанын көрсеттік. Бұлар сериялық құрылғылар емес, әрқайсысы зауыт үшін арнайы тапсырыспен жасатылған. Бәрінің бір-бірімен өте тығыз байланысы бар. Ал осылардың тілін жергілікті жастар игеріп жатыр. Жастар демекші, былтыр ашылған шойын құю зауытындағы жастардың орта жасы – 27 жас. Осында да дәл солай болады. Ал енді зауыт шілде айында іске қосылады. Барлық еуропалық құрылғы-жабдық толық әкелінді. Қостанайды машина жасау орталығына айналдыру мақсатына осындай кәсіпорындарды ашу арқылы жақындай түсеміз», – деді облыс әкімі.
Толығырақ – газеттің алдағы нөмірінде.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ