Қостанайға ҚР Мәдениет және спорт, ақпарат қызметкерлері кәсіподағының басшысы Светлана Айманқұлова келді.
Ол облыстағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен кездесу өткізді. Светлана Айманқұлова әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді бірігіп шешуге үндеуде.
Тобыл-Торғай өңіріндегі баспасөздің қарашаңырағы “Қостанай таңы” газетінің редакциясына арнайы ат басын бұрып, бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызымен жүзбе-жүз кездесті, кәсіподақ жұмысының барысымен таныстырды.
“Қазір еңбек кодексіне өзгерістер енгізіліп жатыр. Басқа да нормативтік актілер бойынша жұмыстар жүргізілуде. Кәсіподақ – халықты қорғайтын институт. Қашанда елмен біргеміз. Өңірде су тасқыны болып жатқандықтан, халықпен кездесіп, хал-жағдайын, шешілмей жатқан қандай өзекті мәселелері болса, соны көзбен көріп, жақын танысуға келдім”, – дейді Светлана Кеңесқызы.
Жоғарыда атап кеткеніміздей, кәсіподақ – тарих таңдаған, әлем сыйлаған, дүние жүзі мойындаған, халық сайлаған бірден-бір қоғамдық институт.
Әрдайым жұмыс беруші мен жұмысшының ортасындағы алтын көпір іспеттес қызмет атқарады.
“Қазақстанда жиырма филиалымыз бар. 75 мыңнан астам мүшесі жұмыс істеп жатыр. Ақпарат құралдары мен мәдениет саласын толық қамтимыз. Мәселен, БАҚ туралы заңға қайшы деректер жиі тіркеліп, журналистердің құқығы тапталып жатқаны көпке аян. Осы секілді қоғамда көптеген қиындық туындап жатқаны жасырын емес”, – дейді елордадан келген мейман.
Осылардың ішіндегі ең өзектісі – сала мамандарының айлық жалақысы, пәтер мәселесі. Кәсіподақтар бірігіп, осы жағдайларды реттеуді еңбек заңнамасына кіргізгелі отыр. Көп қиындық қоғамның біртұтас ауызбірлігі арқылы шешіледі. Көп біріксе, алынбайтын қамал жоқ.