Астықты өңірде 2024-2026 жылдарға арналған инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылды. Бұл туралы журналистермен өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Дмитрий Евстафьев мәлімдеді.
Оның айтуынша, екі жылдың ішінде құны 225 млрд теңгеге бағаланған 130 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Сол кезде екі мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, алдағы үш жылда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге қауқарлы он бес инвестициялық жоба ел игілігіне айналады. Бұған 107 млрд теңге инвестиция тартылады.
“Мәселен, “ACAgro” ЖШС толық циклді бұршақ дақылдарын қайта өңдейтін фабрика салуға ниетті. Оның құны 24 млрд теңгеге бағаланып отыр. Елу адам жұмысқа орналасады. Жаңа кәсіпорын 2026 жылы пайдалануға беріледі. Ол жылына 100 мың тоннаға дейін өнім өңдейді. Жобаны іске асыру облыс тұрғындарын жармамен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда осы жоба бойынша бизнес-жоспар әзірленіп, жобалау-құндық құжаттарды жобалаушы анықталды. Сондай – ақ, “QostanaiGrainIndustry”ЖШС астықты терең өңдеу зауытының құрылысы жоспарланған. Өндірістік қуаттылығы жылына 415 мың тонна өнім шығаруға жететін кәсіпорын алты жүз адамды тұрақты жұмысқа қабылдайды. Жоба құны – 50 млрд теңге. Осы жоба бойынша инвестициялық келісімшарт жасалды. Алпыс гектар жер телімі бөлінді. Газ, электр және су тарту жөніндегі техникалық шарттар алдын ала келісілген. Мұндай ауқымды жобалар жеткілікті, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Спикердің баяндағанындай, жалпы, астықты өңірде осындай қуатты жобалардың арқасында өнім өндіру көлемі артқан. Мәселен, біздің облыс ұн өндіру жөнінде республикада бірінші, қоюландырған сүт, иогурт, консерві өндірісі бойынша екінші, қатты пішінді сүт, сары май, балмұздақ өндірісі бойынша үшінші орында тұр. Бірақ, бұған тоқмейілсуге болмайды.
“Қолданыстағы өндірістерді жаңғыртпай, агроөнеркәсіптік кешеннің жаңа заманауи нысандарын салуға инвестиция құймай қайта өңдеу өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту мүмкін емес”, – дейді маман.
Әлібек ЫБЫРАЙ