Білім саласының үздігі туралы үзік сыр

Білім саласының үздігі туралы үзік сыр

А.Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университетінің психология кафедрасының профессоры Лилия Саркисянның университеттегі өмірі хордан басталды. Бұл оқиға университет тарихында ерекше із қалдырды. Дәл осы хор оның кәсіби жолының алғашқы қадамына айналды.

Бірақ ол уақытта университет әлі Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты болып аталған еді, ал Лилия Вагановна 16 жаста –  мектепті жаңа бітірген бойжеткен.

1966 жыл, әсіресе, жоғары оқу орнына түсушілер үшін қиын жыл болды. Білім беру жүйесінде орын алған реформа көпшіліктің үмітін үзіп, білім алуға қолжетімділікті шектеді. Бұл жылдары онжылдық және он біржылдық мектепті бітірген түлектер екі түрлі жолмен оқуға түсуге тырысты. Қаладағыларға қарағанда ауыл балаларына оқуға түсуге басымдық берілді. Сондықтан Лилия Вагановна 20 балдың 18-ін жинағанына қарамастан, қалаған мамандығына түсе алмады.

«Мен шет тілдері факультетіне оқуға түскен едім, – деп еске алады Лилия Вагановна, – Түсе алмағанымды естігенде, барлық грамота мен мақтау қағаздарымды терезе алдына жиып, жылап жібердім. Мені ешкім байқамады деп ойладым, бірақ есіктің ар жағында филология факультетінің деканы қарап тұр екен. Ол маған: «Қызым, неге сонша қапаланып жылап тұрсың?» деп сұрады. Мен ештеңе деп жауап бере алмадым. Сол мезетте ол жерге шашылған қағаздар арасынан музыка мектебінде пианино класын бітірген куәлігімді көзі шалды».

Сөйтіп деканның көзқарасы Лилияның тағдырына үлкен өзгеріс әкелді. Ол Лилиядан:

– Хор ұйымдастыра аласың ба?» – деп сұрады.

Лилия ойланып та үлгермей, бірден:

– Иә, –  деп жауап берді.

Бұл оның өміріндегі үлкен бетбұрыс еді. Себебі, хор ұйымдастыру туралы ешқандай тәжірибесі жоқ болатын. Бірақ уәде берілді, әрі ол оқуға қабылданды. Алайда, студент мәртебесі емес, кандидат ретінде. Кандидаттар еркін тыңдаушылар қатарында жүріп, жоғары жетістікті көрсеткен жағдайда ғана студент қатарына аланатын еді. Ал, ол уақытта бір орын үшін бәсекелестік аса жоғары болатын.

Лилия Саркисян жұмысқа дереу кірісіп кетті. Филология факультетінде тек қыздар оқитын болғандықтан, деканның шешімімен хорға тарихшылар да тартылды. Уақыт тығыз еді. Себебі 7 қараша – Ұлы Октябрь социалистік революциясына арналған мерекеге дейін дайын болып, үлкен сахнаға шығу керек. Бұл Лилия үшін әрі қиын, әрі жауапты сынақ еді.

Осылайша, хор көрермендер мен оқытушылардың қошеметіне бөленіп, Лилия бірден студент қатарына қабылданды. Бұл оның жоғары оқу орнындағы жаңа өмірінің бастауы еді. Алғашқы сессия басталмай жатып, ол жаңа статусымен студенттік өмірге қадам басты.

Дегенмен Лилия Вагановна хорды ұйымдастыру арқылы өмірі бірден өзгеріп кетеді деп ойлаған жоқ. Оның  артында үлкен еңбек пен тұрақты жұмысты талап ететін даңғыл жол жатты.

«Хорды ұйымдастырылды, бәрі бірден жақсы болып кетеді деп ойламаңыздар. Бұл ұзақ әрі ауыр жол болды, өзіме ғана емес, қоғамдық жұмысқа да уақыт бөлуіме тура келді. Қасымда мені үнемі қолдап, бірге жұмыс істеген достарым болды. Олармен байланысымыз әлі күнге дейін сақталып келеді», – дейді ол.

Диплом алғаннан кейін Лилия Вагановна институттан кетпей, оқытушылық қызметке қалды. Оның шығармашылық энергиясы жаңа бағытқа бұрылды. Ал, басшылық оны ең күрделі оқу жобаларына жауапты етіп тағайындады. Лилия Саркисянның басты міндеті – білім беру саласындағы жаңашыл жобаларды жүзеге асыру болды.

Лилия Вагановна өмірі бір ғана хор ұйымдастырумен шектелген жоқ. Оның кәсіби жолы елімізде психология факультетінің ашылуына үлес қосты. Ол еліміз тұңғыш рет психология факультетін ашуға атсалысты. Бұған дейін тек бөлімдер болған, ал факультет дәрежесінде оқыту алғаш рет осы кісінің бастамасымен жүзеге асырылды.

«Біз алғаш рет елімізде психология факультетінің құрылуына мұрындық болдық. Бұл үлкен жетістік, басқа жоғары оқу орындарында тек психология бөлімдері болды. Алайда мен үшін хор туралы ой әрқашан есімнен кеткен емес, бұл оқиғаны ұмытқан жоқпын. 1999 жылы психология факультетінде хор құрып, ән айта бастадық. Өкінішке қарай, пандемия жылдары біздің бастамамыз уақытша тоқтап қалды, бірақ мен сенемін, жақында қайтадан жаңғырып, университеттің 86 жылдығында хорды қайтадан құратын боламыз», – дейді кейіпкеріміз.

Лилия Вагановна Саркисянның өмірі мен кәсіби жолы  бір ғана университеттің жетістігі ғана емес, ол бүкіл Қазақстанның білім беру жүйесіндегі жаңашылдық пен адал еңбектің үлгісі. Бүгінде ол өміріне зор мән берген тұлға ретінде көптеген жасқа үлгі болып, жол көрсетіп келеді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу