Алғаш 1963 жылы кеншілер қаласында музыкалық училище ашылды. 1971 жылы жаңа ғимаратқа көшіріліп, күні бүгінге дейін студент тәрбиелеп келеді. 2012 жылы Қазақ халық аспаптары бөлімі құрылды.
Бүгінде үдеден шығып келе жатқан оқушылар мен тәлімгерлер баршылық. Қазір колледжде “Сарын” ансамблі құрылған. Жетекшілерінің бірі Ыбырай Есжанов.
“Алғаш 1993 жылы білім ордасында қазақ халық аспаптары класстары ашылып, домбыра кластары бойынша Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ түлегі Гүлзат Бекенова, әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтының түлегі Абай Әмірханов бастаған аға-апалар өз жұмыстарын бастаған еді. Бір сөзбен айтқанда, қазығын қағып, іргетасын қалады. 1995-1999 жылдар аралығында “Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының” түлегі, ҚР Мәдениет қайраткері Ержан Рысметов қобыз-прима класы бойынша, Сәуле Маманова қыл-қобыз класында, Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филормониясының қазақ халық аспаптар оркестірінің көркемдік жетекшісі болған, марқұм Назымбек Молдахметов ағамыз, консерватория түлегі Батырбек Байназаров ағаларымыз еңбек етті”, – дейді Ыбырай Есжанов.
Міне, содан бері қазақ халық аспаптар бөлімінің ұстаздар қауымы жыл сайын жаңа мамандармен толығып, “Сарын” ансамбілінің құрамы жаңарып отырады. Бөлімде домбыра, қобыз, дауылпаз, сазсырнай, жетіген сынды аспаптар оқытылады. Тәжірибелі ұстаздар қауымы қазақ халық аспаптарының шеберлері, ұлттық музыканың білгілерлері бар білгендерін студент бойына сіңіреді.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев