Гүлжан АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ. Амбассадорлар

Гүлжан АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ. Амбассадорлар

әңгіме

Дүрияны жоқ жерден ауыр мұң басты. Күйеуі Тәңірберді аудан әкімінің орынбасары болып тұрғанында не ішем, не кием деп бас қатырып көрмепті. Бүкіл аудан атқамінерлерінің әйелдері бұны көргенде шұрқыраса амандасып, сағынып қалғандай құшақтап,біразға дейін құшақтарынан босатпай тұрып алатын. Шағын кәсібі бар ауданның бетке ұстар әйелдерікүлімдеп, жылмаңдап,кетерінде сөмкесін бос қайтармай әлекей-шүлекей болып, алдында құрдай жорғалайтын. Әшекей, иіс су деймісіз, крем дейсіз бе құдай-оу, шетелден келіп жатқан брендтер ең бірінші Дүрияны іздеп табатын. Енді міне, Тәңірберді жұмыссыз қалғалыжапанда жалғыз қалғандай күй кешті. Әшейінде көшеге шыққандаалдынан шұрқырай амандасатын сылқым құрбылары мұны көрсе, керісінше анадайдан айналып қашатын болды. Дүкенге кіре қалса қипақтапкөрмегенсіп, алушыларға «қане, не аласыздар, тыңдап тырмын» деп құдды қолдары тимей жатқандай сыңай танытатын болды. Дүрияға бұл ауыр тиді. Бүкіл ауданның әйелдері мұның табанын жалауға дайын еді. Енді бір-ақ күнде ешкімге керексіз, тіпті Дүрия деген адамның барын ұмытқандай. Өмір қалай тез өзгереді,ә?! Жоқ, өмір өзгерген жоқ, шығыстан күн шығып,күн ұясына батып күндер өз кезегімен өтуде. Өзгерген адамдар.

Күйеуі әкімнің орынбасары болып тұрғанда мұңсыз еді. Адамдардың бәрі жақсы көріп, алдында құрақ ұшып тұратын. Құрбылары да көп еді. Ауданның ең қымбат деген ресторанында түстеніп, ең қымбат деген шараптан ұрттап қойып, сыр шертісетін еді. Шіркін, қайда сол құрбылары? Дүрия неге көңілсіз? Жүрек тұсын белгісіз, ешқашан сезініп көрмеген ауыр нәрсе басты да тұрды. Мұның қандай күй екенін тап басып айтып бере алмайды. Өйткені, осы Тәңірбергенге күйеуге шыққалы тек қызылды-жасылды өмірді ғана көріпті. Оның жүрегі тек қуаныштан ғана шаттанып, дүрсілдеп соғатын. Ол мұң, сағыныш дегеннің не нәрсе екенін білмеді. Ай сайын шетелде, Дубайда, Анталияда ел атын естіп көрмеген аралдарда демалып, шалқып өмір сүрді. Әйелдердің іші күйіп,бұған қызыға да қызғана қарайтын. Тіпті әкімнің қара тәлпіш танау қатынының да жүзінен қызғаныштың табы байқалып тұратын. Өйткені, ол дәл Дүриядай сайрам салған жоқ. Әкім байы шетелдерге өзі кететін. Ара-арасында ғана ертіп апарғаны болмаса көбінде әйелі Қазақстанның территориясынан аспайтын. Ұзын құлақтан естігені әкімніңжап-жас нақсүйері бар-мыс. Күйеуінен де сыр тартып сұрағанында да «қайтесің, соны сен білмей-ақ қойшы. Ертең ана құрбыларыңа айтып қойып, Сырым Құсаиновичтен ұят болып жүрмесін» деп жақауратып, айтқысы келмеген. Күйеуінің аса сақтықпен айтқан осы сөзінен-ақелдің сөзінің рас екенін ұққан. Мейлі, айтпай-ақ қойсын. Сұңғыла Дүрия онсыз да бәрін түсінді. Ішінен айызы қанғандай рахаттанған сезім бас көтеріп, көңілденіп сала берген еді. Енді сол тәлпіш танау әкімнің әйелі де мұны менсінбейтін болыпты. Анау жолы көшеде жолығып қалғанында тоқтап қал сұрасқанға ерінгендейқасынан ернін жыбырлатыпөте шыққан. Сондағы Дүрияның жер болғанын әй, ешкім түсінбес. Бұл күйдің қаншалықты ауыр екенін, жер болудың салмағы қаншалықты зіл батпан екенінөзі ғана біледі. Кешегі қолын сүюге дайын сылқым қатындар енді мұны адам құрлы көрмей теріс айналыпты. Құйрығын бұлтың еткізіп, тез өзгеретін түлкіөмір-ай. Әлі оларға көрсетеді!

Ішін ашу-ыза қыз-қыз қайнатып, бір жағы әйелдердің қорлығы өтіп кеткенДүрия көпке шыдамады. Тарс айрылды. Бөлмесінде жатқан күйеуіне келді де аласы мол жанары сыртқы шығып кетердей шатынап жетіп келді.

– Әй!- деді даусы шаңқ етіп. Бұрындары күйеуіне «Тәке» дейтін. «Біздің Тәкең» деп құрбы келіншектермен шай ішкенде өздерінің биязы қарым-қатынастарын көрсеткісі келгендей сызылатын. Енді аяқ астынан не болғанын, «әй» деген сөз аузынан қалай шыққанын өзі де білмей қалды.«Апырмай, алтын асықтай байымды әй дегенім қалай?» деген өкінішке ұқсас бір сезім лып етті де артынша тез сөнді. Мейлі, не болса да болды. Бұдан артыққа төзе алмасын дабілді.«Әй» демегенде не деймін енді. Жатқан жатысы мынау. Ана әкімнің тәлпіш қара қатыны да мұны басынып болған жоқ па? Тіпті көшеде ел бетіне қасқайып қарап жүре алмай қалған жоқ па? Қорлап болды ғой мұны ел. Ал қорланғаннан жер баса алмай жүргенімен мұның шаруасы да жоқ. Кешке дейін үйден шықпай жатқанда маңдайынан біреу сипай ма? Облысқа барып шағымданбай ма одан да? Аямаймын. Менің осындай күйге түсіп, іштей қайғырып жүргенімде басымнан сипап, аядыма бұл?»Тіптен көгеріп-сазарып алды. Өзін мүсіркеген ойы ішкі запыранын одан сайын көтеріп кетті.

Әйелінің шаңқ еткен даусынан Тәңірберді селк етіп,жалт қарады. Сұп-сұр болған бетіне бажайлай қарады. Ойпырмай, мынау қайтеді, и? Сұп-сұр болған жүзі қандай қорқынышты. Қазір мұны бас салып, бетін тырнаудан тайынайын деп тұрған жоқ. Осы уақытқа дейін әйелін танымай келген бе?Баяғыда көзі күлімдеп, бетінде нұр ойнап тұратын әйелі бір-ақ күнде сұр жыланға айналып шыға келгенін қарасаңшы. Әппақ сазандай әйелін мақтан ететін еді іштей. Әсіресе әкімнің қара қазандай болған әйелімен өз әйелін салыстырып, іштей мақтаныш сезімі бойын билеп жүруші еді. Енді мына түрін көріп, «шынымен мынау менің әйелім бе?» деп аңтарыла қарады.

-Сенікі не жатыс мынау?! Дүрия әр сөзін тісінің арасынан сыздықтай, ысылдай сөйледі. Ашудан жылап жіберейін деп тұр. Көмейіне келіп тірелген долы жасты көрсеткісі келмей, тамағын қайта-қайта жұтынды.

-Не болды,саған түлен түртті ме таң атпай?

Тәңірберді де әйелінің өзіне бұйыра сөйлегенін жақтырмай қалды. Қарай көр өзін? Ат үстінде отырғанда ғана әйелге сыйлы екен ғой. Аттан түсіп еді, мұны менсінейін деп тұрған жоқ қой, пәтшағар. Күйі келсе табаға салып шыжғырмақшы. «Қойныңдағы әйелің жау»деген осы екен ғой. Мұны қалай білмеген? Сонда үлде мен бүлдеге орап отырғанда Тәңірберді жақсы болдыда, басынан бақ тайып еді адам болмай қалды ма? «Тәке, Тәке» деп назданғаны өтірік болды ғой.

– Түртті түлен. Түртпек түгілі…Осы жерде Дүрия тұтықты.«Не десем екен, түлен деген не нәрсе өзі»деп бір сәтойланып қалды.

Дүрия он бірінші сыныптан кейін оқымады. Оқуға өзінің ынтасы болмады. Мектепті деқарқ қылмады. Тек әкесінің мыңғырған малының арқасында төрт пен беске оқып шықты. Әкесінің қызынан аямайтын жомарт қолынан мұғалімдер де қарқ болып еді. Мектеп бітірген соң осы Тәңірбергеннің етегінен ұстаған. Өзі де бір жігітті баурап алатындай реңді еді. Құдай бұған білім бермесе де түрді беріпті. Осы түрі ғой беделін асқақтатып тұрған. Күйеуімен ылғи ығай мен сығайлар жиналған жиынға барғанда Дүрия бірден көзге түсетін еді. Қымбат көйлек пен әшекейлер өңін одан сайын аша түсетін. Өзінің басқа әйелдерден шоқтығы биік тұратынынбілетін. Сондықтан ол кербезденіп жүретін. Бұл кербездігі Тәңірбергенге де ұнайтын.

Енді сол кербез қатыны керіліп шыға келіпті. «Кедейдің кербезінен сақта» деген сөз бар еді. Апырмай, бұл Тәңірберді болмағанда Дүрия кім еді? Ауылдың троктарисіне күйеуге шықса көрер едім сылқылдап жүргенін. О несі-ей…

Тәңірбердіні еркектік намысы жанып өтті. Ашуы қып-қызыл болып бетіне ойнап шыға келді.

– Маған «әй» дейтін сен кімсің?-деді зілденіп. «Кімсің» деген сөзі Дүрияның жанды жеріне барып тиіп, осып түсті.

-Мен сенің қатыныңмын! Не танымай тұрсың ба? Қор болған қатыныңмын. Елдің бәріне мазақ болған бейшара қатыныңмын!- деді шаңқылдап. Долданғаннан бірінен кейін бірі лықсып келген сөздер тамағына келіп тірелді де, не ары өтпей, не бері өтпей қылқынды да қалды. Бір кезде кесек тамағын қысқанда көзінен ащы жасболып төгілді. Қыстығып тұрған тығын атылып, көзінен жас парлады дейсің. Тәңірберді сасып қалды. Бір сәт әйелін аяп кетті. «Шынымен үлде мен бүлдеге оранып жүрген, елдің құрметіне бөленіп үйреніп қалған, енді өзі айтқандай бейшара күйге түскен бұған оңай емес қой» деген жанашырлық сезімі бас көтеруі мұң екен, жаңағы ашудан жұрнақ та қалмады. Әйелін құшағына қысып еді, ол ботадай боздап қоя берді.

***

Бұлар ауылға көшетін болды. Ауданда тұра берудің мәні қалмады. Бәрінен де бұларға қылмыскердей үрпие қараған елдің жанары өтіп кетті.Көзге шыққан сүйелдей қашанғы жүреді. Әрі жұмыс жоқ, бұл жерде жүре берсе аштан өлетін түрлері бар. Ал ауыл қанша дегенмен ауыл ғой. Пейіл де дала да кең ғой, шіркін. Әрі ағайынның арасы. Ауылға көшу алғашында Дүрияға ауыр тиді. Ауыл өміріне үйрене алмай қатты қиналды. Әсіресе бастарына жаулық тағып, таң атқаннан кеш батқанға дейін салпылдап жүретін әйелдердің тіршілігіне қарап жылағысы келді. Не деген бітпейтін тіршілік. Сиырдың желініне жабысып күрпілдетіп сиыр сауып, оның арасында тұра қалып өсек айтқандарына, сөйтіп күндерін өткізгендеріне мәз. Осы да өмір болып па? Бұлар кинотеатр, театр деген нәрсені біле ме екен? Салон дегенді анау күн қаққан беттері көрді ме екен? Салон не теңдері тәйірі, крем жағып көрді ме екен десеңші? Анау жолы осы ауылдың сылқым келіншегімен сөйлесе қалып еді «крем-срем дегенді білмейміз, сиыр сауып болған соң көбігін жағып жүре береміз, қолымыз жарылса қойдың майын жағамыз» дегенде көзі бақырайып, құлап қала жаздаған.

“Басқа түссе баспақшыл” деген Дүрия да ауыл өміріне көндіге бастады. Бұрынғы кердеңдеген жүрісінен жұрнақ та қалмады. Ұзын етек көйлек киіп, басына орамалын тағып нағыз ауыл әйелі болды да шықты. Әппақ өңі де сәл тотығып, көз алдына әжімтүсе бастаған. Бұрынғыдайай сайын косметологқа барып, бетіне қымбат крем жағу деген өмірі келмеске кетті. Беті құрғап, қартайып қалды. Сананы тұрмыс билейді деген рас екен. Дүрияның уайымы «бүгін не ішеміз» болды. Уайымнан мәңгіре бастады. Кейде Тәңірберген бірдеңе десе естімей «а, не дейсің?» деп селк ете қалатын әдет тапты. Тәңірберген әйелінің өзінен бұрын жүдеп, жадап бара жатқанына қиналды.

***

Бұл тыныштығы ұзаққа бармады.Бір күні көшеде мектепте бірге оқыған құрбысын кездестіріп қалды. Бәрі содан басталды. Құрбысыныңқолы-басы алтын. Астында қымбат көлік. Шұрқырай көріскен. Дүрия бұрынғы күні болса өзін мұның қасында зор санайтын еді. Енді киген көйлегіне, алтындарына қарап тамсанды. Ол да Күлияның басындағы жағдайын елден естісе керек, ләм демеді. Тек жылышырай білдіріп, мектеп кезінен көрмеген құрбысын сағынған кейіп көрсетті. Басқа болса «ойбай, Дүрия не боп кеткенсің?» дер еді. Бұрынғыдай емесауыл әйелі образына үйрене бастаған. Қайта бұрын өзін бақылауда ұстаймын деп, артық қимыл жасап қоюдан қорқып отырушы еді, қазір рахат ешкімнің алдында қысылмайды, қымтырылмайды. Қалай киініп, қалай сөйлеймін десе де өз еркі.

– Мәә, қыз-ау, сықыйып алыпсың ғой,- деп құрбысын құшақтай берді. Ол да мұны керісінше құшағына тартып, іші-бауырына кіре сөйледі.

– Жағдайың жақсы екен көрініп тұр. Қайда істейсің?- деп сұрады.

– Өнім сатумен айналысамын,- деді Самал жұмбақ үнмен. Дүрия нақты не нәрсе екенін білмесе де «аа» деді аңқайып. «Не сатса да бизнесі әжептәуір сияқты ғой» деп ойлады.

– Істейсің бе? Сен де өнім сатып, мына мен сияқты баий аласың- деді құрбысы. Бұл да әккі. Құрбысының жанды жерін біліп тұр.

-Қойшы..,- деді Күлия көзінен бір сәуле жалт етіп. Кейінгі кезде естіген ең жылы сөз осы болды. Құдай құтқарушысын жібергендейкөңілі көтеріліп сала берді.

– Сонда қанша аласың?- деді бастырмалатып.

– Айына он миллион!

– Он миллион! Ішегін тарта таң қалды. Самал бұл таңданысқа селт етпегендей «қайта мен аз аламын ғой. Айына жүз миллион алатындар» бар дегенде Күлияның көзі шарасынан шықты.

Дүриядан мүлде ес кетті. Құрбысының айтуынша бұл нағыз бизнес леди болатын жер екен. Тіпті көлік алып, жалғанды жалпағынан басады екенсің. Ай сайын ақша өзінен өзі құйылып келіп тұрады. Тек артыңнан адам кіргізіп тұрсаң болды. «Пәлі, сол да жұмыс болып па?» деп ойлады.

Үйіне көңілді оралды. Көптен еңсесі көтерілмей томаға тұйық күйге түскен әйелінің кенеттен көңілді екенін көрген күйеуі де, балалары да мәз болысты. Үйі де шуақ шашып, берекесі кіргендей болды. Күлия самбырлай бүгінгі оқиғаны баяндап шықты. Тек Тілеурберді үндемей «ммм» дегеннен аспады. Дүрия болса мәз. Көз алдына көп ақша келіп, өзінің баяғыша ақшаны буда-буда ұстап жүргені елестеді. «Миллионер боласың» деді ме? Апыр-ай, Самалдың да білмейтіні жоқ. Қала адамдары ауыл адамдарына қарағанда бөлек,ә?! Ауылда не істеп жүр өзі? Күлегеш болып от жағып, әппақ беті қап-қара болып… «Жоқ, қалаға кетеді». Дүрия бір-ақ күнде бүлінді. Қалаға барып оқып келмекші. Нақты не оқу екенін өзі де білмейді. Әйтеуір құрбысының айтуынша бір-екі сабағын тыңдап келсе, соның өзі жетеді екен.

Күйеуінің «қайда барасың?» деген қарсылығына қарамастан құрбысының машинасына отырып алып, қалаға тартты.

Өзі сияқты он шақты әйел жиналыпты. Өңдері келісті. Шаш, тырнақтары боялған. Бұған қарағанда жағдайлары жақсы екені көрініп тұр.

– Армысыздар,миллионерлер, амбадассорлар! – деп сөз бастады өзін амбассадормын деп таныстырған әйел. «Амбассадордың» кім екенін түсінбесе деаузы ашыла тыңдады. «Аты да қызық екен» деп бір ойлап қойды. «Амбасор дей ме? Амбасор… Тілім де келмейді, пәтшағар. Сонда ылғи әйелдер істейтін жұмыс па бұл?» деп қиялы жеткенге дейін ойлап үлгерді.Апыр-ай,осындай да жұмыс болады екен-ау,ә! Екі адам тіркесең сосын олар екі адам әкеп тіркейді, одан кейін тағы екі адам тіркеледі… осылай тізбектеліп кете береді екен. Олардан түскен бонусақща болып келіп түседі. «Мәссаған!»Екі адам деген сөз болып па? Болды, істейді!Мың доллар ақша салсаң, миллионер дәрежесіне бір-ақ көтеріледі екенсің. «Мың долларды қайдан тапсам болады?» деп бастапқыда ойланып отырды да,мына шалқыған көңіл-күйінбұзғысы келмей «бірдеңесі болар» деп оған да бас қатырмады. Дүрияның аузы ашыла бар ынтасымен тыңдағанын құрбысы да білді. «Алтынды қызған кезде соқ» деген. Көп ойлануына мұршасын келтірмей, ұстап қалу керек. Құрбысының үгіттеуімен Дүрия кредит алып үлгерді. Екі адам деген сөз бе тәйірі! Ай сайын миллион ақша келіп түсіп жатса жаман ба? Өзінің қызыл кілемде кетіп бара жатқанын елестетіп еді тіптен шабыттанып кетті.

Дүрия үйіне «мен– амбасормын, енді мен – миллионермін» деп желпініп кірді. Тәңірберді әйелінің бірдеңеге ұрынғанын іші сезді. Бірақ,ауыз ашуға дәті жетпеді. Онсыз да шырпы жақса лау ете қалайын деп тұрған үйінің берекесін ойлады.

Қаладан келген соңДүрия жоқ жерден өнер шығарды. Басындағы орамалды лақтырып тастап,шашын сәндеп, боянып шығатын болды көшеге. Ауыл адамдарына бұл қылығы ерсі көрінді. Бұған қыңқ еткен ол жоқ. Самбырлай сөйлеп, сөмкесін қолтығына қысып, таңертең көрсең ауданға тартып бара жатады.Ауыл әйелдеріне не керек, өсек керек. Шарбақ сыртында жиналып алып, ары өткен, бері өткенді сөз етісіп тұрғандары. Бір күні сылаң қағып кетіп бара жатқан Дүрияны тоқтатты.

– Ау, абысын, қайда тарттың?- деді қу тілді біреуі.

– Ауданға,- деп самбырлай жауап берді Дүрия.

– Онда не бар, и?

– Жұмысқа кірдім, жұмысқа.

– Ойбай, қандай жұмысқа?

– Бизнес…Амбасормын мен енді!

– Көтек, не дид? Амбасор деген не пәле тағы? Күн қаққан бетін шымшып қойды әлгі әйел.

– Ой, жеңеше, сіз түсінбейсіз оны. Бизнес қой әйелдер істейтін.

– Аааа,- деп аңқайды жеңешесі. – Атын да тауып қойған екен, ә?! Әй, бізге де айтсаңшы біз де істейік,- деді қарап тұрмай артынан айқайлап.

Қасындағы жас келіншектер ду күлді.

– Жеңеше, амбасор емес, амбадассор,- деп жауап берді ішіндегі жастауы.

– А, не дид? Ол не пәле тағы?

– Адам тіркеп, жазыпақша табады. Сондай бизнес ол.

– Көтек… не дейді? Естімеген елде көп деген. Сонда адамдарды жаза берсең ақша өзі келе бере ме? Біз де істейік те онда? Жас келіншектер одан сайын тырқылдап күлді. Бос сөз күлмекке жақсы дегендей, іштері пысқан қатындарға бұл да бір ермек болды.

Содан бері бұл сөз ауыл әйелдерінің әзіліне айналды. Бір-бірін «амбасор қатын, қалайсың?» деп қағытатын болған.

Бүгін де ауданға тартты. Ондағы ойы кезінде күйеуі әкімнің орынбасары болып тұрғанда ақшалай көмектескен, басқалай да мәселесін шешіп берген құрбылары бар тұғын. Енді соларды айналдырмақшы.

Ауданға көптен ат ізін салмай кетіп еді. Көшеде Дүрияның алшаң басып, самбырлай сөйлеп жүргенін көрген бұрынғы құрбылары мен көз таныстары «мынаған тағы жел біткен екен. Байы бір жерге қонжиған ғой, сірә» деп ойлады. Алдынан кездесе кеткен таныс келіншекті бас салып «қалайсың, и, қатын? Не болды кісі танымай қалғансыңдар ма?» деп төтесінен қойды. Анау да сасып қалды.

– Жоға, о не дегенің?

– Байым әкім орынбасары боп тұрғанда талай жыртығыңды жамап едім, енді сол күніңді ұмытып қалдың ба?Дүрияның еш нәрседен тайынар түрі жоқ. Осы уақытқа дейін есесі кетіп, өзі де ішқұса боп жүр еді. Енді тығыны атылған шөлмек сияқты аузына келген сөзді ірікпеді.

Құрбысы тіптен састы. Айтса айтқандай кезінде алдына талай рет жылап барғанда, меселін қайтармай көмектесіп еді. Күйеуі азарт ойынға кіріп кеткенде де қарыздарын төлеп берген. Енді «сенің маған не жақсылығың өтіп еді» деуге аузы бармады. Күлия да мұның күмілжіп қалғанын аңдап, «енді сол жақсылығымның қарымтасын қайтаратын уақытың келді» деп айтып салды.Қадалған жерден қан алмай қоймайдыенді. Өзінен кейінгі орынға тіркетіп, жаздырып кетті. Ақшасын қақшып алды. Ендігі бет алысы кезінде дүкен ашуға көмектескен құрбысы болды. Оны да қиналмай тапты. Дүкенге Дүрия кіріп келгенде құрбысы қатты састы. Сағынысып көріскендей «қалайсың, қыз-ау» деген сөзге аузы әрең икемге келді. Дүрия керісінше бедірейіп, кезінде өзін табалаған құрбысына іші жылымай қатып қалды.

– Иә, Дүрия осылай күнін көре алмай тентіреп, көзі құриды деп ойладыңдар ма?- деді. Құрбысы жым болды.

-Кезінде битіңді сығарға шамаң келмей жүргенде сол боқташақтан кім алып шығып еді? Күлия сазарған жүзін тіктей құрбысына қарады. Көзі шатынап, өңменіңнен өтердей қадалды.

– Көзің жасқа толып, көкірегің шерге толғанда қасыңнан табылған құрбыңды ұмытып, жадыңнан айырылайын деген екенсің,ә, – дедіащы мырс етіп. Құрбысы не дерін білмей тұтықты да қалды. «Бұл қатын кезінде анау біреумен әуейі болып, шалыс басқан қадамын жұмбақтап тұр-ау. Сұр жылан, енді соны байыңа айтып, абыройыңды төгем деп тұр ғой»

Құрбысы бұнымен теке тіресіп абырой таппасын білді де өзін зорлағандай күле берді.

-Туу, Дүрия,қайдағы жоқты айтып сен де. Сенің жақсылығыңды мен екі дүниеде де ұмытпаймын ғой. Келші, отыршы. Өзі не болып кеткенін ұқпай есеңгіреп қалдық қой бәріміз. Сені өз-өзіне келіп алсын деп, мазаңды алмайық дедік. Әйтпесе, анау жолы Мүкең деіздеп барып қайтпадық па деп… Туу, Күлия өзіңді сағынып кеттім ғой,- деп бастырмалатып,ойлануға мұршасын келтірмей қолтықтап, шай ішетін бөлмеге қарайала жөнелді. Қолтықтап бара жатып самбырлап сөйлеп барады. «Сенің зарың өтті ғой,Дүрия-оу. СЭС дегендерің сендер кеткеннен кейін басыма шықты ғой. Ой, құрбым-ай, менің не көріп жатқанымды сен білмейсің ғой…»Бағанағыдай емес Дүрияның да жындары басылып, сабасына келе бастады. «Шынымен, Тәңірбердінің аяқ астынан жұмыстан босауы бәріне тосыннан тиген соққыдай әсер еткені рас қой. Тәңірберді әкімнің орынбасары болып тұрғанда бұлар да дүниені жалпағынан басқан жоқ па? Өзі айтқандай СЭС, налог дегендерден менің арқамдамәселесі оңынан шешіліп тұрды ғой»Дүрияның көз алдынан бұрынғы өмірі қайта жалт беріп үлгерді.Құрбылары үшін мәселе шешіп жүретін күндері есіне түсіп, сағыныш жүрегін бұрай ауыртып, көзіне шып-шып жас келді. Дүрияның босаңси бастағанын сезген құрбысы, ішінен терең тыныстады.

– Қане айтшы, жағдайларың қалай?

Екі құрбының әңгімесі бұрынғыша жайлана кетті. Күлия өзінің бір компанияға кіргенін мол ақшаға кенелетінін, оған бұның көмегі керегін баяндап шықты.

– Бұйырса амбасор болам, сол кезде баяғы Дүрияны көресіңдер,- деді қиялдан шалқып отырып. Құрбысызер сала қарады. Бұрынғы құрбысынан жұрнақ та жоқ. Тотыққан. Көз алдын ұсақ әжім басып, маңдайына ұзын сызық орнығып үлгеріпті. Үстінде бұрын екеуі Италияға барғанда алған көйлегі. Бірақ өңін ашпай тұр ма қалай? Бұрынне кисе де жарқырап шыға келетін. Енді неге сөйлпиіп, керісінше өңін қашырып тұр? Сәл жүдеген сияқты. Бәлкім содан да шығар. Мың жерден қымбат көйлек болса да адамның сәні келмесе құр шүберек болып қалады екен ғой.Өзі қолын сермеп асығып сөйлейтін болыпты. Соған қарағанда жүйкесі де тозған-ау. «Амбасор дегені несі? Ұят-ай… Олай айтпайды деп айтсам ба екен? Қой құрысын, жыланның бетін әрең қайтарғанда құйрығын басып тағы тірілтіп алармын. Менің нем кетті. Айта берсін»

– Саған сол үшін келдім. Менің астыма тіркелесің. Кезінде жасаған жақсылығымның қайтарымы болсын,-дегенде құрбысы «аа»деп ұйқысынан оянғандай селк етті. Дүрия жасаған жақсылығын алдына тартқан сайын бұдан маза кете бастайды. Аш қасқырға сенім жоқ. Бұл қазір тұрмыстың тауқыметінен әбден титықтаған. Осы қарқынмен күйеуіне айтып қоюы да мүмкін. Бұдан бәрін күтуге болады.

– Болды, болды сен айтсаң болды ғой,-деп құрбысы елпең қақты. Дүрия тіптен шаттанып, көңілденіп сала берді. Екі адам дайын. Тәәк…Енді кім бар еді? Ә, тапты. Баяғыда… Дүрияның көз алдынан баяғыда өзіне қарыздар адамдардың бейнесі бірінен кейін бірі тізбектеліп өтіп жатты…

 

***

Бір жылдан соң Дүрия өзі армандаған қызыл кілем үстімен «Амбадассор» статусын алып жарқырап жүріп бара жатты.

Шығыс Қазақстан облысы

Жаңалықтармен бөлісу