“Аманкелді арайы” газетінің редакторына бұл марапатты облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев табыс етті.
– Бұл марапат Сіздің баспасөз саласындағы журналистік қызметіңізді абыроймен атқара жүріп, билік пен ел арасына дәнекер болған адал еңбегіңізге берілген жоғары бағаның және отандық журналистиканы дамытуға қосқан зор жеке үлесіңізді мойындаудың белгісі. Сізге зор денсаулық, мол бақыт, ұзақ өмір, отбасыңыз бен жақын-жарандарыңызға бар игі жақсылықтарды тілейміз. Сіздің барлық ізгі істеріңіз бен талпыныстарыңызға әрқашан сәттілік серік болсын!, – деді Марат Кенжебекұлы.
Гүлбаршын Жұмаділдәқызы 45 жылдан бері туған ауданына қызмет етіп келеді. Алғашқы еңбек жолын аудандық редакциядан бастап, мәдениет саласында, кейін редакцияға қайта оралып, қызметін жалғастырды.
“Үнемі халықпен қызмет жасадым. Кешегі ұстазым Хақаң – Хамитбек Мұсабаев өмірінің соңғы сәтіне дейін қолынан қаламы түспей кетті. Бимағанбет – Би-ағаңдар 75 ке дейін қолынан скальпелі түспей, орталық ауруханада ота жасады. Еңбекті сүю деген осы. Сол кісілер “Еңбек ардагері” медальін көрмей кетті. Олар бұдан да Жоғары атақтарға ие болса да, бұл қарапайым медальдің еңбек адамы үшін орны үлкен”, – дейді Гүлбаршын Жұмаділдәқызы.