Әңгіме
(Пролог орнына)
«Осы жолғы кезекті демалысынан кейін Еренғали қайда барсада, кіммен жүрседе, жан қалтасына, кейде сөмкесіне жұдырықтай ғана болатын жұқалтақ келген қара тас салып, жанынан тастамай алып жүретін біртүрлі әдет шығарып алды. Оны байқаған кейбір құрдас, достары әзілдейтінді шығарды «-өй, немене жиырмаға келгенше иттен қорқасың бей?» – деп қарқылдап күледі кеп…
Жоғарғы оқу орнын аяқтаған Еренғали, қолына көк дипломын қолына алысымен–ақ, араға көп уақыт салмай қаладағы белгілі бір мекемеден жайлы жұмыс тауып, орналаса кетті. Бұл да болса Құдайдың біз пақырға берген несібесі болар, бір–екі жыл істеп, бұдан да жақсырақ жұмысқа ауысып кетермін деген ит дәмесі де жоқ емес. Бұл жұмысқа орналасуына досы Нұртазаның көп көмегі тигенін жалпақ жұртқа жария етіп айтпасада, өз іші жақсы сезетін. Нұртаза екеуінің танысып жақын достарға айналғанына бесінші жыл кетіп барады. Бір қазаннан ас ішіп, пәтерлерінің жарығы түн жарымына дейін сөнбей , әдебиеттің өткен–кеткендерін айтысып, бірде қолдарын оңды– солды сермеп кезекпен кезек өлең оқып, нағыз қандыкөйлек жолдастарға айналғалы қашан?. Еренғали шығыс шайырларының жырларын жатқа соғып, арасында «Қара таудың басынан көш келеді…» деп ыңылдап әндете кететін, қалай болғанда да, туған жер туралы көсіліп көп айтқысы келетін, айтпайын деседе көзінен мең мұңдалап тұратынын аңғару қиын емес еді. Қаланың қарбалас тірлігі мен асыға соғатын сағаттың тілшіктері Еренғалиды жаңа жұмыстың қиындығы мен қызығына әбден үйретіп, бір сарынды, жаттанды өмірдің ритміне бейімдеп те үлгерді. Баяғы студенттік өміріндегідей жайбырақаттық жоқ қазір, таңмен таласа тұрып, көкала ұзын галстукты асығыс–үсігіс бір жағына қарай қисайтып байлайды да, Байтұрсынов көшесінің бойындағы автобус аялдамасына қарай асыға жүреді. Асықпай көрсін осыдан, жұмысындағы бастығының ашуына тиіп кетерін Еренғали жақсы біледі.
Ескі сары автобустың дүрілдеген дауысынан шырт ұйқыда жатқан қала да ұйқысынан оянатын тәрізді. Еренғали болса автобустан бос орын тапқанына мәз болады, әсіресе терезеге жақын отыруға жаны құмар. Отырады да өзінің жеке бір қиял әлеміне еніп кетеді, жол жөнекей мінген әріптестерінің аман–сәлем қылғанын да байқамай қалады. Қайдан байқасын, өзі автобустың ішінде отыр демесең, жан дүниесі мен ойы баяғыда қиял тұлпарына мініп, жер көкті шарлап кеткелі қашан? Ол әсіресе шығысқа көбірек көз салады, шығысқа қарай жөңкіле көшкен маңғақ бұлттарға, ұзыннан ұзаққа созылып жатқан тас жолдарға үздіге қарайды. Дәрмені болып, бір құдірет орнатар күші болса сол бұлттарға мініп, қазір–ақ өзі аңсаған мекендерге аттанып кеткіш ойы бар сірә. Осы сары автобуспен қатынап жүріп, үй мен жұмыстың арасын жол қылғалы арада қыс өтіп, көктем шығып, жадырап жаз да келді, ескі автобус бірнеше рет сынып, жүрісінен жаңылғаны болмаса, Еренғали жұмысынан қалып көрмеді. Ол өзінің еңбек демалысына шығатын күнді күн санап, асыға күтетін болды, «жақындаған сайын, уақыттың да асықпай қоятыны несі екен?»- деп күбірлеп қояды. Аз күнде демалысқа кететіні есіне түскен сайын жымиып, әріптестеріне миығынан күле қарайды, мұнысы оларға қыр көрсеткен түрі болуы керек. Әне–міне дегенше жұмыстың соңғы күндері де келіп жетті, есеп–қисабын түгендеп, бастығының қабағына бір қарап алып, ептеп–септеп жылдық жұмысының есебін тапсырып тастап, «құтылдым– ау» деген адамша сырттай шаттанып, іштей босаңсып кеп отырды. Өміріндегі алғашқы еңбек демалысын қалай және қайда барып өткізуі туралы, Еренғали көп ойланған жоқ, олай болатын себебі де бар, ол бұл демалысын жыл бұрын жоспарлап, ай бұрын толғанып, орайлы сәті келгенін, әлгі әккі де айлакер жыртқыш аңдарша қыбыр етпей аңдып жатты тәйірі…
Еренғали, тауда туған ұл , сол тауларға қарап өсті, оның армандары да сондай биік һәм асқарі, өз айналасына да таулар сияқты маңғаз кейіппен қарайтын. Сол үшін де оның алғашқы аялдамасы Алматы болуы заңдылық емей немене? Киім–кешегін бүктеп, момақан келген қоңыр чемоданына салды да, теміржол вокзалына келіп «қайдасың Алматы?» деп тартып кетуге әзір тұр, көзінде бір ғажап от ойнайды, жолға шығарып салуға досы Нұртазаның келе алмай қалғаны болмаса, былайынша Еренғалидың көңіл күйін ештеңе де түсіре алмайтын сияқты. Пойыздың жүруін асыға күтеді, бәйге аттарындай тыпыршиды…Бір жарым күн тоқтамай жүрген от арбаңыз Алматыға да кеп жеткен болатын, десе де Алматының да ырду–дырдуын, қызылды-жасылды көшелерін, төбелері аспан тіреген көпқабатты үйлерін менсінетін емес Еренғалиың. Менсінбейтін де жөні бар әрине, оның бұл демалысындағы барғысы келген жері Алматы емес екені өзіне мәлім, ұзап кетсе бір жеті, әйтпесе араға үш–төрт күн ғана салып, көк паспортының дайын болса, шекара асуға дайындалып отыр сабазың, ол дәл осы күнді табаны күректей неше жыл күткені өзіне ғана аян..
Шекара аспақшы дегенім, ол Алтайдың арғы жақ бетін қайтып көрмекші, анау тұрған Хантәңірінен асып түспекші ғой немесе өзінің сегіз жасар кезіне қайтып оралмақшы, сол бір бала Еренғалимен қайтып кездеспекші,бұл сөзсіз Тәңірдің сыйы! Мүмкін болса сегіз жасар бала Еренғалимен сөйлеспекші, жәй ғана сөйлесу емес, айлап жатып, сырласып, өзінің оны қалай сағынғандығын айтқысы келеді. Әлгі ескі жұртта бала Еренғали бұны да көзі мөлдіреп, күтіп жүрген шығар? әлде, ұмытып қалды ма екен? «Ол да күнде мен сияқты өзен жағасына барып кеш батқанша ойнап, тауларға қарап армандайтын шығар. Иә, сөзсіз солай істейді»-дейді Еренғали өз-өзімен сөйлесе кетіп, бірдеңе сезетін болса керек, Еренғали өзі ақынжанды жігіт, ал ондайлар тағдырлы болып келмейді ме өзі? Кеш қарая бере, шекарадан өтіп те үлгерді, көк паспортының алғашқы беттеріне түскен қып–қызыл мөрлер Еренғалидың көзіне оттай басылады. «Дәл осы қарқынмен бес алты сағат жүрсек, діттеген жерімізге жетіп барамыз»-деп қояды күнқағарын артына қайыра киген Марат есімді автобус жүргізушісі
Шаңқай түс болған. Таң бозара бере нағашы әжесінің үйіне келіп түсіп, жолсоқты боп шаршап ұйықтап қалған Еренғали ұйқысынан шошып оянды, “түсімде өртелген мешіттердің жанында жүрмін” деп, тер басқан маңдайын сүртіп отыр…Жә, тоқсанның екісіне келіп отырған нағашы әжесі жиен немересін әбден сағынып қалғаны жүзінен көрініп тұр, басынан сипалап отыр, Еренғали да дәл осы аялы алақанды сарыла күтті емес пе. Көзін жұма қалса болды, көз алдына осыдан он төрт жыл бұрынғы бала Еренғали ойнап, еркелеп жүгіріп келеді. Иә, дәл сол сегіз жасар бала Еренғали ғой бұл, аумаған өзі. Бала Еренғалидың елесі оның қолынан жетектеп, дәл қазір оны ескі жұртымен, одан қалды баяғыда өзі ойнап өскен өзен жағасына, ең кереметі Еренғалидың ең ұлы сағынышына айналған тауларға ертіп апармақшы. Ешқандай түсі емес, өңі екеніне Еренғалидың көзінен тамып түскен моншақтар дәлел тәрізді. Топырақтан үйілген кішкентай төмпешіктің үстіне келіп отырған Еренғалидың көзінің жасын, самал жел құрғатып үлгерді. Ұзақ отыратын түрі бар, қозғалар емес, сол отырған қалпында біреу келіп атын атап немесе арқасынан түртер болса сезбей қалатын да сияқты. Ол дәл солай отырып уақыт туралы ойланды. «Шыр айналған уақыт–ай, мұнша жүйрік болармысың? Кеше ғана үкідей үлбіреген, үгедек бала едім, қайсыбір аяулы шағымнан адастырып, салқын тартқан сабырдың жағалауына қай күні шығарып тастағансың?» дегендей таңырқай отырып, уақытқа сұрақ қояды. Өзі бой түзеп өскен, қысы–жызы басынан қар кетпейтін тауларға көз салады кеп, «осылай маңғаз қалпымен мүсінделген таулар, маңдайыма біткен менің тауларым»-дейді. Алқымына ақша бұлттан бөрте салып, жағасын құндыздап, қарағай мен қайыңның түгін сыртына қаратып тон киген тауларға қарап тұрып, «көргеннің түсінен кетпейтін, көрмегеннің қиял арманына айналатынның өзісің» дегендей көзін талдыра қарап, ойша құшағына басады. Осындайда, ұрпағына мұншама көл–көсір көркемдікті қалдырып кеткен бабаларына сан мәрте алғыс айтудан басқа не істемек керек? Беткейде, аспанға қол соза өскен, сері қарағайлар таңдана қарайды, әлде бұлар Еренғалиды ұмытып қалды ма екен? мүмкін олар кішкентай бала Еренғалиды ғана есінде сақтаған шығар, неде болса қос жанары шырақтай боп жанған Еренғалидың жаны сәуле шашып тұр, бұл сөзсіз бақыттың белгісі. Еренғали таулармен үнсіз сырласты, жел қуалап, еркелей соққан самал жел оның құлағына бейне бір сыбызғыдан күңірене шыққан, өн бойы сағынышқа толы, мұңлы күй боп естілді. Қам–қайғысыз, дүние біткеннің сасық әңгімесінен хабарсыз болып, топыраққа аунап ойнаған, сол жылдар мен жолдарға қарайды, қарайтыны сол сегіз жасар бала Еренғалиды қимайды ғой, лажы болса, уақыт кеңістігінен шығып, сол кезіне қайтып оралып, мәңгілік бала бейнесінде қалғыш ойы бар, бірақ ондай құдірет пен ғажайып, әжеміз айтатын ертегіден басқа еш жерде жоқ қой. Асау уақыт қашан да өзіне бағындырмай қоймайды пәлі. Бұл маңғаз таулармен де, арудың күлкісіндей боп сыңғырлап ағатын өзенмен де, жұпыны келген ескі ауылмен де, кіндік қаны тамған ескі жұртпен де қош айтысатын уақыттың жеткенін Еренғали сезіп тұр. Ол соңғы рет тауларға қарап тұрып армандады, дәл сол сегіз жасар бала Еренғали сияқты әппақ көңіл, тап–таза жүрегімен армандады, соңғы рет өзі ойнап өскен өзеннің жағасына етбетімен жата қап, шөлі қанғанша суынан ішті, демалып алып қайта ішеді, қанбайды сірә. Өзен жағысындағы тұп– тұнық боп жатқан шағын көлшікке қарап тұрып, өзінің сегіз жасар бейнесін көреді, сондай жылы жүзбен күле қарайды, сондай кіршіксіз, сондай таза. Қолын бұлғап шақырады, мүмкін болса өзімен алып қалғысы келмекші. Әттең, амал нешік…Еренғалидың артында әлі неше мың шақырымдық жолдар күтіп жатыр, бірақ ол бұл жерден құр қол кеткісі келмейді, ұзақ ойланған жоқ, сол өзеннің ішінен шағындау келген қара қоңыр тасты алып шықты да, қалтасына сүңгітіп жіберді. Бәрімен қоштасып барып, көлікке отырды. Ал, сегіз жасар бала Еренғали ше? Жолдың шетінде қалқиып қала берді. Ол оны да, тәп–тәтті естеліктерін де, осы жұдырықтай ғана кішкентай қара тасқа сыйдырып әкетіп барады. О, құдірет–ай, осынша киелі болар ма едің?! Еренғали алып бара жатқан бұл тас соншалықты кішкентай болғанымен сәйкесінше оның ішкі салмағы қаншалықты ауыр екені жәй адамға түсініксіз болғанымен, Еренғалидың өзіне бәрі түсінікті еді, ол бұл тастың ауырлығын жүрегімен де сезеді. Ол оның бойтұмары іспетті. Содан бері бала Еренғалиды сағынып, маңғаз тауларды аңсаса, өзеннің суына шөлдесе болды сол тасқа қарайды. Жанынан тастамай алып жүретін себебі де сол. Таста да тағдыр бар шығар. Кім білді екен, елеусіз ғана өзенде жатқан сол тастың біреудің бойтұмарына айналып, өз қожайынын табарын, оны Еренғалидың өзі де білмеген болуы керек. Еренғали енді бұрынғыдай кей сәттері жігері құм боп үгілмейтін шығар, себебі ол сол тас сияқты қатты болуға, үгіліп,сынып кетпеуге тауларға қарап тұрып сөз берген болатын.
Арқалық қаласы