Ерлік пен елдік – аламан айтыс арқауы

Ерлік пен елдік – аламан айтыс арқауы

Халық батыры Амангелді Имановтың 150 жылдық мерейтойы Батпаққара өңірінде дүркіреп өтті. Осы мерекедегі ең айтулы оқиғалардың бірі – «Ардагер Амангелді – ердің ері» атты республикалық ақындар айтысы. Елдің түкпір-түкпірінен аузымен құс тістеген айтыскерлер келіп қатысқан аты шулы аламан туралы ақпарат газетімізде бұған дейін де жарияланған еді. Бүгін сүлейлер сайысын тарқатыңқырап жазбақпыз…

Алаштың алдаспан өнері дархан Торғай төсін екі күн бойы күмбірге бөледі. Айтыс аламанына Жүрсіннің жүйріктері мен Тобыл-Торғай өңірінің суырыпсалма дарындары, ұзын саны 14 ақын қатысты. Олар: Мұхтар Ниязов (Қызылорда), Нұрлан Есенқұлов (Шымкент), Әсем Ережеқызы (Семей), Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда), Жұлдыз Қожабекова (Ақтөбе), Төлеген Жаманов (Ұлытау), Қазырет Бердіхан (Алматы ), Шұғайып Сезімхан (Алматы) және жерлестеріміз Батырлан Сағынтай, Тоба Өтепбаев, Марғұлан Оспанов, Салтанат Өтелбаева, Мамай Ізтілеу, Айбар Рағат. Ақындарға Халық ақыны Әсия Беркенова, белгілі ақын-жазушылар –Серкібай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет және Жанарбек Әшімжан төрешілік жасады. Сондай-ақ, айтыс өнерін зерттеуші, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов ақындар додасына сарапшы болды.

   Айтыс шымылдығын түрген алғашқы жұп – Арқалықтың азулы ақыны Батырлан Сағынтай мен есімі елге танымал алматылық айтыскер Қазырет Бердіхан. Бірінші болып сөзді алған жерлесіміз: «Батырға арнап өткізген бұл айтысты, Батырлан бастамаса, кім бастайды?!» деп, ә дегеннен отты өлеңімен өнерсүйер қауымды аузына қаратты. Өңірдің тарих-шежіресіне келгенде алдына жан салмайтын зердесі терең, өресі биік өнерпаз Амангелді батырдың өр болмысын өрнекті өлеңмен әспеттеді. Халық батырының әлі күнге лайықты бағасы берілмей жүргенін, кеңес заманындағы кері дәріптеуден қалған «большевик» деген айыптау әлі қыр соңымыздан қалмай келе жатқанын келістіріп жырлады.

«Ерлігі теңіздей қан төккенде емес,

Ерлігі – тамшы жасты құрғатқанда»

немесе

«Амангелді ерлігі болмағанда

Аман-есен жетер ме ек күнге мынау?

Бодандықтан құтқарған батырыңның

Бостандықта қадірін білмедік-ау», – деген секілді таңдайда дәмі қалар тұшымды ойлар үсті-үстіне айтылып жатты. Қарсыласы Қазырет те тақырыпты жырлауда олқылық танытқан жоқ. Батырланның өлеңін іліп әкетіп, толықтырып, асыра жырлауға тырысып бақты.

«Амангелдіні Алашқа қарсы қойып,

Кейбіреу сындырмақшы сағымызды.

Ағайын, ішкі жаудан абайлайық,

Баянды қылу үшін бағымызды…

Жоғымызды түгендей алмай жүріп,

Жоғалтып алмайықшы барымызды», – деген секілді түйіндер түйді. Әрине, айтыс болған соң жауаптасу, сөз шарпысу, ой сынасусыз болмайтыны даусыз. Мұндайда тапқырлық, алғырлық алға шығады. Ақындар бұл жөнінен бір-бірінен бірде артық, бірде кем, бірде тең түсіп жатты. Тіс қаққандар тәжікесінде қапылыста қапы кеткенін «қақпанға» түсті дей беріңіз. Мәселен, Ахметті «қазақтың бас ақыны» деп қалған Қазырет Батырланның әжуасына қала жаздады. Мұндай тартысты сәттер аз болмады… Ақырында, қазылар бір ұпай айырмасымен жеңісті арқалықтық ақынға берді.

Бұдан соң туған жерінің намысын қорғауға келген Тоба Өтепбаев пен семейлік сөз зергері Әсем Ережеқызы сахнаға шықты. Қыз бен жігіт айтысының жақсы бір үлгісі деуге тұрарлық айтыс болды. Әсемнің Стамбулдан келгенін меңгезен Тоба салған жерден: «Дикий Арман жүретін жақтан келген, армысың, Әсем деген «дикий» ару?» деп, көпшілікті күлкіге бір қарық қылды. Тұрмысқа шықпаған апасымен біраз қалжыңдасып, «Торғайға алып қаламыз» деп «тығырыққа» тірегендей болды. Ең қызық жері, Тоба Әсемді бойдақ жүрген танымал ағасымен жұрт көзінше таныстырып жіберді.

«Бізде де бір атақты бойдақ бар ед,

Іштерің тұрған шығар, сірә, біліп.

Ол белгілі Абылай Мауданов қой,

Қырықта бойдақ жүрген бұла жігіт.

Орныңнан, қане, Абылай, түрегеліп,

Түріңді көрсетші бір тұра-жүріп.

Екеуің де шетелде жүресіңдер,

Шаң басқан архив кезіп, мұра қуып.

Одан да осы тойды пайдаланып,

Отырған мына жұртты куә қылып,

Шетелде жүре бермей екеулерің,

Екі елді жіберіңдер құда қылып», – деп, көрермен ішіндегі ағасын орнынан тұрғызып, «шоудың» “көкесін” жасасын. Тәжірибелі Әсем де қарап қалсын ба, Тоба бастаған бұл әзілді өз пайдасына шешіп әкетпек болды.

«Сен мені түсірдің-ау бүгін отқа,

Жырлайтын бұның басқа жыры жоқ па?

Өзім де танимын ғой Абылайды,

Жанында сен жүруші ең іні боп та.

Мақтадың неге сонша сол ағаңды,

Тарыдай тал бойында міні жоқ па?…

Айтатын сөзін өзі кеп айтпай ма,

Ағаңның ауызында тілі жоқ па?

Жалпиып анау жерде не істеп отыр,

Орнынан қозғалатын түрі жоқ па?

Құдай-ау, қызға осылай сөз айта ма,

Қолында тым болмаса гүлі жоқ па?» – деп, қалың қауымды ду еткізіп күлдірді. Сәлден соң сахнаға басқа жігіт гүл алып шығып еді, Әсем: «Екеуің ептей алмайды екенсіңдер», – деп әзілдің түйінін қойды. Әлбетте, тақырып та өлеңдетілмей қалмады. Ақындар батыр тұлғасын, кешегі Торғай көтерілісіндегі ұлы ерлікті асқақтата жырлады. Қазылар жеңіске Әсем Ережеқызын лайық деп таныды.

Келесі кезекте Б.Майлин ауданынан келген ақын Мамай Ізтілеу мен ақтөбелік айтыскер Жұлдыз Қожабекова, қостанайлық өнерпаз Марғұлан Оспанов пен Ұлытау облысынан келген осы аламанның ең ересек айтыскері Төлеген Жаманов жыр-жарысқа түсті. «Қырындайын десем, сәл кәрілеумін, ал өлуге әлі де жастау екем» деп ақтөбелік ақын қызға сөз арнаған Мамай Ізтілеу қарсыластың үсті-үстіне үдей түскен қарымта шабуылына тосқауыл қойып бақты. Бұл ымырасыздау айтыс болған секілді көрінді. Дегенмен, батыр елін жырға қосуға тәп-тәуір дайындалып келгендері аңғарылады. Жұлдыздың «Кеңдік екен ашылған алақаның, ерлік екен жұмылған жұдырығың» деген сияқты жолдары көрермен қошеметіне ие болып жатты. Жеңіс ақтөбелік айтыскерге бұйырды.

«Көзмергеннің тойына Ұлытаудан,

Төлегендей сөзмерген ағам келді…

Жамановпен айтыссам жаман ба енді?» – деп жыр құраған Марғұлан әуелі ағасын мақтап алып, кейін оны ақтаңгер Айбек Қалиевпен салыстырып:

«Төлеген айтқан екен» деп жүретін,

Жатқан жоқ өткір сөзің тым білініп.

Әйтпесе айтатын сөз толып жатыр,

Бетіне басар елдің бір міні ғып.

Су жаңа облысың суға зәру,

Батырып айтпаймысың тілді қылып.

Жолдары Жезқазғанның шұрық-тесік,

Көрсеңші ел мұңына бір жүгініп», – деп шабуылдап көріп еді, байыппен бипаздап өлең өретін Жаманов жауап қайтарар кезі келгенде аянып қалмады.

«Шұрық-тесік жолдарды қызық болды-ау,

Жамановқа жамап бер деп жылағаның.

Тақта отырған адамнан сұрарыңды,

Атта жүрген адамнан сұрағаның.

Буынсыз жерге пышақ ұрамын деп,

Шашылып қап жүрмесін құмалағың», – деп қайырып, ұлытаулық ақын інісіне бірнеше рет салмақты тойтарыс берді. Ұлытаудың Торғаймен егіз ел екенін айтып, тақырыпты терең толғады. Марғұлан да «Алашағы болмаса тағдырынан, ешкімге жоқ Торғайдың берешегі» деген ой түйіп, жерлестерін бір желпінтіп қойды. Алайда төрешілердің таңдауы Төлеген Жамановқа түсті.

Ең бір  тартысқа, шарпысқа толы айтысты азуын айға білеген адуынды ақындар – Мұхтар Ниязов пен Шұғайып Сезімхан жасап берді. Шеберлікті де, тосын әзілді де, терең астарды да осы қос мықтының өлеңінен табуға болар еді. Бастапқыда Сүйінбайдың мақамына салып, елмен есендесіп алған Шұғайып әп дегеннен Мұхтарға азу батырғысы келді. Көршілес елдерге сапарлап, «бір-екі «Горилласын» ұрттап алып», үнемі айтысқа барып жүретін қызылордалық Ниязовтың Сырдария суының тартылып бара жатқанын мәселе қылып көтермейтінін сынға алды.

«Қырғыз барсаң, көмейге ет тығасың,

Өзбек барсаң, палауын жеп тынасың.

Әдейі барып тұрып солар жаққа,

Бір тамшы су сұрамай кеп тұрасың», – деп төтелеп, төпелеп көрді Шұғайып. Одан ығатын Мұхтар ма, от ауыз, орақ тілді Ниязов әуелі «Жұрттың бәрі шығып ап суды айтады, астарыңнан су шығып жатқан жоқ па?» деп бір қайырып алды. Одан соң шекаралық су мәселесіне тереңдей түсіп, бірде: «Сөзіңнің татымы жоқ, әрібі көп, суды тек мемлекет шешетінін, сумилардан басқаның бәрі білед», – деп қойып қалса, енді бірде: «Алашты қуантам деп шауып жүріп, Шұғайыпты ренжітіп алыппын ғой», – деп қыршып өтті. Шымшыласудан шегіншектемеген Шұғайып Мұхтарға:

«Әуезовтің әдемі атын алып,

Әблязовтың жасама тірліктерін», – деп бөгеу қойғысы келді. Мұхтардың Алматыдан келген қарсыласына Невский ескерткіші туралы қойған сұрағы да қызық.

«Байғұсты әрі аунатып, бері аунатып,

Тұрғызып жіберуге сәл қалдыңдар»

немесе

«Аяғының астында жүрсіңдер ме

Бату ханға бата алмаған Невскийдің?», – деген іркес-тіркес жолдар көпшіліктің езуін жидырмады. Екі ақынның Амангелді батыр туралы айтқан ой-толғаулары да «ондыққа» дәл тиіп жатты. Мәселен, Мұхтар:

«Амангелді, Әбдіғапар ерлер барда,

Елімді басынып ед қай қанішер?

Жастардың көкейіне қонса, шіркін,

Солардың көкірегіндегі бай намыс өр.

Батырларды кеттік деп көп әспеттеп,

Көбейді елдің жайын ойлағыш ер.

Батырсыз ел – азусыз ауыз сынды

Шайдың өзін шашалып, шайнап ішер», – дейді, өлеңді әзіл-қалжыңға құрып отыратын әдетімен. «Аяталғанын қаламайтындай-ақ айтыс болды» десіп жатты көрермендер. Мықтылықтарын дәлелдеген екі ақын да толық он ұпайдан иеленді.

Тағы бір жерлесіміз, жас дарын Айбар Рағат қалың қазаққа танылып үлгерген жыр жүйрігі Мейірбек Сұлтанханға кез болды. Айтысты бастаған Айбар қызылордалық қарсыласына айбар көрсетіп көрді. Амангелдідей атқан оғым нысанасын адаспай табады дегенді меңзеді арқалықтық жас айтыскер. Мейірбек «Рағат Айбарды» ұйқас етіп алып келіп: «Қолына мылтық алып атам деп тұр, қол жайып батамды алған балақайлар», – деп інісін місе тұтпай отырғанын байқатты. Оның:

«Жырласақ Имановтай марғасқаны,

Ақынның таң атқанша талмас жағы.

Батырды «большевик» деп айтып жүрген

Тарихтың ояныңдар, маубастары!

Қызылдың жалаңдаған қылышы емес,

Алаштың Амангелді алдаспаны!» – деген шумағы тыңдарманын тәнті етіп, ықыласқа бөленді.

Бұл жұптан соң шымкенттік шайыр Нұрлан Есенқұлов пен қостанайлық ақын Салтанат Өтелбаева сөз сайыстырды. Мұнда да екі ақын бір-бірінен басым түспекке барын салды. Дегенмен Нұрлан шеберлігімен басым түсіп, финалға жолдама алды… Түн батқанша жалғасқан айтыстың іріктеу кезеңінен Мұхтар Ниязов, Шұғайып Сезімхан, Батырлан Сағынтаев, Әсем Ережеқызы, Нұрлан Есенқұлов және Жұлдыз Қожабекова таңдап алынды.

Шешуші айналым келесі күні жалғасын тауып, Мұхтар мен Батырлан, Шұғайып пен Әсем, Нұрлан мен Жұлдыз жұпталды. Алғашқы жұп әсерлі айтыс жасап, қазылар ұйғарымымен тең түсті. Ал Шұғайып айтыс барысында Әсемге жол беруге әзір екенін ымдады, мұнысын төрешілер де мақұлдай қойды. Ал қыз бен жігіт айтысының керемет үлгісін жасаған Нұрлан мен Жұлдыз аламанның лайықты бір түйінін жасап бергендей болды. Өзін Кейкі мергеннің руласымын деп таныстырған Нұрлан:  «Мергеннің ұрпағына қайта-қайта сұлулар кезікті ғой сылқым маған», – деп әзілдеп бастап алып:

«Мамайдың бассейні былай тұрсын,

Жыланшықтың суына малайын ба?

Жоқ, әлде Қабырғаға бір түсіріп,

Қабырғаңды біртіндеп санайын ба?», – деп жұртты қыран-топан күлкіге қарық қылды. Толықшалау келген Жұлдыз да іркілместен: «Сен түгілі қабырғамды мен көрмеймін, әуре болма, бәрібір таба алмайсың», – деп бір-ақ қойды. «Табылғанша іздесек не етер едің?» – деген Нұрлан одан сайын көрерменнің ішек-сілесін қатырды. Қос ақын тақырыпты да қатырып жырлады, қоғамның өзекті мәселелерін толғады, ұлттың тарихына терең кетті, бүгіні мен болашағын шендестіре өлеңдетті. Сәл ғана ұпай басымдығымен Нұрлан жеңіске ие болды.

Сонымен, газетімізде бұған дейін де жазғанымыздай, айтыстың бас жүлдесін шымкенттік Нұрлан Есенқұлов иеленіп, темір тұлпар тақымдады. 1-орын Батырлан Сағынтаевқа бұйырып, 2 млн теңгемен қанжығасын майлады. 2-орынды Мұхтар Ниязов пен Әсем Ережеқызы бөлісті. 3-орынға Шұғайып Сезімхан мен Жұлдыз Қожабекова ие болды. Қалған ақындарға да аламанға қатысып, жақсы өнер көрсеткендері үшін 300 мың теңгеден берілді.

 

Серікбай ОСПАНОВ, ақын, жазушы, ғалым, қазылар алқасының мүшесі:

– Айтыс жақсы өтті. Әсіресе, соңғы айналымдағы үш жұптың айтысы өте тартымды болды. Бірақ, меніңше, ақындар Амангелдінің, ауданның өмірінен гөрі бір-бірінің өмірін көбірек зерттеген сияқты. Өйткені бір-бірінің кемшіліктерін әдемі айтты, одан гөрі Амангелдіні тереңірек толғаулары керек еді. Сол жерде туған тұлғалар, мәселен, Ақан Нұрманов айтылмай қалды, ғалымдардың бірде-бірінің есімі аталған жоқ. Жалпы, айтыс жаман болған жоқ. Маған ең ұнаған ақынның бірі – Ырғыздан келген Жұлдыз есімді ақын қыз. Әдемі айтысты, әзілі керемет. Бас жүлде алған ақын да лайықты азамат. Өзім бас бәйгеге үміткерлердің бірі ретінде Батырланды да ұсынып едім. Бірақ өзара ақылдаса келе, шымкенттік жігітке жеңіс беруге шешім қабылдадық. Жалпы, Мұхтар, Шұғайып секілді мықты айтыскерлер аз болған жоқ. Болашағынан үміт күттірер ақындар көп.

Меніңше, айтыстың көп өткенінен гөрі, анда-санда, сағындырып болып тұрғаны дұрыс шығар. Бұлар ай құрғатпай бірнеше айтысқа қатысады. Бірнеше өлең нұсқаларын даярлап алады, сөйтіп, қысылған жерде өзінің жаттағанын, бұрын қолданған жолдарын қосып жіберіп жатады. Оны сырт көз байқамай қалады кейде. Оған қоса, әуендер де өзгеруі керек сияқты. Әркімнің жеке мақамы болуы қажет деп ойлаймын. Әйтпесе, бірінікін бірінің қайталай беруі кейде адамды мезі қылып жібереді. Жастар осы жөнінен ізденсе деген тілегім бар.

Сосын, бір қоса кеткім келетіні, ер тоқым, ер, ерлік, ер адам дегеннің бәрі бір ұғым. Ерлікті жасайтын – адам, жасататын, оны қолдайтын – Алла Тағала. Амангелді ерлік жасаса, оны Алла жарылқады, одан кейін ел қолдады. Батырлықты жырға қосарда осы бір дүниені де қаперде ұстағанымыз жөн болар еді.

Жалпы, айтыс көңілімнен шықты. Елдің басқа өңірлерінде өтіп жатқан аламандардан еш кемдігі жоқ. Тойдың ұйымдастырылу деңгейі де өте жақсы.

 

Әсия БЕРКЕНОВА, Халық ақыны, қазылар алқасының төрағасы:

-Айтыс Амангелді батырдың өзі туған топырақта, ерлігінің ізі қалған өлкеде, ұрпақтары тұрып жатқан мекенде өтті. Айтыс әлемінде өзіндік орны бар ақындар келіп қатысты. Жалпы, бұрыннан-ақ осындай айтулы мерейтойларға арналып айтыс өткізілгенде үш жүздің өкілдерінің барлығы қатысқанын қалайтынбыз. Айтысқа шақырып алу немесе қазылыққа қосу дегендей дәстүр бар еді. Сол үрдіс қайта жанданып келе жатқандай. Қазылар алқасында да айтысты, өз өнерін бағалай білетін елге белгілі тұлғалар болды. Танымал ақындар келгеннен кейін біздің айтыскерлер де, олар секілді жұлқына шауып, асып кетпесе де, өз деңгейлерінде жақсы айтысты деуге болады. Бас бәйгені көптен бағы жанбай жүрген Нұрлан Есенқұловқа бердік. Бір жағынан, өнерге лайықты бағасын берсек, екіншіден, басқа өңірден келген қонақтарға жол білетінімізді, қонақжайлығымызды көрсеттік деп ойлаймын. Айтыс деңгейі жақсы болды, тарихи тың деректер де, өкініштер де айтылды, Тобыл-Торғай топырағынан шыққан талай тұлғалар да еске алынды. Айтыс та, қазылар алқасының шешімі де халықтың көңілінен шықты деп айта аламыз. «Батырлан алуы керек еді» деген пікірлер айтылыпты. Әрине, ол да өте жақсы айтысты. Оның осындай деңгейдегі айтыста 1-орын иеленуі де осал көрсеткіш емес.  Алдағы айтыстарда да бұл ақындар осы биіктерінен түспейтініне сенімдімін. Жалпы, Амангелдідегі айтыс еш жердегіден кем түспейтін ақындар аламаны болды деп айта аламын.

Жаңалықтармен бөлісу